Құқық қорғау органдары

Карантин ережелері тағы бір қайтара түсіндірілді

Карантин ережелерін қала тұрғындарының барлығы бірдей толық білмейтін сыңайлы. Салдарынан жұртшылық тарапынан сауалдар да, шағымдар да көп. Сондықтан, шаһар билігі кешкілік журналистермен жүздесіп, қағидаларды тағы бір қайтара түсіндірді. Құлақ түріңіздер!

Үйден дүкенге, дәріханаға, қоқыс тастауға және үй жануарын серуендету үшін ғана шығуға болады. Оның өзінде қолыңызда тұрғылықты мекен-жайыңыз жазылған анықтама болуы тиіс. Бұл құжатты ПИК төрағасынан немесе үйдің үлкенінен алу керек. Сондай-ақ, осы куәлік арқылы баспанадан ауруханаға, банкке немесе нотариусқа баруға және өзге де шұғыл жағдайларда шығуа рұқсат етіледі. Ал жұмыс істейтін азаматтардың қолында тұрғылықты және жұмыс орнынының мекен жайы жазылған анықтама болуы тиіс.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінң орынбасары:

– Жеке автокөлікпен қызмет орнына қатынайтын азаматтың қолында жұмыс орнынан анықтама мен қозғалыстың нақты маршруты көрсетілген жол парағы болуы тиіс. Ол осы маршруттан себепсіз өзге жаққа бара алмайды. Тағы да қайталаймыз – саяжайларға баруға да рұқсат етілмейді. Мұның бәрі ермек үшін жасалып жатқан жоқ. Бұл шаралар коронавирустың таралуына жол бермейді. Ережелерді елемеген жандар жазаланады. 

Саят Ермек