МТРА жаңалықтары

“Е-gov-тың үздік қолданушысы” байқауы өтті

“Е-gov-тың үздік қолданушысы”. Солтүстікқазақстандықтардың арасында ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі шықты. Кім 3 бірдей мемлекеттік қызметті электрондық үкімет порталы арқылы жылдам рәсімдей алады. Онлайн сайыста 40-тан аса адам бағын сынаған.

Анықтама алу, мүлікті тіркеу, жерді рәсімдеу. Қазір мұның бәрі e-gov порталында қолжетімді. Интернеттің тілін білетіндерге үйден шығудың да қажеті жоқ. Карантин енгізіліп, орталықтар жаңа жұмыс форматына көшкелі электрондық қызметтер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұған статистика дәлел.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Егер 2017 жылы біздің облыста мемлекеттік қызметтерді пайдалану үлесі небәрі 30% болса, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 85%-дан асып отыр. Қазір мемлекеттік қызметтерді тек сайттан ғана емес, “Вконтакте”, “Facebook”, “Telegram” әлеуметтік желілерінен де алуға болады. Ал “е-gov mobile” қосымшасы арқылы ең танымал деген 64 электрондық анықтама қолжетімді.

Көбі маманның көмегіне тікелей жүгінгенді ыңғайлырақ санайды. Алайда, порталды пайдалану ойлағандай күрделі емес. Мұны “е-gov-тың үздік қолданушысы” байқауының нәтижелерінен-ақ көруге болады. Конкурсқа қатысушылар сайтқа кіріп, 3 мемлекеттік қызметті жылдамдыққа рәсімдеуі тиіс болды. Кәсіпкерлер палатасының Айыртау аудандық филиалының консультанты Жаңатілек Сұлтан тапсырманы небәрі 3 минут 10 секундтың ішінде орындап шыққан. Оның еншісінде – 1-ші орын. Ал жергілікті университеттің студенті Олжас Айсин жеңімпаздан небәрі 10 секундқа қалып қойған екен.

Олжас Айсин – байқау жүлдегері:

– Тиісті тапсырманы орындау маған қиынға соққан жоқ. Себебі, төтенше жағдай кезінде мен 8-ші мектептің базасында ерікті болып еңбек еттім. Тұрғындарға электрондық сандық қолтаңбаны рәсімдеу жөнінде кеңес бердім.

Айдос Жукенов екінші деңгейлі банктердің бірінде жұмыс істейді. Клиенттерге несие рәсімдейтіндіктен, электрондық үкімет порталын жиі қолданамын дейді. Қол үйренген, сондықтан 3 құжатты Айдос 3 минут 48 секундта рәсімдеп, 3-ші орынға тұрақтаған.

Айдос Жукенов – байқау жүлдегері:

– Бұл байқау туралы порталдан қызметтер алу барысында білдім. Сайыс әр қатысушыға электрондық цифрлық қолтаңбаны, электрондық мемлекеттік қызметті, үшінші тұлға үшін анықтама алу бойынша барлық әрекеттерді көрсетуге мүмкіндік берді. Қашықтықтағы жарыстарда бұрын-соңды бақ сынап көрмеппін. Қатысқаныма өте қуаныштымын.

Сайысқа 40-тан астам жерлесіміз қатысқан. Осыдан кейін е-gov-тың ыңғайлылығы мен шапшаңдығына күмән келтіру қиын. Мәселен, бір анықтаманы орталыққа барып алу үшін азамат орта есеппен 1 сағат жұмсаса, қолдағы телефон не үйдегі компьютер арқылы бірнеше минут ішінде рәсімдеуге болады. Мамандардың сөзінше, порталды бір рет қолданып көру керек, келесі жолы бәрі әлдеқайда жеңілірек болады.