Бизнес және экономика

Кәсібін дөңгелеткен ағаш ұстасы

2019 жылы Ғ.Мүсірепов ауданының 200-ден аса тұрғыны кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Олардың 196-сы қаржылай грантқа ие болды. Бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау Рустам Әзизовке де көрсетілді. Ағаш ұстасы жарты млн теңгеге екі бірдей станок алып, жұмыс жүктемесін азайтқан. Ісін сәтті дөңгелетіп отырған шебермен біздің түсірілім тобы танысып қайтты.

Қиын, ұзақ, бірақ әдемі процесс. Рустам Әзизовтың алғашқы махаббаты – қыз емес, мына тегіс, өңделген тақтай. Далада өсіп тұрған ағаштың көрікті бұйымға айналуына ол 9-шы сыныпта ғашық болыпты. Алдымен азамат әкесінің көмекшісі ретінде еңбектенген. Қызығушылығы артқан сайын, өмірін де осы шеберханамен байланыстыруды ұйғарыпты.

Рустам Әзизов – кәсіпкер, ағаш ұстасы:

–  Көкшетау қаласындағы ағаш ұсталарына арналған лицейде оқыдым. Кейін үйге оралып, әкеміз екеуміз жұмысымызды жалғастырдық. Бұрындары қарапайым үстел мен орындықтар жасасақ, қазір барлығын ерекше орнаменттермен безендіреміз. Негізгі материал – қарағай. Өнімдердің денін осы ағаштан әзірлейміз. Ал, астау істеуге қайыңды қолданамыз.

Шеберлік артқан сайын жұмыс көлемі де көбейген. Қазір Ғ.Мүсірепов ауданының жер-жерінен тапсырыс түсіп жатыр. Мамыр-маусым айларында сұраныс – беседкаларға әсіресе көп екен. Жиынтық құрамына жаппа, үстел мен 3 ұзын орындық кіреді. Әзірлеуге 3-4 апта уақыт қажет. Бірақ, шаруа аса қиын емес дейді Рустам Әзизов.

Рустам Әзизов – кәсіпкер, ағаш ұстасы:

– Маған барлығынан бұрын ағашты көркемдеп ою өте ұнайды. Шеберханамда музыканы қосып, өзіммен өзім жұмыс істей беремін. Маған ерекше шабытты жанұям сыйлайды. Қазір ұлыма бесік әзірлеп жатырмын. Ұлттық ою-өрнектерді қашаймын. Шаруа ұқыптылықты талап етеді. Артық жоңып тастасаң, қалыпқа келтіре алмайсың.

Мұндай қателіктерді шебер жібермейді. Себебі, әр дүниесін ерекше сүйіспеншілікпен әзірлейді. Әзизовтер жанұясының үйі де ағаш сарайы іспеттес. Әрбір есігі, қабырғасы, жиһазы мен интерьер бөлшектері – жасыл желектен жасалған. Алдағы уақытта ұсталардың қолынан шыққан бұйымдардың қатарын – ас үй ыдыстары да толықтырмақ. Қазір де олар – қолданыста. Бірақ, отағасы кесе мен табақтарды әлі де жетілдіремін дейді.

Әділет Әзизов – кәсіпкер, ағаш ұстасы:

– Күнделікті ізденістеміз. Бір орында тоқтап қалмай, жаңа бұйымдарды әзірлегіміз келеді. Бұрын ұлымды үйретіп едім, қазір өзім баламнан үйренетін болдым. Интернетті де ақтарып, қызықты идеялар қараймыз. Бүгінде ағаш ыдыстарын жасауға ден қойдым. Алдағы уақытта ас үйге арналған толық жиынтықтар жасаймыз.

Бизнесті дамыту үшін қажетті станоктар ағаш ұсталарында бар. Былтыр Рустам Әзизов «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы білім алып, грант иеленіпті. Жалпы, Ғ.Мүсірепов ауданында 2019 жылы жеке істі ашу, дөңгелету бойынша 200-ден аса тұрғын мемлекеттік бағдарламаға қатысқан. 196-сы қаржылай қолдауға қол жеткізген.

Эльмира Садвокасова