МТРА жаңалықтары

ҰҰ Әскери институтын биыл 219 офицер тәмамдады

Петропавлдағы Ұлттық ұланның Әскери институты 20-шы рет  түлектерін ұшырды. 4 жыл бұрын антына адал болуға серт еткен 219 сарбазға лейтенант шені тағайындалып, қолдарына дипломдары табыс етілді. Әскери жоғарғы оқу орнын тәмамдаған офицерлердің 20-ға жуығы – көрші елдерден келіп оқығандар.

Міне, 4 жыл күткен сәт те келіп жетті. Енді курсанттық өмір де, казармадағы күндер мен институт қабырғасында өткен кездердің барлығы артта қалды. Жігіттерді алда үлкен болашақ күтіп тұр.

Альберт Маткаримов – ҚР ҰҰ Бас қолбасшысының орынбасары:

– Курсанттар маусымның 2-сі мен 18-і аралығында мемлекеттік емтихан тапсырған болатын. Барлығы сынақтардан ойдағыдай өтті. Енді бұл жігіттерге бүгін лейтенант шені табысталмақ.

Беттерінде – маска, араларында белгілі бір алшақтық сақталған. Түлектерді марапаттау сәті былтырғыдан өзгешерек өтіп жатыр. Алайда, бұл сайдың тасындай болып қаз-қатар сап түзеген жігіттердің көңілін құбылтпапты. Көздеріндегі жалын оты 4 жыл бұрынғыдай жанып тұр.
Айта кетейік, түлектер карантин уақытында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Олар полицейлермен бірігіп қаланы кезді, бұзақыларды ұстап, ережелерді елемегендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қобалжулы әрі мәңгі есте қалатын сәт. Көп ұзамай салтанатты шара басталып кетті. Курсанттарға қос жұлдызды шен мен диплом табыс етілді. Жас лейтенант атанғандардың арасында Айдос Қайырбай да бар. 24 жастағы жігіт – Жамбыл облысының тумасы. Әскери адам болып, елге қызмет етуді ол бала кезінен армандапты.

Айдос Қайырбай – ҚР ҰҰ Әскери институтының түлегі:

– Әскери институтта оқып жүріп, көптеген іс-шараларға қатыстым. Атап өтетін болсам дзюдо, қоян-қолтық жарыстарда жақсы нәтиже көрсеттім.

Ұлттық ұлан әскери институтын биыл 219 курсант тәмамдап отыр. Олардың 10-ы – тәжік елінен келсе, 9-ы – Қырғызстан азаматы.

Тимур Лугма – ҚР ҰҰ Әскери институтының түлегі:

– Мен Бішкек қаласынан келдім. Курсанттық жылдарым дәл осы шаһарда өткеніне мақтан етемін. Институт қабырғасында адал достықтың не екенін түсіндім. Үйімнен алыста жүргендіктен отбасымды бұрынғыдан да қатты қадірлейтін болдым. Темірдей тәртіпке үйреткен ұстаздарыма алғысым шексіз.

Биылғы салтанатты іс-шараға түлектердің ата-аналары қазіргі ахуалға байланысты келе алмады. Десе де, олар ұлдарын бүгінгі маңызды күнмен бейнебайланыс арқылы құттықтады.

Лейтенанттарға облыс әкімінің атынан орынбасары Ғани Нығыметов те құттықтау сөздерін жолдады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біріншіден, ата-аналарын құттықтағым келеді. Балаларыңыз сенімдеріңізді ақтап, оқуларын жақсы тәмамдап, үлкен өмір жолына аттанбақ.

Бұдан кейін сарбаздар аспанға 20 саны бейнеленген шарларды ұшырды. Бұл – 20-шы түлектер легінің белгісі.

Қолына диплом алған мамандар сол күні-ақ еліміздің түкпір-түкпіріне қызметке жіберілді.

Маржан Касымбек