Мәдениет

Қуыршақ театрының 30-шы маусымы аяқталды

Облыстық қуыршақ театры мерейтойлық 30-шы маусымын аяқтады. Өнер ордасының қорытынды спектаклі жексенбі күні сағат 14:00-де Муниципалды телеарна эфирінен көрсетіледі.

Бұл маусым тарихта қалады. Себебі, өнерпаздар карантинге байланысты қиындықтарға тап болды. Десе де, актерлер жұмысын тоқтатпады. Олар онлайн режимде балаларға ертегі оқыды, конкурстар өткізді, викториналар ұйымдастырды. Мәдениет ошағының кезекті маусымы осы айдың 14-інде ресми аяқталмақ. Бұл күні сағат 14:00-де Муниципалды телеарнаның эфирінен «Осторожно, колобки» қойылымы көрсетілмек.

Анна Пульникова – облыстық қуыршақ театрының мәдени іс-шараларын ұйымдастырушысы:

– Мерейлі маусымды осы қойылыммен аяқтаймыз. Бұл спектакль бәрімізге белгілі “Бауырсақ” ертегісі желісімен сахналанады. Тек заманауи бағытта болмақ. Бұл туынды балалардың қиялын дамытып, мейірімділікке баулиды. Қойылым кішкентай көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамыз.

Облыстық қуыршақ театрының ашылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы аралықта солтүстікқазақстандық актерлер бірталай жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда өнер ұжымының репертуарында 60-тан астам қойылым бар. Күзде жерлестеріміз үшін жаңа маусым басталады. Оның аясында еліміздің өзге өңірлерін аралап және шет мемлекеттерге барып, қойылым сахналауды жоспарлап отыр.

Мейрам Сексенбаев, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Қуыршақ театры қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін халықаралық фестивальге жол тартпақ. Украинаның Киев қаласына да шақырту алдық.

Бүгінде облыстық қуыршақ театрында 10-нан аса актер еңбек етеді.

 

 

 

Наталья Ибадулла