МТРА жаңалықтарыМТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

9 Мамыр күніне арналған шығарылым

Соғыс болмасын! Бұл – ардагер Иван Трофимовичтің жалғыз тілегі. Айтуынша, ол небәрі 17 жасында майданға аттаныпты. Бастапқы кезеңде Шығыс Пруссияда жауға қарсы тұрған екен. Сонда от пен оқты, көз жұмған, жарақат алған сарбаздарды алғаш көреді. Мұның барлығын жерлесіміз қазір күрсіне еске алып отыр. Қуантатыны – жас ұрпақтың бейбіт заманда өмір сүріп жатқаны. Жақында осы ұл-қыздардан қария 20-дан аса хат алыпты. 1 парақ қағазға балалар өздерінің жүрек жарды тілектерін жазыпты.

Иван Клименко, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Маған жолданған хаттарды оқып отырып көзімнен еріксіз жас төгілді. 7 жастағы бір балақай «Ата сізге рақмет, сіздің арқаңызда мен өмір сүріп жүрмін» деп жазыпты. Басқалары «Сіздер болмағанда, біз өмірдің не екенін білмеуші едік» депті. Осындай ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады. Балалардың ыстық ықыластары, тілектері – мен үшін ең қымбат дүние.

Мереке қарсаңында ардагерге өңір басшысы Құмар Ақсақалов келді. Облыс әкімі қартты мейраммен құттықтап, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізді.

Бүгінде ардагер жалғыз тұрады. Жақында оған су жаңа үйден пәтер, ал биыл мемлекеттен 1 млн теңге сыйақы берілді. Мұндай құрметке ел қорғаған батырымыз дән риза.

Иван Клименко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Үлкен рахмет! Сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Баршаңа алғысым шексіз!

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Керісінше, кейінгі толқынның сіздерге алғысы шексіз. Сіздер от пен оқты, талай қиындықты бастан өткердіңіздер. Сондықтан жастарға батырлықтың үлгісі болып қаласыздар. Біздер үшін әр ардагердің орны бөлек.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Иван Трофимовичті Шығыс майданға, кейін Қытайға жіберіпті. Ардагер үйге тек 1951-ші жылдың тамызында оралған. Жерлесіміз елде құрылыс саласында еңбек еткен екен. Алдымен – біздің облыста, сосын Алматыда жұмыс істепті.

Иван Клименко, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Алматы жайлы көп айтуға болады. Мен бұл қалада 50 жыл тұрдым. Туған жерді сағынғандықтан 13-ші жылы Петропавлға қайта қоныс аудардым. Оңтүстік астанада ондаған нысан тұрғыздық. Біз салған ғимараттардың арасында түрлі зауыттар, қонақ үйлер мен “Медеу” спорт кешені де бар.

Айта кетейік, қазір Иван Трофимович 92 жаста.

***

Әлем тарихындағы ең сұрапыл, ең ауыр, ең қанды майданға Қазақстанның әрбір бесінші азаматы аттанды. 1 млн 200 мың жауынгеріміз кескілескен ұрыстардың барлығына қатысты. Ленинградты, Сталинградты, Мәскеуді қорғап, Балтық бойындағы республикаларды, Беларусь пен Украинаны фашистерден азат етті. Соңғы аталған мемлекетке аяқ басқан жаумен күреске Қожатай Некібаев та қатысты. Майдангер 1943 жылы әскер қатарына алынғанда 17 жасқа енді ғана толған еді. 17 жас – мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басар кез. Бірақ, сол кезеңнің қызық-қуанышына бөленер-бөленбестен ол жастық шағымен қоштасты. Қолына қару алып, бір мезетте Отанының қорғаны мен қалқанына айналды.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Украинаға келдік. Ол кезде Киевті босатыпты. Біз Житомир, Ровно, Львов пен бүкіл Батыс Украинаны немістерден тазарттық. Бұған 3-4 ай уақытымыз кетті.
Қожатай Некібаев құрамында болған 48-ші кавалериялық полктің ендігі мақсаты – фашистерді Еуропа елдерінен шегіндіру. Операцияны орындау үшін немістерден азат етілген Румыния арқылы бару керек. Бұл 1944-ші жылдың қараша-желтоқсаны еді. Әрбір елді мекен мен қала кеңес әскерін ыстық қарсы алған. Көшелерге шығып, сәлем беріп, «Гитлер капут» деп жан-жақтан айқайлап, рухтандырыпты.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Содан тартып отырып Венгрияға келдік. Бірнеше қаласын алып, өндіріс жақсы дамыған қалаға жеттік. Онда немістер жақсы бекініп алыпты. Фашистерден шаһарды тазартуға 20 күн кетті.

