МТРА жаңалықтары

Биыл Мамлют ауданына 54 отбасы көшіп келеді

Қоныс аударғандарға жағдай жасалады. Қазіргі күні Мамлют ауданында жұмыс күші басым өңірлерден келетін ағайын үшін 50-ден аса үй соғылуда. Бүгіннің өзінде аудан орталығында олардың 10 шақтысы тұрғызылып қойыпты. Көшіп келген жандар жұмысқа да орналастырылады және жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алады.

Шағын, жарық, аумағы абаттандырылған және ең бастысы жылы. Мынадай ашық түсті баспаналар биыл Мамлют ауданына оңтүстіктен қоныс аударамын деген ағайынға есігін айқара ашады. Бір үйдің құны – 7 млн теңге. Құрылыс көктем келе салысымен басталған екен. Айта кеткен жөн, баспаналарды тұрғызумен жеке құрылысшы айналысады.

Аман Кембаев – жеке құрылысшы, Мамлют ауданы:

– Үйлердің жартысы газоблоктан, эксинблоктан жасалған. Қалған бөлігі – ағаштан. Шатыр 4 еңісті. Баспананың сырты қапталған. Ал маңын ағаш қадалармен қоршағанбыз. Үйлерді жаз аяқталғанша дейін сала береміз. Кейін оны әкімдік сатып алып, қоныс аударған ағайынға жалға береді.

Құрылысшылар үй маңын талаптарға сай етіп жасайды. Яғни, көктемде су баспас үшін арық салады. Ішінде де дұрыс жағдай жасалған. Электр қуаты бар, ауыз су баспананың ішіне кіріп тұр. Бәрі, осында көшіп келем деген жандар үшін. Қазіргі күні Мамлютка қаласында осындай баспаналардың 10 шақтысы тұрғызылып қойыпты. Олардың орташа көлемі шамамен 80 шаршы метрді құрайды. Үй 3 бөлмелі.

Алмагүл Рамазанова – Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:

– Бостандық ауылында 10 үй салынады. Ондағы қазақ мектебін сақтауымыз керек. Көпбалалы отбасыларды Нұр-Сұлтан қаласынан көшіріп жатырмыз.

Мамлют ауданы жұмыс күші басым аймақтардан келетін ағайын үшін қолайлы өлкеге айналуда. Биыл олар үшін осы ауданда 54 үй соғылады екен. Яғни, соншама отбасы үстіміздегі жылы құтты қонысын тойлай алады. Сонымен қатар, келгендер жұмысқа орналастырылады және “Бастау Бизнес” жобасы аясында кәсіптік біліктіліктерін арттыруға мүмкіндіктері бар.

Бердимурат Баймухан