Есіл ауданында тұратын фермер былтыр Австриядан 400 бас асыл тұқымды мал әкелген болатын. Бүгінде олардың 100-ге жуығы төлдеп, алғашқы ақты беруде. Айтуынша нәтиже жаман емес. Шаруа бір сиырдан орташа есеппен күніне 16 литр сүт алып отырмын дейді. Жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған.
«Заградовское» серіктестігінің басшысы Иван Фисенко 20 жылдай ет шаруашылығымен айналысқан. Ұзақ уақыттан бері бұл кәсіптің қыр-сырын толық меңгерген ол тәжірибесін жаңа бағытта сынап көрмекші болған. Осылайша былтыр Австриядан 400 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Ойын жүзеге асыру үшін аграрлық-несие корпорациясына жүгініпті.
Иван Фисенко – «Заградовское» ЖШС басшысы, Есіл ауданы:
– Малды сатып алу үшін Аграрлық-несие корпорациясынан 452 млн теңге несие алдық. Бір басқа 1 млн теңгеден аса ақша төледік. Мемлекет әр малға шамамен 400 мың теңгеден аса субсидия береді. Яғни, 160 млн. Бұл – біз үшін үлкен жәрдем. Аталған қаржы несиені жабуға септігін тигізеді.
Малдарды баптау үшін арнайы кешен тұрғызылыпты. Мәселен, мына сиыр сауатын орын барлық заманауи технологиямен жабдықталған. Серіктестік басшысы сауын қондырғыларын Израильден әкеліпті. Барлығы автоматты түрде жасалады. Ал сиыр сауылды ма, жоқ па, ол күніне қанша литр сүт берді – оның барлығын мына компьютер санайды. Адамның үлесі азғантай ғана.
Иван Фисенко – «Заградовское» ЖШС басшысы, Есіл ауданы:
– Былтыр сыйымдылығы 200 бас болатын 2 база, сиыр сауу залы мен төлдету орнын тұрғыздық. Нысандарды өз қаражатымызға салдық. Барлығы 800 млн теңге жұмсалды.
Ту сол Австриядан 7 мың шақырымды артқа тастаған сиырлар қазір өздерін жаңа ортада емен-еркін сезінуде. «Симментал» деп аталатын мынадай сиырдың 1-уі жылына 6 мың литр сүт береді екен. Асылтұқымдылардың алғашқы легі өңірімізге желтоқсан айында жеткізілген болатын. Бүгінде олар аққайыңдар өлкесінің климатына үйреніп алған. Шаруа қожалығының механизатор-малшысы Төлебай Тұрлыбаевтің айтуынша ірі қаралардың жейтін азығы да жергілікті малдардікінен еш айырмашылығы жоқ.
Төлебай Тұрлыбаев – «Заградовское» ЖШС механизатор-малшысы:
– Бұл – міне, бұзаулаған сауын сиырлар. 100 бастай сиыр бұзаулады. Сүтін күнде беріп отырады. Қалаға апарып сатамыз. Күніне 2 рет тамақтанады. Шөп пен пішендеме береміз.
Серіктестік басшысы Иван Фисенко сүт шаруашылығымен айналысу ең дұрыс бағыт дейді. Мәселен, ет сату үшін малдардың төлдегенін күту қажет. Одан соң туылған бұзауларды жемдеп, өсіріп барып бірақ сатады. Ал сүтпен айналысу күнделікті кіріс әкеледі. Маманның айтуынша қазірдің өзінде нәтиже бар. Бүгінде ол бір сиырдан орташа есеппен күніне 16 литр сүт алып отыр. Ақты кәсіпкер Көкшетау қаласына тасымалдайды. 1 литрінің құны – 145-150 теңге.
Бердимурат Баймухан