Денсаулық сақтауҚұрылыс

Перзентханадағы жөндеу

Өңірдің бас перзентханасы күзге таман көз қуантарлық кейіпке енбек. Қазір облыстық перинаталдық орталықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, мекеменің қос корпусы қапталуда. Мұның нәтижесінде нысандар әдемі әрі жылы болмақ.

Саят Ермек – тілші:

– Біз қазір ондаған нәресте күнделікті дүние есігін ашатын облыстық перинаталдық орталықтың маңындамыз. Бұл ғимарат осыдан шамамен 30 жыл бұрын салынған. Содан бері бір де бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Сәйкесінше, қазіргі сиқы әсте көңіл көншітпейді. Тіпті, қабырғаның өзінде үлкен жарықтар пайда бола бастаған. Алайда бұл орталықтың кейпі биыл адам танымастай өзгермек. Жөндеуге біршама қаражат бөлінген.

Екі корустың сырты қапталады – “А” және “Б”. Бөлінген сома – 113 млн теңгеден сәл асады. Ақшаны облыс қазынасы беріп отыр. Бұл жөндеуді “перинаталка” әкімшілігі ұзақ күттік дейді. Сөздерінше, жөнді жылытылмаған, жарылған манағы қабырғалардан жел үрлеп, қыстың ызғарлы күндерінде іште қоңыр салқын тұрады. Ал перзентхана үшін қалыпты температура аса маңызды.

Николай Мартыненко – облыстық көпбейінді аурухана әкімшілік-шаруашылық бөлімінің директоры:

– Бұл екі көрпуста әкімшіліктен бөлек шала туылған нәрестелер мен патология бөлімшелері орналасқан әрі әйелдер консультациясы жүргізіледі. Қабылдау кезінде пациенттер шешінеді. Сондықтан, нысан суық болмауы керек. Алайда, төмен температура жылда қызметкерлерді де, келушілерді де әбігерге салады. Сыртқы кейпіне қарап та ғимаратты перзентхана деп айтпайсың.

Түсі сұр, қасбеттің кей жерлері опырылып, балшығы көрініп тұр. Енді мұның бәрі артта. Құрылысшылар іске шамамен бір ай бұрын кірісіп кеткен. Айта кетейік, жөндеу тек ғимараттың сыртында жүргізіледі. Кіреберіс те жаңартылады, өздігінен ашылып жабылатын есіктер қойылмақ.

Саят Ермек – тілші:

– Біздің қолымызға орталықтың болашақ бет-бейнесінің эскизі түсті. Көріп тұрғандарыңыздай ғимарат қызғылт сары, ақ, сары және коралл түсті металл полимермен қапталмақ. Ал оның астын құрылысшылар қазір жылу оқшаулағыш материалдармен қаптап жатыр. Яғни, ғимарат тек әдемі ғана емес, жылы болады. “А” корпусын құрылысшылар тамыз айының 4-іне дейін бітіреміз деп отыр, ал “Б” корпусы қыркүйек айының 4-іне дейін тәмамдалмақ.

Шаруаны солтүстікқазақстандық компания атқаруда. Кестеден сәл қалып келе жатқанын мамандар жасырмады. Қанша дегенмен, үлгереміз деп сендіріп отыр. Одан қалды, облыс әкімінің тапсырмасына сай, материалдардың 90 пайызы – отандық. Сәйкесінше, оларды жеткізуде кідірістер болмауы тиіс. Еске салсақ, осыдан бірер жыл бұрын “В”, яғни акушерлік корпустың сырты қалыпқа келтірілген еді. Ал күзге таман перзентхана ғимараты біркелкі бүтін бір композицияға айналмақ.

Саят Ермек