Құрылыс

Биыл Петропавлда жаңа 6 саябақ пайда болады

Бос тұрған орындар жай қалмайды. Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Күзге дейін шаһарда 6 бірдей су жаңа саябақ қолданысқа тапсырылады. Болашақ демалыс орындарының бірінде біздің түсірілім тобы болып, жұмыс барысымен танысып қайтты.

Бұл – Жәлел Қизатов пен Хименко көшелерінің қиылысы. Бұрындары қалың шөп өсіп тұрған жер қазір қоршалып, ішінде қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы уақытта мұнда “Альп сырғанағы бар алаң” атты саябақ пайда болмақ. Атауы да ерекше, өзі де өзгелеріне ұқсамайды. Мың шаршы метр аумақты қамтитын алаңның ортасында альпинарий орналаспақ. Ал жан-жағына жас көшеттер егіледі. Іске жергілікті “SHATYR GROUP KZ” серіктестігі жауапты. Мердігердің сөзінше жоспарланған жұмыс аяқталуға жақын.

Қуаныш Бралин – “SHATYR GROUP KZ” ЖШС өкілі:

– Шаруаға маусым айының басында кірісіп кеттік. Енді монтаждау және кабель тарту ғана қалды. Әлі көгалдандыру бойынша жұмыс жүргіземіз. Көшет отырғызамыз, оның ішінде, әсіресе, шыршаға басымдық беретін боламыз. Бүкіл жоспардың 60 пайызы тындырылды. Саябақты шілденің 20-сында қолданысқа тапсыруды көздеп отырмыз.

Айта кетейік, саябақ 19-шы және 20-шы ықшам аудандарының ортасында орналасқан. Тұрғындардың сөзінше, бос тұрған аумақты осылай пайдаға жарату табылған ақыл, әрі отырып демалуға жақсы, әрі қалаға көрік береді.

– Мен осы маңда тұрамын. Кейін осы саябаққа немерелеріммен келетін боламыз.

– Қаламызда осындай абаттандыру жұмыстары жүріп жатқаны қуантарлық дүние. Кешкісін осында демалуға келетін боламыз.

Жалпы, бүгінде қалада 6 саябақ салынып жатыр. Демалыс орындары заманауи түрде, ерекше дизайнмен жасалмақ.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Саябақтарда тұрғындардың дем алу үшін барлық жағдай жасалады. Демалыс орындары Потанин көшесі, қазақ театрының маңында және вокзалдық жанында салынады.

Айта кетейік, салынып жатқан 6 саябақтың бәрі жаздың соңына дейін қолданысқа тапсырылады.

Дана Ешкенова