Көлік және жолдар

Жеке меншік сектордағы жолдар жөнделуде

Петропавлда мамыр айының соңына дейін жеке меншік сектордағы 33 көше жөнделеді. Тізімде Жұмысшы кентіндегі Пугачев қысқа көшесі де бар. Мұнда бүгін қиыршық тас төселіп, тегістелді.

Қала тұрғыны Мария Сабированың айтуынша Жұмысшы кентіндегі Пугачев қысқа көшесі 15 жылдан бері жөндеу көрмепті. Нәзік жанды көктем-күзде жүріп-тұруымыз қиындап кетеді дейді. Мысалы, балалар 500 метр жердегі мектепке лай-батпақпен барады екен.

Мария Сабирова – қала тұрғыны:

– Бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан осы маңдағы 20-дан аса үйдің тұрғыны бірігіп, әкімдікке арыз жаздық. Өтінішіміз жерде қалмады. Бүгін мамандар келіп, тас төсеп жатыр.

Төселіп жатқан қиыршық тастың биіктігі 15-20 см-ді құрайды. Жұмысты «Kaz Fortis» серіктестігі жүргізуде. Қалалық әкімдік өкілдері іс белгілі бір учаскеде емес, көшенің өне бойында атқарылады дейді.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

–  Жалпы, біз 170 мың шаршы метр жердің қыртысын тексеріп шықтық. Осыған сәйкес 33 көше мен 13 бірдей бау-бақша ұжымының учаскелерінде жөндеу жұмысы жүргізіледі. Яғни, тұрғындардың өтінішіне байланысты, қиыршық тас төсейміз, тегістейміз және ой-шұңқырларды қалыпқа келтіреміз.

Бұл жөндеу жұмыстары 20-шы сәуірде басталған екен. Мамандар істі маусым айының соңына дейін аяқтаймыз дейді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан