Өңір судьялары азаматтық дау-дамайларды сот залына жеткізбей шешуге шақырады. Мамандар бітімге келу тезірек әрі ыңғайлырақ дейді. Бүгінде облыс соттарының өндірісіне түскен істердің тең жартысы алдын ала татуласумен аяқталады екен. Ал карантин шектеулері енгізілгелі бері бұл үрдіс онлайн режимде жүргізіліп жатыр.
Соттасу – ұзақ әрі қымбат шаруа. Жер дауы, бала дауы, мұра бөлісу. Осы және өзге де азаматтық келіспеушіліктерді судьялар сол сотқа жеткізбей, өзара шешуге кеңес береді. Ақыры соңында қос тарап жылы, достық қарым-қатынаста қала алады. Одан қалды, бітімгерді іздеудің қажеті де жоқ, орган медиатор маманды өзі тауып береді.
Рита Оразымбетова, Петропавл қаласының №2 сотының судьясы:
– Сотқа азамат арыз білдіргеннен кейін, іс судьялардың біріне беріледі. Процесс басталғанша дейін маман дауласушы тараптарды шақырып, оларға татуласуды ұсынады. Бітімге келу – ең ұтымды шешім. Өйткені, өзара диалог жүргізу арқылы екі жақ өздері үшін ыңғайлы келісімге келе алады, ал медиатор көмектеседі.
Тек Қазақстан бойынша сот ғимараттары қазір бос. Арыздар онлайн қабылданады, ал отырыстардың бәрі бейнебайланыс арқылы өтеді яки судья үкімді экранның арғы жағынан шығарады. Бүгінгі ахуалда бұл – ең қауіпсіз формат. Медиаторлардың кабинеттерінде де тірі жан жоқ. Өйткені, сотқа дейінгі татуласу процедураларының өзі желі арқылы жүргізілуде.
Рита Оразымбетова, Петропавл қаласының №2 сотының судьясы:
– Азаматтар мен медиатор үйде немесе жұмыста отыра тікелей байланысқа шығып, татуласудың шарттарын талқылай алады. Бұл үшін “Zoom”, “WhatsApp” сынды мобильдік қосымшалар пайдаланылады. Яғни, бітім жасасу үшін сотқа келіп, кездесудің қажеті жоқ. Уақыт та, ақша да үнемделеді.
Карантин аяқталып, жұмыс жанданғаннан кейін де сотқа дейінгі бітімгершілік үрдісі онлайн форматта жалғаспақ. Өйткені, төтенше жағдай режимі жалғасқан 2 ай ішіндегі азаматтық дау-дамайлардың тең жартысы алдын ала татуласумен тәмамдалған. Ал қаңтардан бері 1200-ге тарта іс сот залына жетпей, шешімін тапса керек. Яғни, 2017 жылы Жоғарғы сот енгізген пилоттық жоба өз жемісін беріп келеді.
Саят Ермек