Одан кейін де Сталин айтпақшы «фашистің жын-шайтандарынан» біздің жауынгерлермен азат етілген қалалардың географиясы өсті. Тізімге Словакияның шаһарлары мен ауылдары қосылды. Сәуірдің 15-16-сы Қожатай Некібаев қаруластарымен Венадағы жаудың қорғанысын ойдағыдай бұзып өтті. Осылайша, Австриядағы немістер артқа шегінді. Ал бірнеше аптадан соң Рейхстагтағы фашистік свастика белгісі бар тудың құлағаны туралы хабар жетті. Оның орнына Жеңіс туы тігілді. Содан бері 75 жыл өтті. Алайда, отты жылдардың әр күні ардагердің кешедегідей – есінде. Қожатай Некібаев 1,5 жыл бойы жылы үй мен жұмсақ төсекті армандапты. Бір түнді де олар өздері азат еткен елді мекендегі баспаналарда өткізген емес. Окопта таңдарын атырып, кештерін батырған. Барлығы – болашақ үшін, Жеңіс пен Отан үшін.

***
Ардагерлер азайып бара жатыр. Өкінішті әрине, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына көбі жете алмады. Ал жеткендері құрметке бөленуде. Майдангер Николай Дёминді “Есіл су” құттықтай келді. Соғыстан аман оралған ол осы кәсіпорында талай жыл талмай еңбектенген.

Пакетте – шамалы азық-түлік, ал ақ конвертте – қаржылай көмек. Мұндай алғыс, әрине, теңіздегі тамшымен тең дейді есілсулықтар. Тек ардагерлер үшін бастысы – базарлық емес, ілтипат пен ықылас.

41-де қырғи қабақ соғыс басталғанда Николай Демин бұғанасы қатпаған 16-дағы петропавлдық бозбала еді. Фронтқа ол кезде 17 жастан қабылдайтын. Тек Отан қорғауға деген ұмтылыс бұл шектеуден күштірек болса керек.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– 17-ге толмайынша алмаймыз деді, ал мен соғысқа барғым келеді деп тұрып алдым. Ол кезде комсомол болдық. Отан қорғау үшін фронтқа асықтық.

Ол майдан шебіне ерікті ретінде аттанды. Ардагермен 1 сағаттай әңгімелестік. Иә, майдан туралы естеліктерге толы бір сағат. 90-ды алқымдаса да бәрі Николай Ивановичтің есінде: Алматы түбінде қолына алғаш қару алғаны, Беларусьті азат етуге қалай аттанғаны, барлаушы, кейін танкист болғаны, фашистпен тұңғыш бетпе-бет жүздескені.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Смотрю, передо мной поднимается здоровенный, полный немец. Я к нему подскочил, а он “Гитлер капут, Гитлер Капут!.

Қанды ұрыстар – ең мұңды естелік дейді қария. Оның сұхбатын тәржімалауға батпадық. Майданды көзбен көрген адамның эмоциясын ешбір дубляж жеткізе алмайды. Латвия даласындағы ұрыстардың бірінде ардагер алғашқы жарақатын алады. Көп атыстың бірінде дәл жанына снаряд түсіп, ұшқыны иығына қадалған. Үстінде – қанға боялған гимнастерка, ал жанында – қаза тапқан жолдастар.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Солға қарасам, снаряд сынығы қасымдағы лейтенанттың бассүйегіне қадалып, тас-талқанын шығарыпты. Мен есеңгіреп тұрып қалдым. Қанша қызметтес достарымнан айырылдым, тіпті, еске алғанда жаның қиналады. Ұрыс даласына қарасаң, жараланған, қаза тапқан жүздеген дене жатады.

