МТРА жаңалықтары

Гиппократ антына адал жандардың төл мерекесі

Гиппократ антына адал жандардың төл мерекесі. Маусымның 21-і елімізде Медициналық қызметкерлер күні аталып өтіледі. Бүгінде барлық ақ халаттыларымыз үшін сындарлы кезең. Өздерінің өмірлерін қатерге тігіп, сіз бен біздің амандығымыз үшін олар коронавируспен күресте алғы шепте жүр.

Әуезді ән, бит пен рэп. Аңсар Тлемусовтың әлеуметтік желідегі парақшасы осындай туындыларға толы. Музыканың жерлесіміздің өмірінде алар орны ерекше. Студенттік шағында ол диджей болыпты. Кейін қызығушылығы күнделікті хоббиге айналған.

Жоқ, біздің сюжет – жас музыкант жайлы емес, дәрігер туралы. Иә, Аңсар Тлемусов – ақ халатты абзал жан. Медицина саласына ол осыдан 8 жыл бұрын жүрегінің қалауымен келген. Маңызды таңдау жасағаны үшін еш өкінбепті. Университеттегі атмосфера, күнделікті лекциялар мен практикалық сабақтар азаматты одан әрі қанаттандырған. Ерекше шабытты дәрігерлер туралы фильмдер мен сериалдар сыйлаған екен. Бірақ, көркем туынды мен өмірдің арасында үлкен алшақтық жатыр дейді жас хирург. Дегенмен қайда болмасын мамандардың басты миссиясы біреу ғана – адам өмірін құтқару.

Аңсар Тлемусов – Қызылжар аудандық орталық ауруханасының дәрігер-хирургы:

– Мен операция жасауға кіргенде мазалайтын сұрақтар, мәселелер, ішкі уайым дегеннің барлығын сыртта қалдырамын. Ота кезінде тек науқастың өміріне қауіп төндірмей, оны аман алып қалудың жолын ойлаймын. Сентименталдылыққа жұмыс барысында жол жоқ. Көңілдің босауына тек науқастар ғана әсер етеді. Бірнеше күн бұрын операция үстелінде болған адамның саған алғыс жаудыруы – нағыз бақыт.

Жұмыстың қиындығы мұндай сәтте ұмытылады. Әрі өз ісіңе деген махаббат пен адалдық тынбай еңбектенуге күш береді дейді Ділмұрат Шавдунов. Азамат жедел жәрдем орталығында кардиолог болып қызмет етеді. Қан қысымым көтерілді, кеудемде бір ауыруды сеземін деп қоңырау шалған жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Күн болсын, түн болсын, жаны қысылған адамға жәрдемдесуге ол дайын.

Дилмурат Шавдунов – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы көшпелі бригадасының дәрігері:

– Бізде түскі ас деген ұғым жоқ. Тамақты жылытып енді отыра бергенде жедел шақырту болып қалады. Амал жоқ. Қарнымыздың ашқанын ұмытып, қиналған жерлестерімізге жәрдем көрсету үшін тұра жөнелеміз. Көріп тұрғандарыңыздай қазір түскі ас уақыты. Асханада ешкім жоқ.

Бұл жолы да кардиологқа түскі ас ішудің реті болмай қалды. 2 минуттың ішінде жиналып, ол жерлесімізге көмек көрсету үшін жолға шықты. Біз де мамандармен бірге көлікке отырдық. Діттеген жерге жеткенше дейін дәрігердің қызметі жайлы кішігірім сұхбат алуға тырыстық. Медицина саласындағы 13 жылдық еңбек азаматтың өмірге көзқарасын түбегейлі өзгерткен. Адам өлімін де көрді, өлімнен арашалап алған жанның қуанғандағы көз жасына да ол талай рет куә болды. «Жұмысым әрбір сәтті, қасымдағы әр адамды бағалауды үйретті» дейді дәрігер.

Дилмурат Шавдунов – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы көшпелі бригадасының дәрігері:

– Көптеген созылмалы ауруы бар адам жедел жәрдем жеткенше қайтыс болып кетті. Ол кезде жас болатынмын. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген мен үшін, әрине, ауыр соққы болды. Уақыт өте келе көндіге бастайсың. Бірақ, бұл әрдайым стресс. Уайымдайсың.

Ауыр дертке шалдыққандарға қамқорлық көрсетіп, қайта екі аяғына тұрғызу. Бибігүл Қабаева – невропатолог. Нәзікжанды жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Сөзімізге мына видео дәлел. Владимир Герасимчук инсульт алған. Алғашқы реабилитацияға наурыз айында келіпті. Сонда төсек тартып жатқан ер азамат алғаш рет екі аяғына тұрған. Қазір ем-дом шаралары екінші мәрте тағайындалыпты. Айтарлықтай оңалу байқалады. Науқас енді серуенге шығуға дайындалуда.

Бибігүл Қабаева – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының дәрігер-невропатологы:

– Мен неврологиялық дертке шалдыққан науқастармен жұмыс істеймін. Инсульт, склероз, эпилепсия мен остеохондроз сынды аурулардан кейін қалыпты өмірге оралуға көмектесеміз. Әр науқасты аяққа тұрғызу үшін жекелеген бағдарлама жасалады. Оларға барынша көңіл бөлуге тырысамыз.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бүгінгі кейіпкерлеріміз – кардиолог, хирург пен неврапотолог. Бір сюжетпен кадр сыртында қалған өзге ақ халаттыларымыздың еңбегін көрсету мүмкін емес. Қазір әрбір медицина қызметкері үшін қиын әрі күрделі кезең. Дәрігерлер, мейірбикелер мен санитарлар көзге көрінбес жаумен күресуде. Бірақ, олар пандемия кезінде ғана емес, біз үшін әрдайым «бүгінгі күннің батырлары» болып қала бермек.

Эльмира Сәдуақасова