МТРА жаңалықтары

ҰБТ-ның үшінші кезеңі 24-ші маусымда бастау алады

Ұлттық бірыңғай тестілеудің 3-ші кезеңі маусымның 24-і бастау алады. Биыл сынақты облыс бойынша 1600-ден астам талапкер тапсыруға ниет білдірген. Қазір арнайы орындарда алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, карантин ережелеріне сай санитайзерлік құрал-жабдықтар қойылуда. Тағы айта кететіні, ҰБТ жүйесіне бірқатар өзгертулер де енгізілді.

Көптен күткен сәттің жетуіне санаулы күндер қалды. Әне-міне дегенше оқушылар 11 жылдық білімін сынға салады. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Екеуі бірдей озсын десең дайындығыңды алдын ала пысықта дейді Думан Ерболат.

Думан Ерболат – талапкер:

–  Мен «Парасат» мектеп-лицейінің түлегімін. Архитектор мамандығына оқуға түскім келеді. Ол үшін күніне 4-5 сағат дайындаламын. ҰБТ жақындаған сайын қобалжып жатырмын.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Қобалжитын себеп бар, әрине. Өйткені, биылғы сынақ бұрынғысынан өзгешерек болайын деп тұр. Түлектер тек жоғары бал жинауы ғана емес, аурудан қорғанулары да керек. Олар нысанға кірмес бұрын дезинфекциялық түнелге кіріп, бастан-аяқ тазаланады. Одан соң қолдарын антисептикпен жуады. Егер сынақ тапсырушы маскасын ұмытып кетсе, мұндағы мамандар оны да тауып береді.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Алайда, мұндай талаптар оқушылардың психологиясына әсер етіп, қобалжуды күшейтіп, сенімін азайтуы мүмкін. Сондықтан, биыл жаңа ережелерден бөлек, жеңілдіктер де қарастырылыпты. Яғни, ҰБТ кезінде талапкерлерге калькулятор қолдануларына рұқсат етіліп отыр. Оны өзімен бірге алып келуге болмайды. Бастысы, қолда жеке куәлік, қалам және арнайы рұқсат қағазы болуы керек.

Жеңілдіктер легі осымен аяқталған жоқ. Тестілеуде 4-ші тоқсан бағдарламасының сұрақтары кездеспейді. Әрі ең бастысы сынақ уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылды. 10 минут аз дейтіндер бар шығар. Десе де, болашағын бір сынақпен шешкелі отырған студент үшін әр секунд маңызды.

Алмас Кенжегалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Аудиторияларда дайындық жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Талапкерлер шахматтық ретте отыратын болады. Әрқайсысының арақашықтығы 2 метрден кем емес.

Сондай-ақ, бір күнде 180 адам сынақ тапсырады. Аудиторияларда 20 студент пен бақылаушыдан артық жан болмайды.

Алмас Кенжегалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– ҰБТ кезінде ата-аналар университет аумағына кіре алмайды. Осы жағдайға ата-аналардың түсіністікпен қарауларын өтінеміз.

Биыл 3300-ге жуық солтүстікқазақстандық мектеп бітірген. Оның 1600-ден астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті. Айта кетейік, сынақ маусымның 24-і мен шілденің 4-і аралығында өтпек.

Маржан Қасымбек