Соғыс осынысымен қорқынышты. 4 жыл ішінде миллиондаған жазықсыз жауынгер жан тапсырды. Ал 45-тің көктемінде – көптен күткен жеңіс. Оны танкист Николай Иванович Балтық теңізінің жағасында қарсы алған.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Все кричат “Ура!”, лупят с автоматов, кто-то в танк соскочил и с пулемета стреляет. Радость такая была, как же мы ждали этот день! Этот день мы приближали как могли.

Сол бақытты сәтке биыл тура – 75 жыл. Тек мерейтойды ардагер ата биыл үйінде қарсы алуға мәжбүр. Себеп, айтпаса да белгілі. Соғыс альбомы, сансыз фотосуреттер, тіпті, өзі тізгіндеген танкінің макеті – шағын ғана пәтерінің бір бұрышын Николай Иванович ел басына күн туған бұл кезеңге арнаған. Ең қызығы, майдан жылдарындағы суреттердің жанында қарияның кімдер үшін ұрысқа түскенін еске салып үрім-бұтағы – немере-шөберелерінің де фотолары ілініп тұр.

***

Саят Ермек –тілші:

– КСРО-ның аспанына бұлт үйірген 41-дің жазы. Одақтың Еуропадағы бөлігінде кескілескен шайқастар жүріп жатыр. Армияны азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрімен қамту керек болды. Ал ол үшін ірі зауыт-фабрикаларды жауға бермей, сақтап қалу шарт. Сондықтан, кәсіпорындарды қауіпсіз аумақтарға жаппай көшіру басталды.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Соғыстың алғашқы уақытында Үкіметтің шешімімен Батыс аудандардан және Мәскеу мен Ленинград қалаларынан ірі кәсіпорындар Сібірге және Қазақстанға эвакуацияланды.

Тарихшылар айтады: соғыстың 4 жылында Қазақстан 300-ден астам кәсіпорынды қабылдаған. 20-сы Петропавлға көшірілді. Бәрі бейінін өзгертіп, тек майдан даласына қажетті дүниелерді шығарған. №239-шы зауыт – солардың бірі. Қазір ол бізге “ЗИКСТО” атауымен таныс.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бұл зауыт соғысқа арнап миналар, торпедалар және “Катюша” зеңбірегі снарядының корпусын дайындаған екен.

Білдектер тәуліктеп тоқтамады. Фронтқа аттанбаған еңбекке жарамды петропавлдықтардың бәрі жұмысқа тартылды. 85 пайызы – өрімдей жастар. Небәрі 15-16-дағы ұл-қыздар ересектер қатарлы тер төкті. Тойып тамақ ішпеді, жөнді ұйықтамады.

Роза Коптырева – тыл ардагері:

– Без выходных работали, потому что все для фронта надо было.

Бәрі – фронт үшін! Қилы кезеңнің ұраны осы еді. 15-інде Роза Коптырева станок алдына тұрады. Жансызданған қол-аяқ, шырылдаған қарын – бұған қарамастан токарьші қыз екі-үш ауысымға қалып, бірде белгіленген норманы 5 есеге артық орындаған. Нәзік бойжеткеннің тылдағы бұл ерлігі бүкілодақтық “Комсомольская Правда” газетіне басылады. Тек ол кезде атақ-даңқ маңызды емес, маңыздысы – майдандағы сарбаздарға қолдан келгенше көмектесу.

Роза Коптырева – тыл ардагер:

– По 12 часов, а то и сутками работали. Потому что сделать надо это все.

41-дің қарашасында Александровтан Петропавлға нөмірі 641-ші зауыт эвакуацияланады. Ол – бүгінгі Киров атындағы кәсіпорын. Армияны бұл зауыт радиобайланыс құрылғыларымен қамтамасыз етті. Иә, соғыс уақытында байланыс – бірінші қажеттілік еді. Ол сапасыз болса – күн қараң.

