Мердігерлер жұмысқа жергілікті тұрғындарды алып, құрылысқа отандық материалдарды пайдаланулары тиіс. Петропавлдағы қос мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім ошақтарында терезе, жылыту жүйесі мен электр желілері ауыстырылуда. Жасалып жатқан істің сапасы қалай? Мұны білмекке “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі мен бірінші жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының өкілдері аталған нысандарға барып, мониторинг жүргізді.
23-ші орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып кеткен екен. Мұнда ұзақ жылдар бойы жылыту жүйесі мен терезелер жөнделмепті. Батарейлер ескіріп, шіри бастаған. Оқушылар қыста тоңбас үшін білім ошағындағы 90-нан аса жаңа терезе орнатылыпты. Жобаның құны 25 млн теңгені құрайды.
Нұржамал Қожина – №23-орта мектебінің директоры:
– Мектеп 1979 жылы құрылған. Содан бері осы мектепте бірнеше күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2015 жылы шатырды ауыстырғанбыз. 2018 жылы 3-ші қабаттың терезелерін ауыстырдық.
Сондай-ақ, білім ошағындағы жылыту жүйесі де толықтай ауыстырылып жатыр. Шаруаны қызылордалық мердігер атқаруда. Айтуларынша құрылысқа қажетті материалдардың барлығы жергілікті. Мектеп директорының айтуынша іс тамыз айына дейін аяқталып қалады. Бүгін осы жұмыстарға ашық бюджеттердің интерактивті картасы аясында «Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен облыстық бірінші жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың өкілдері мониторинг жүргізді.
Мониторингілік топ болған келесі нысан – «әл-Фараби» атындағы мектеп-лицейі. Мұнда да биыл ауықымды жөндеу жұмыстары атқарылуда. Биыл білім ұясында электр желісі толық жаңартылады екен. Сонымен қатар, жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылуда. Және тозығы жеткен 50-ге жуық трезе ауыстырылып жатыр.
Тексеріс кезінде атқарылып жатқан шаруалардан ешқандай кемшілік табылмады. Ең бастысы, іс сапалы жасалуда. Мониторингілік топ өкілдері жұмыс аяқталып, тапсырылған кезде тағы тексеруге келеміз дейді.
Амангелді Сатанов – «Qyzyljar – adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі:
– Біз бүгін құрылыстардың құжатымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстың кестесін көрдік. Байқағанымыздай, істің барлығы жоспарға сай атқарылып жатыр. Мердігер компаниялар жұмысқа жергілікті тұрғындарды алып, қазақстандық материалдарды қолданулары қажет. Аталған талаптардың барлығы орындалған.
Жалпы, ашық бюджеттердің интерактивті картасына өңірдің кез келген тұрғыны кіре алады. Және жерлестеріміздің осы портал арқылы облысымызда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын бағамдауларына мүмкіндіктері бар.
Бердимурат Баймухан