1 млрд теңгеден аса қаржы. Уәлиханов ауданындағы жолдарды қалыпқа келтіруге биыл дәл осынша қаражат бағытталған. Қомақты қаржы Кішкенекөлдегі 4 көше мен бірқатар ауылды байланыстыратын жолдарды жөндеуге жұмсалмақ. Осылайша, елдімекендіктердің бас ауруына айналған мәселе біртіндеп шешіледі. Ауылдарда басталып кеткен жұмыстармен біздің түсірілім тобы танысып қайтты.
Аты бар да, заты жоқ. Уәлиханов ауданының тұрғындары бұл жұмбаққа ойланбастан «жол» деп жауап берер еді. Берді де. Түсірілім тобымыз Кішкенекөлге енді кіріп еді, азаматтар бірден өз базынасын жеткізе бастады. Көлік былай тұрсын, жаяу жүрудің өзі қиындық тудырады дейді ауылдағы ағайын. Қалаға жету, қаладан үйге қайту – машақат. Оны біз де сезіндік. Шұрық-тесік, ойық-ойық, асфальт көрмеген жолдардан кейін темір тұлпарды міндетті түрде техникалық станцияға кіргізбей болмайды.
Әскербек Нұрмағанбетов:
– Мен Кішкенекөлде туып-өстім. 22 жыл бұрын елордаға көшіп кеттім. Ата-анам мен туыстарым осында тұрады. Жылда келемін, жылда кезігетін қиындық. Жол ауылдың ішінде де, елді мекендердің арасында да жоқ. Мәселе үнемі көтеріледі. Бірақ, шешілер емес.
Жазда балаларға велосипед тебу – ермек қой. Бірақ, бар қызығын сол баяғы жолдар қашырады. Оған қарап Кішкенекөлде маунтинбайктан кәсіби шабандоздарды дайындап жатыр ма деп қаласың. Себебі, бұл жолға емес, нағыз «таулы трассаға» көбірек ұқсайды.
Бақытжан Махмет:
– Жаз бойы велосипед тебеміз. Жол тесік-тесік. Жүру қиын. 01-18 Ауылдағы жолдардың көбі осындай.
Тұрғындардың шағымы түсінікті, орынды. Жергілікті әкім де проблемамен жақсы таныс. Мәселені жоққа шығармайды, мойындайды. Ауданаралық, ауылішілік жолдар қалыпқа келтірілмегелі қай заман дейді. Бірақ, биыл жағдай біршама түзелмек. Барлық жерге асфальт төсеуге келмес. Десе де, құны 1 млрд теңгеден асатын шаруа атқарылады.
Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:
– Кішкенекөл ауылындағы жолдарды жөндеуге барлығы 100 млн бөлінді. Бұл қаражатқа 3 шақырым жол жөнделеді. 02-18/36 Аудандық жолдардың ішінен Көктерек-Тоспа-Жас Қайратқа 350 млн теңге ақша бөлініп отыр. Ол жерде де 30 шақырымдай жол қалыпқа келтіріледі.
Телжан, Мортық, Тілеусай, Қаратерек тұрғындарының бас уайымына айналған 21 шақырым да жөндеу көреді. Елді мекендер мен аудан орталығын байланыстыратын жолды қалыпқа келтіру енді басталып жатыр. Шаруаға «Титан Север» серіктестігі жауапты. Аталған учаскедегі жұмыстарға 685 млн теңге қарастырылған. Жөндеу шаралары 2020 жылмен бітіп қалмайды. Келесі жылы Кішкенекөл мен бірнеше ауылдық округтің орталықтары “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасына енеді. Жоба аясында бөлінетін қаржы жолдарды қалыпқа келтіруге бағытталмақ.
Эльмира Садвокасова