Эдель Хусаинов – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ музей меңгерушісі:

– 4 жыл ішінде зауытта “Пилот” радиостациясының – 41 мың, ал “Мираж” станциясының 16 мың данасы шығарылды. 1,5 мыңға тарта антенна мен 500 шақты пеленгатор әзірленді.

Саят Ермек –тілші:

– Ең қызығы 41 мен 45-ші жылдар аралығында, яғни соғыс кезеңінде шығарылған радиобайланыс құрылғыларының бір де біреуі бүгінде зауыт музейінде сақталмаған. Неге дейсіз ғой? Өйткені, ол кезде өнімдердің барлығы дерлік майдан даласына жіберіліп отырды. Сондықтан, бүгінде оларды тек ескі фотосуреттерден ғана көруге болады.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Біздің қаламызға эвакуацияланған зауыттар соғысқа арналған 20-дан астам өнім түрін шығарған екен. Соның 5-уі – жалпыодақтық. СҚО бойынша 34 мың адам осы зауыттарға жұмыс істеуге тартылған.

Иә, жауынгерлер ұрыс даласында шайқасып жатқанда бұл жандар тылда талмай еңбектене Ұлы Жеңісті жақындатты. Көптен күткен сол Жеңіс келгенде білдектер бәсеңдеді, бейнет артта қалды. Бұл сәтті тыл ардагерлері әлі күнге дейін көздері жасқа тола еске алады.

Роза Коптырева – тыл ардагері:

– Как мы радовались, прыгали – вспомнить трудно.

***

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– 314-ші атқыштар дивизиясы 41-жылдың шілде айында Петропавл қаласында құрылды. Оның штабы шаһардың Черемушки ауданы мен мектептерінде орналасты. Кейін, жігіттіктің ауылына енді аяқ басқан бозбалалар мына біз тұрған Пестрое көлінің маңында әскери дайындықтан өтіп, Ленинград қаласын қорғауға аттаныпты.

Сапқа тұрған 10 мыңнан астам жауынгердің 70 пайыздан астамы -солтүстікқазақстандықтар. Бұрын-соңды қолына қару ұстап көрмеген сарбаздар 1-ақ айдың ішінде дайындықтан өтіп, майдан даласына жөнелтіледі.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Қыркүйектің басында Свирь өзенінің бойында алғашқы ұрысқа кіріседі. Олар өте жақсы қаруланған фашистерге төтеп бере отырып, жаудың баса-көктеп кіруін тоқттатты.

41-ші жылдың күзінде майдангерлер тағы бір ерен ерлік көресетті. Солдаттар Ленинград облысының Ново-Сегеш ауданында жауға қарсы жойқын соққы жасады. 5 күнге созылған қиян-кескі ұрыстың нәтижесінде 1074 пен 1076-шы атқыштар полктерінің сарбаздары мыңнан астам фашистің көзін жояды. Сол кезде қаланы жаудан азат етуге орасан үлес қосқан жерлесіміз Әбілмәжін Бәшіровтың да ерлігін айта кетпесек болмайды. Бұл бейнежазба осыдан шамамен 20 жыл бұрын түсірілген. Ардагер қазір арамызда жоқ. Әкесі туралы естеліктерді бізге оның үлкен ұлы Жүсіп Бәшіров айтып берді.

Жүсіп Бәшіров – Әбілмәжін Бәшіровтың ұлы:

– Әбілмәжін Сәдуақасұлы – Шал ақын ауданының тумасы. 20 жасында әскерге шақыртылған. Әскерден келген соң, 3-4 ай үйде болып, соғысқа аттанады.

Әбілмәжін Бәшіров 24 жасында қатарға шақыртылған бетте бірден артиллериялық полктің құрамына кіруді сұраған. Өйткені, әскерде атқыш болған екен. Соғыста майдангер есептеумен айналысып, кейін командир атағын алады. Жерлесіміз майданда 1074-ші атқыштар полкінің минометшілер ротасында талай көзге түседі. Өз кезінде нағыз мерген болған дейді ұлы. Оның жасаған өлшемдері тура келіп, атқан снаряды ешқашан нысанадан мүлт кетпеген екен.

Жүсіп Бәшіров – Әбілмәжін Бәшіровтың ұлы:

– Оның есептеген өлшемдері әрдайым дәл келіп отырған. Сол себепті, қасындағылар алғашқы оқты атуды оған сеніп тапсырған екен.

314-атқыштар дивизиясындағы жауынгерлер Ленинградты жау құрсауынан босату үшін қасық қандары қалғанша соғысты. Қатардан қанша жан мерт болса да майдангерлер стратегиялық маңызды аумақты сақтап қалды.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– 42-ші жылдың жазы өте қиын болатын. Осы уақытта 350 км жер жүріп 314-атқыштар дивизиясы жаудың бір бүйірінен соққы беріп, нәтижесінде қоршауды бұзып шықты.

Ленинградтың блокада құрсауынан босағанына биыл 76 жыл. Жауынгерлер қаланы 900 күн бойы қорғады. Отан үшін от кешкен жерлестеріміздің біразы майдан даласында қаза тапты. Ал кейбірі із-түссіз жоғалып кетті. Ұрыс болған жерде әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізіліп, хабар-ошарсыз кеткен адамдардың есімдері аталып жатыр.

***

 –  Мы были в гостях, когда услышали выступление Молотова. Отец достал военный билет и отправился в военкомат. Вот так для нас началась война.

Бұл Ирина Сидельникованың 5 жастағы кезі мен оның ағасы. Фотоға ҰОС басталмас бұрын түсіпті. Суретті әкелері фронтқа кеткенде төс қалтасына салған екен. Әр ұрыс пен кескілескен шайқаста азаматқа дәл осы фото рух берген көрінеді. Ирина Сидельникова ол кезде небәрі 5 жаста еді. Балабақшаға барып, бос уақытын ойын ойнаумен өткізетін кішкентай қызды қан майдан бір күнде-ақ есейтті. Сол кезең бүгінде 84-тегі қарияның еміс-еміс есінде қалыпты.

Ирина Сидельникова – блокадашы:

– Жылдар өткен сайын балалық та, жастық шағым да ұмытылуда. Бірақ, есімде айқын сақталған кейбір сәттер бар. Соғыс басталғанда балаларды ата-аналарынсыз бірден эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Жоғалып қалмас үшін қалтама аты-жөнімді тігіп, жазып қойыпты. Осылайша, барлық ұл-қыздарды қаладан алып кетті. Бірақ, біз көпке ұзап үлгергеніміз жоқ. Қашқан жерге де фронт жақындап, Ленинградқа қайта оралуымызға тура келді.

Ал жарты жылдан кейін туған шаһарлары Ленинград жау қоршауында қалды. Кішкентайлар күлкі мен қуаныштан айырылды. Тұрғындардың көз алдарында тарихи ескерткіш пен мәдени нысандардың тас-талқаны шықты. Кейін көшеде снарядтардан қаза тапқан балалар мен әйелдердің денесін көру де үйреншікті дүниеге айналды. Олардың бар ойы ертеңгі таңды аман-есен қарсы алу болатын.

Ирина Сидельникова – блокадашы:

– Ленинградта тұрғанымызда үйіміздің жанында су жаңа мектеп салынған еді. Балабақшадан кейін сонда оқимыз ба деп жүргенбіз. Соғыс пен блокада басталғаннан кейін, нысан бомбадан тығылатын орынға айналды. Бір күні оған да снаряд құлап, күл-талқаны шықты. Кейін мұндай пана жер астынан қазылды. Бұл жұмысқа тұтқынға түскен 4 фашист жұмылдырылды. Неге екенін білмеймін сол сәт әлі де көз алдымда. Бірақ, Кеңес жауынгерлері немістерді қинаған жоқ. Екеуі қазып, екеуі демалып, кезекпен жұмыс істеді.

Қала толығымен жылу мен судан, кәріз жүйесінен ағытылды. Алайда, бомба мен снарядтардың дыбысы, коммуникацияның жоқтығы тұрғындардың басына түскен үлкен азаптың бір бөлігі ғана болатын. Себебі, фашистер ең бірінші кезекте азық-түлік қорларының көзін жойды. Осылайша, бірнеше айдың ішінде шаһарда тамақ бітті. Рацион қара су мен қара наннан тұратын. Соңғысын нан деп атаудың өзі қиын болған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бүгінде дүкенге бара қалсаң, сөрелерден нанның кез келген түрін таңдай аласың. Бірақ, блокадалық Ленинград тұрғындары үшін ас атасының тек бір түрі болатын. Ашытқыштың орнына – целлюлоза, сүттің орнына – қарағай қылқаны. Тағы күнжара, яғни жом да қосылыпты. Құрамында әлбетте аздаған қарабидай ұны да болған. Құнарлылығы жоқ, тәбет қашыратын мұндай азық / күніне 125 грамнан ғана үлестіріліпті. Бұл – нанның шамамен мынадай ғана бөлігі.

Әлбетте, алақандай тамаққа тоймайсың. Бірақ, соның өзі ленинградтықтар үшін дүниедегі ең тәтті азық саналды. Нанның дәмі блокадашылардың әлі де есінде.

Ирина Сидельникова – блокадашы:

– 1942 жылы анамда дистрофияның соңғы кезеңі болды. Яғни, эвакуацияланбай, Ленинградта қалса, ағам екеуміз одан айырылар едік. Батыл адам еді. 29 жасында балалары үшін ештеңеден тайынбады. Ағаммен балабақшаға баратынбыз ол кезде, аз-маз тамақтанатызбыз. Анамыз бәрібір бір үзім нанды бізге бөліп беретін. Қатты арықтап, өлімге жақындағаны да сондықтан ғой.

1942 жыл наурыз. Қақаған қыс бітті. Ладога көлінің мұзы жұқара бастаған кез. Өмір жолы деп аталып кеткен көл тағы да бірнеше отбасыны өлімнен құтқарды. Түнгі уақытта 8 бірдей машина жолға шығып, блокададан құтылмақ болған. Діттеген жеріне тек төртеуі ғана жетіпті. Бірінде Ирина Сидельникованың бүтін бір отбасысы болды. ҰОС бітті, әкелері қан майданнан оралды. Балалар мектеп тәмамдап, мамандық иесі атанды. Ирина Васильевна өзінің еңбек жолын Петропавлда бастады. Калинин атындағы зауытта 35 жыл істеп, құрметті еңбек демалысына шықты. Бүгінде зейнеткер мектептерге барып отты жылдары от кешкендердің батырлығын баян етеді.

Снаряд пен бомбадан, қақаған қыстың суығы мен аштықтан қаза тапқандардың статистикасы адам шошытарлық. Ленинградтың 1941 жылға дейін 3 млн, ал блокадаға дейін 2,5 млн халқы болыпты. Батыр қала жау құрсауынан босағанда тұрғындардың саны 557 мыңды ғана құраған.

Ленинград тұрғындарыны саны:

– ҰОС дейін – 3 млн
Ленинград блокадасына дейін – 2,5 млн
Блокада соңында – 557 мың

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

“Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін.”

– Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» деп аталатын өлеңінің бұл жолдары баршамызға жақсы таныс. 1941 жылы жарық көрген туынды ҰОС кезінде Бүкілодақтық радио арқылы оқылды, плакатқа басылып, көшелерге ілінді. Осылайша майдангерлер мен қоршауда қалған халықтың қайратына қайрат, жігеріне жігер қосты. 872 күнге созылған блокада тұрғындарының ұранына айналды.

***
Балалық қуаныш сыйлайтын бір жапырақ қағаз. Туған-туыстың амандығын, тылдағы жағдай мен сағынышты баян етіп, рух беретін, күш-қуат сыйлайтын ақ парақ. Бұның барлығы 4 жыл бойы туған ауыл мен ұрыс даласын байланыстырған майдан хаты жайлы. СҚ мемлекеттік архивінде от пен оқтың арасынан жеткізілген бұндай бірнеше конверттің көшірмесі сақтаулы.

