Халық тарих толқынында

ҰОС ардагері естеліктерімен бөлісті

Барлығы – болашақ үшін, Отан мен Жеңіс үшін. Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некібаев отты жылдар туралы өз естеліктерімен бөлісті. Сол кезде 17 жаста болған жауынгер Батыс Еуропа майданына қатысқан. 1,5 жылдың ішінде ол Украина, Чехославакия мен Австрияны фашистерден азат етуге ат салысыпты. Ал көптен күткен, көппен күткен ұлы Жеңісті майдангер Венада қарсы алған екен.

Әлем тарихындағы ең сұрапыл, ең ауыр, ең қанды майданға Қазақстанның әрбір бесінші азаматы аттанды. 1 млн 200 мың жауынгеріміз кескілескен ұрыстардың барлығына қатысты. Ленинградты, Сталинградты, Мәскеуді қорғап, Балтық бойындағы республикаларды, Беларусь пен Украинаны фашистерден азат етті. Соңғы аталған мемлекетке аяқ басқан жаумен күреске Қожатай Некібаев та қатысты. Майдангер 1943 жылы әскер қатарына алынғанда 17 жасқа енді ғана толған еді. 17 жас – мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басар кез. Бірақ, сол кезеңнің қызық-қуанышына бөленер-бөленбестен ол жастық шағымен қоштасты. Қолына қару алып, бір мезетте Отанының қорғаны мен қалқанына айналды.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Украинаға келдік. Ол кезде Киевті босатыпты. Біз Житомир, Ровно, Львов пен бүкіл Батыс Украинаны немістерден тазарттық. Бұған 3-4 ай уақытымыз кетті.

Қожатай Некібаев құрамында болған 48-ші кавалериялық полктің ендігі мақсаты – фашистерді Еуропа елдерінен шегіндіру. Операцияны орындау үшін немістерден азат етілген Румыния арқылы бару керек. Бұл 1944-ші жылдың қараша-желтоқсаны еді. Әрбір елді мекен мен қала кеңес әскерін ыстық қарсы алған. Көшелерге шығып, сәлем беріп, «Гитлер капут» деп жан-жақтан айқайлап, рухтандырыпты.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Содан тартып отырып Венгрияға келдік. Бірнеше қаласын алып, өндіріс жақсы дамыған қалаға жеттік. Онда немістер жақсы бекініп алыпты. Фашистерден шаһарды тазартуға 20 күн кетті.

Одан кейін де Сталин айтпақшы «фашистің жын-шайтандарынан» біздің жауынгерлермен азат етілген қалалардың географиясы өсті. Тізімге Словакияның шаһарлары мен ауылдары қосылды. Сәуірдің 15-16-сы Қожатай Некібаев қаруластарымен Венадағы жаудың қорғанысын ойдағыдай бұзып өтті. Осылайша, Австриядағы немістер артқа шегінді. Ал бірнеше аптадан соң Рейхстагтағы фашистік свастика белгісі бар тудың құлағаны туралы хабар жетті. Оның орнына Жеңіс туы тігілді. Содан бері 75 жыл өтті. Алайда, отты жылдардың әр күні ардагердің кешедегідей – есінде. Қожатай Некібаев 1,5 жыл бойы жылы үй мен жұмсақ төсекті армандапты. Бір түнді де олар өздері азат еткен елді мекендегі баспаналарда өткізген емес. Окопта таңдарын атырып, кештерін батырған. Барлығы – болашақ үшін, Жеңіс пен Отан үшін. 

Эльмира Садвокасова