Қоғам

42 500 теңгені 65 мың солтүстікқазақстандық алған

65 мың солтүстікқазақстандық 42 500 теңгенің қаржылай көмегін алған. Ал өтініш қалдырғандардың саны бұдан шамамен екі есеге көп. Дегенмен, елімізде әлі жәрдемақының кімге және қалай тағайындалатынын білмейтіндер бар.

Біржан Нұрымбетов – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Мен жұмыс жасағанмын: компанияда істедім, мекемеде істедім, жеке кәсіпкерлікпен айналыстым, бейресми, салық төлемей өзім бір тіршілік жасап, қазақшалап айтқанда ақша тауып жүрдім. Қазір сол ақшаны таба алмай қалдым. Себебі, төтенше жағдайға қатысты клиент жоқ, жұмыс орны болмай қалды.

Яғни, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып қалғандар ғана көптің көкейіндегі 42500-ден үмітті. Министр мырзаның айтып отырғаны да осы. Бірақ, бұқара сұрақ қоюдан, ал Біржан Нұрымбетов жауап беруден жалықпақ емес.

Біржан Нұрымбетов – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Кім ала алады? Біріншіден, бұл – жалдамалы жұмыскерлер, яғни жұмыс берушісі ақша төлейтін жағдайым жоқ деп, ақысыз демалысқа жібергендер. Екіншіден,бұл – жеке тұлғалар, яғни жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, медиаторлар, репетиторлар сияқты жеке практикамен айналысатындар, азаматтық құқықтық сипатта жұмыс істеп жүрген фрилансерлер не болмаса жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс істеп жүрген, бірақ бірыңғай жиынтық төлемді төлеп жүрген азаматтар.

Таксист болсын, даяшы болсын әйтеуір бейресми нәпақа тауып жүріп, бірақ ісінен айрылғандар да манағы 42500-ді ала алады. Дегенмен, ол үшін алдымен 2651 немесе 1325 теңгенің БЖТ-сын аудару керек. Өтінішті e.gov порталында және 42500.enbek.kz сайтында қалдыруға болады. Тек сәл шыдамдылық танытқан жөн. Өйткені, қазір бұл ресурстарға түсіп жатқан жүктеме тым жоғары. Тағы бір вариант – телеграмм бот. Негізі, өтініштер 3 күн ішінде қаралуы тиіс. Алайда, кей қазақстандықтар қаржылай көмекті апталап күтіп отырмыз деп шағымдануда. Министрдің сөзінше, бұған себеп бар.

Біржан Нұрымбетов – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 – Біраз кісілер өздерінің ЖСН дұрыс көрсетпей жатыр. Ол дұрыс көрсетілмесе, ондай адам жоқ деген сөз. Көбі есеп шоттарын дұрыс көрсетпей жатыр. Басқа адамдікін көрсетіп жатқандар, жабылып қалған шот нөмірлерін көрсетіп жатқандар бар. Мұндай шоттарға біз ақшаны аудара алмаймыз. Екінші жұмыста істеп жүрген, тұрақты жалақы алып жүрген, оның ішінде мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың, зейнетақы мен жәрдемақы алатындардың арасында да өтініш беріп жатқандар бар. Одан қалды, табысы жоғалмай, керісінше, артып жатқандар да өтініш беруде. Осындай жағдайлар айқындалып жатыр.

Яғни, мемлекетті алдап, қаржылай көмекті қалтасына заңсыз басқысы келетіндер жоқ емес. Тіпті, оны қайтыс болып кеткен туысқанының атына рәсімдемек болғандар да бар. Мұның бәрін жауапты министрлік тексеруі тиіс. Сондықтан, жәрдемақы белгіленген уақыттан кешірек берілуі мүмкін. Бірақ, ерте ме, кеш пе беріледі. Сандарды сөйлетер болсақ, Солтүстік Қазақстан облысында бүгінге дейін 116 мың адам өтініш түсірген. 65 мыңының шотына ақша аударылыпты.

Саят Ермек