Зәмзәгүл Закирина – СҚ мемлекеттік архивінің архивисі:

– Солтүстік Қазақстан облысында Кеңес Одағының батыры атағы 55 адамға, ал Даңқ Ордені 11 ер азаматқа берілген. Біздің архивте олардың жеке істері сақтаулы тұр. Құжаттардың арасынан майдан хаттарының көшірмесін кездестіруге болады. Конверттердің бірінің сыртында: «Неміс окупанттарына өлім келсін» деп жазылған. Дәл осы қағазда Сталиннің «Біз кеңес жерін Гитлердің қаныпезерлерінен тазартуымыз керек» деген де сөздері бар. Яғни, хаттың сырты да жауынгерлерге күш-қуат сыйлаған.

Жәлел Қизатов, Тимофей Позолотин мен Ескендір Даутов. Солтүстікқазақстандық майдангерлердің бір қолына қару ұстап, екіншісімен қарындаш алып жазған хаттары – міне. Ақ парақтың көшірмесі бізге тарихтан сыр шертсе, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын ол жауынгерлердің амандығы мен ерлігін туғандарына баян еткен болатын.

Зәмзәгүл Закирина – СҚ мемлекеттік архивінің архивисі:

– Соғыс хаттарының барлығы амандық-саулық сұрасудан бастау алады. Кейін майдангерлер өздерінің жағдайын баян етеді. Көбі «мен аманмын» деп қысқа ғана қайырады. Себебі, ұрысты сипаттап, әскердің орналасқан жерін жазуға болмайды. Бұл хаттар адресаттарына табысталмас бұрын жіті тексерістен өтетін. Құпия ақпарат жазғандарды, тіпті жазалауға дейін баратын еді.

Үшбұрыш болып бүктелген бұл қағаздардың адресаттарына дейін жеткені таңқаларлық дүние емес пе?! Майдан даласы астан-кестен болып жатқанда пошталар мүлтіксіз жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда мамандардың шаруасы көңіл көншітпейтін еді. Жүйені реттеуге бірнеше ай кетіпті. Кейін тыл мен ұрыс даласын байланыстыратын хаттар барынша тез жеткізілетін болған. Ай сайын туған-туыс пен жора-жолдастардан майдан шебіне 70 млн-дай сәлемдеме жолданған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында пошташылар екі ортада амандық-саулық баяндалған 6 млрд-қа жуық хат тасымалдапты.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қағаз, қарындаш пен уақыт. Хатты жазу үшін қажетті бұл үш дүниенің барлығы ол кезде тапшы болды. Майдангерлер жолдаған конверттердің кейбірі плакаттардан, консервінің қаптамасы мен құжаттың қиындыларынан жасалды. Бірақ, маңыздысы материал емес, хаттың мазмұны ғой?! Менің қолымда – ұрыс даласынан жазылған сәлемдемелердің бірі. Хаттың иесі кім екені бізге, өкінішке қарай белгісіз. Анығы – ол туған жерін қорғаймын деп майдан даласына аттанған қазақ батырларының бірі.

«Сәлем хат, әке, іні-қарындастарым! Майдан алаңынан хат жазып отырмын. Әлі соғысы жатырмыз. Күш-қуат таусылайын деді. Бар-жоғы 44 адам ғана қалдық. Қыс түскеніне – екінші апта. Суық пен аштықтан зардап шегудеміз. Командир бізді ұмытып кеткен-ау деймін, өлілердің қатарына қосып үлгерген де болар… Бірақ, біздің кеудеміздегі үміт сәулесі сөне қойған жоқ. Жауын мен дауылға, аштыққа қарамастан елге жеңіспен оралатынымызға сенеміз. Бар күшімізді салып күресудеміз. Көп ештеңе жазбағаным үшін ренжімеңдер. Бәрімізге ортақ бір қаламсап бар, өзімді ғана ойламай, оны келесі жауынгерге беруім тиіс. Сау болыңдар!».

6 млрд-қа жуық хат. Жауынгерлердің төс қалталарына салынған үйден жолданған бұл сәлемдеме әрбіреуіне дем берді. Фашистермен күресте оларды рухтандырып, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты…