МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдік бүгін 5 айды қорытындылады

Облыстық әкімдік бүгін 5 айды қорытындылады. Құмар Ақсақалов экономиканың барлық секторында өсім бар деп түйіндеді. Тек жалпы сандардың жақсы екеніне қарамастан бүтін бір өңірді артқа тартып тұрған аудандар бар. Аймақ басшысы оларға жағдайды жедел түзетуді тапсырды.

Саят Ермек – тілші:

– Тәжді вирусқа қатысты ахуалдың күрт ушығуы дәстүрлі әкімдік отырыстарын қайта онлайн форматқа көшірді. Өңірдің өзекті деген мәселелері енді тағы да желіде талқыланатын болады. Тіпті, журналистерге жергілікті атқарушы билік ғимаратының есігі жабық. Бәрі – қауіпсіздік үшін.

Залда тек аймақ басшысы, бірнеше орынбасары, баяндамашылар мен жалғыз оператор. Өзгелері – онлайн байланыста. Тақырып бәрімізге жақсы таныс. Әлеуметтік-экономикалық даму. 5 айдың қорытындысы бойынша.

Қазір республикада көшбасшылардың біріміз. Өткен аптадағы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің өзі облыстың қарқынына оң бағасын берді. Жыл соңына дейін СҚО 600 мың тоннаға тарта сүт өндіруді межелеп отыр. Бұл – қол жетпейтін нәтиже емес дейді әкім. Жаңадан салынған 7 сүт-тауарлық ферма бүгінде жемісін беруде. Қаңтар мен мамыр аралығында ақ өндірісі 5 жарым процентке артқан. Мал саны да көбейіп жатыр. Жоспар бойынша биыл өлкеге 5 мың бас әкелінуі тиіс. Тек екі ауданнан басқасының бәрі бұл жоспарды әзірге орындап жатыр. Аутсайдерлер – Айыртау мен Ақжар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыртау ауданына бүгінге дейін тек 66 бас ірі қара әкелінген. Ал жоспар – 870. Ақжарға 700 бас жеткізілуі керек, бірақ бүгінге дейін бірде-бір мал келмеген.

Қос ауданның басшылары проблема бізде емес дейді. Мал таңдалып, ақшасы төленіп қойған. Тек елге жеткзу мүмкін болмай отыр. Шетелдер шекараларын жауып тастаған.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

– Ирландиядан әкелінуі тиіс ірі қара 4 ай болды карантинде тұр. Шығаруға тыйым салынған. Мәселе – Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей бақылауында. Қазір жауапты комитет хат жазып жатыр. Проблема туындамауы тиіс.

Ал ірі зауыттарымыздың тапсырыстар портфелі 2,5 есеге артқан. Бүгінде шығынға батып, тоқтап тұрған кәсіпорын жоқ. Тіпті, ЗИКСТО-ның өзі ҚТЖ үшін 2 мың вагон жасауға дайындалып жатыр. Ал 86 млрд теңге жол салу, су тарту, әлеуметтік нысандарды тұрғызу мен жөндеуге бөлінген биылғы сома былтырғыдан 2 есеге көп. Қазір облыс – үлкен бір құрылыс алаңы. Алайда, кей атқамінерлер сол құрылыстың мұндай қарқынына шыдас бере алмай жатыр. Көш соңында тағы да Айыртау мен Ақжар, тек бұл жолы тізімге Аққайың ауданы қосылды. Олар кестеден қалып келеді. Неге?

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Шындығына келгенде, бұл 3 ауданда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Мәселе – есеп беру тәртібінде. Шаруаны атқарып жатқан шағын және орта бизнес өкілдері есепті әр 3 ай сайын береді. Сондықтан, көлем статистикалық мәліметтерге кірмей қалған.

Алайда, Құмар Ақсақалов атқамінерлерге жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жағдайды түзетуді тапсырды. Сөзінше, ол өзінің міндетін орындады – миллиардтап ақша бөлді, аудандардың барлық өтініштерін қанағаттандырды. Енді жауапкершілік жер-жердегі басшылардың мойнында. Бірақ, олардың кейбірі сенімді әзірге ақтай алмауда.

Саят Ермек – тілші:

– Қаңтар мен мамыр аралығында Аққайың, Шал ақын, Қызылжар аудандары – 1, ал Мамлют, Уәлиханов пен Ақжар аудандары 2 сала бойынша көрсеткіштерді түсіріп алған. Ал Айыртау, тіпті, қызыл зонада. Мұнда тек 2 бағыт бойынша оң динамика байқалады. Егер аудан жетекшілері 6 айдың қорытындысы бойынша жағдайды түзетпесе, аймақ басшысынан сөгіс алуы мүмкін. Әр әкім жіберген олқылығы үшін жеке жауап беретін болады деді Құмар Ақсақалов. Жұмысын нашар атқарғандардың креслодан айырылуы да ғажап емес.

Саят Ермек