МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Ауылды көркейтуге үлес қосқан серіктестік

Ауылдағы жағдай – тура қаладағыдай. Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Возвышенка селосы орталықтандырылған су және газ жүйесімен қамтылды. Бұл мақсатқа жергілікті серіктестіктің басшысы Абдурахим Нукаев 200 млн теңге бағыттапты. Шалғай жатқан елді мекеннің дамуына  кәсіпорын қаржыны аямай құюда. Биыл  тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған орталық жұмысын бастаса, жақын арада саябақ  халық игілігіне тапсырылмақ.

Суы мөлдір, шөбі шүйгін, ауасы таза. Ақан-Бұрлық өзенінің жағасында жайылып жүрген абердин-ангустер үшін нағыз қолайлы жағдай осы. Асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында тура 8 жыл бұрын олардың ата-бабаларын «Возвышенка» серіктестігі Америкадан әкеліпті. Содан бері 200 ірі қараның туған жері – АҚШ-тың Канзасын, табиғаты сұлу, жемшөп қоры мол солтүстіктегі Ғ.Мүсірепов ауданы алмастырды. Төртаяқтылардың саны бүгінде 1500-ден асып жығылады. Енді мәрмәр ет бағытын дамыту үшін теңіз асудың қажеті жоқ. Жергілікті аграрий сиырларды асыл тұқымды мал басын көбейтемін деген шаруаларға өткізеді екен. Зеңгібаба төлдеріне деген сұраныс әрдайым жоғары. Күтіп-баптап, жақсылап азықтандырсаң екі жылдың ішінде жануарлар 400-500 келі салмақ жинайды.

Денис Посовец, «Возвышенка-СК» ЖШС директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Етті мал шаруашылығын бір жолға қойдық. Енді сүттісін қолға алуды көздеп отырмыз. Биыл ферманың құрылысын бастаймыз. Кәсіпорынды Березовка селосының маңында тұрғызамыз. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Нысан 600 бас ірі қараға арналады. Жобаны іске асыруға 2 млрд 200 млн теңге қажет. Осылайша, агроқұрылымдағы жұмыс орындарының санын арттырамыз. Бүгінде серіктестікте 100 адам еңбектенуде.

Тұрақты жалақы мен қолайлы жұмыс жағдайы. Екі қолға бір күрекпен Возвышенканың ғана емес, жақын маңайдағы бірнеше ауылдың тұрғындары қамтылған.

Денис Посовец, «Возвышенка-СК» ЖШС директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Мамандар тек су жаңа, заманауи техникамен жұмыс істейді. Импорттық трактор, комбайн мен дән сепкіштердің арқасында диқандар егін науқанын уақытылы аяқтады. Серіктестіктің 26 мың га жері бар. Биыл 19 мыңына алтын дән сіңірдік. Жүгері, зығыр, бұршақ пен жасымық ектік. Қалғаны парға қалдырылды.

Өсімдік пен мал шаруашылығы қарқынды дамып жатыр. Бірақ, «Возвышенка» серіктестігі өңірге аграрлы саладағы ісімен емес, ауылға жасап жатқан қамқорлығымен танымал. Абдурахим Нукаев кәсіпорынды 2001-де құрып, елді мекенді бірден өз қанатының астына алған. 20 жылға жуық уақыт ішінде атқарылған жұмысты жырлауға бір күн де, түн де жетпейді.

– Ауылымыз гүлденіп жатыр. Барлығы жергілікті серіктестіктің арқасы. Халық үшін аянбай еңбектенуде. Қалаға, аудан орталығына көшу туралы ой мүлдем жоқ.

– Үйде қазір су да, жылу да бар. Қысы-жазы су тасып жүрудің қажеті жоқ. Отын да дайындамаймыз.

Иә, жағдай – тура қаладағыдай. Кәсіпорын тұрғындарды орталықтандырылған су және газ жүйесімен қамтуға былтыр 200 млн теңге бағыттаған. Енді фляганы сүйреп, тіршілік көзін алу үшін көше кезудің қажет жоқ. Қысқа отын дайындап, көмір іздеуді де ауылдықтар ұмытуда. Лариса Башарина өзгерістерге дән риза. Алғаш рет нәзікжанды қауырт маусымды уайымсыз өткерді.

Лариса Башарина, Возвышенка селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

 – Орталықтандырылған газ жүйесіне қосады дегенде қорықтық. Өте қауіпті болар деп ойладық. Бірақ, бүгінде тек жемісін көріп отырмыз. Ұлым Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Қыста пешті өзім жағатынмын. Отын-көмір дайындау керек. Оны кіргізу керек. Қазір өміріміз рахат. Үйдегі температураны ойлап алаңдамаймыз.

Бұл ауылдың дамуына құйылып жатқана қаражаттың тек бір бөлігі ғана. Жуырда бос уақытты өткізу орталығы жұмысын бастаса, тұрғындар енді парктің ашылуын күтуде. Әзірге, мұнда тек көшеттер отырғызылған. Жоспарда – фонтан мен орындықтарды орнату бар. Осылайша, шалғай жатқан село әлеуеті жоғары елді мекенге айналмақ. Тұрғындарды алаңдататын жол мәселесі де шешіледі. Возвышенкаға кіреберістегі 12 шақырым биыл аудан бюджеті есебінен жөндеу көрмек.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова