МТРА жаңалықтары

Өңірде азық-түлік қоры жеткілікті

“Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы күріш пен қарақұмықтың 68 тоннасына тапсырыс берген. Тағы алдағы күндері 100 тонна қырыққабат жеткізіледі. Ал картоп, сәбіз, пияз, ұн мен сұйық майдың көлемі бағаны тұрақтандыру қорында аз емес. Бір сөзбен айтқанда өңірде азық-түлік қоры жеткілікті. Бұған арна тілшілері көз жеткізіп қайтты.

Италия, АҚШ, Германия мен Ресей. Дүкен сөрелері бос елдердің тізімін жалғастыра беруге болады. Қазақстандағы жағдайды, әрине, салыстыруға келмес. Бірақ, үрейге бой алдырып, дүрліккен жұрт бізде де кездесті. Оларды бір апта бұрын көрдік. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы жағдай тіркелгенде солтүстікқазақстандықтар дүкендерге ағылды емес пе? Тұрғындар сөрелердегі ұн, қант, макарон, күріш пен сұйық майды тып-типыл етті. Бұл – шаһардағы ірі сауда желілерінің біріндегі көрініс.

Бағаның шарықтайды деп ойлады ма әлде жетпей қалады деп үрейленді ме? Әйтеуір жерлестеріміз сағаттап кезекте тұрып, бір айлық қор жасап алды. Әлеуметтік желілердегі аласапыран да бітер емес. Сөйтсек, оны пысықайлар қолдан істейді екен. Сөрелерді босатып, фотоға түсіріп, мессенджерлерге таратады. Суретті көргендер байбалам салып, дүкендерге жүгіреді. Барлығы бірдей емес, әрине. Сабырлық сақтағандардың арасында Динарат Сүгірбаева бар. Қала тұрғыны күнделікті бағытына сай коммуналдық базарға келеді. Азық-түлікті тек қажеттілік туындағанда ғана алады. Бастысы – тауар тапшылығын кездестірмедім дейді ол.

Динарат Сүгірбаева – қала тұрғыны:

– Күнде нан, жұмыртқа алуға келемін. Бағалары – баяғыша. Өскен жоқ.

Алаңдауға шынымен де себеп жоқ. Тұрғындар босатып кеткен сөрелер қазір азық-түлікке лық толы. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны бір тиынға да көтерілмеді. Себебі, бағаны тұрақтандыру қорына 2019 жылы-ақ қажетті тауар жоспарға сай тонналап сатып алынған. Өнімдер қоймаларда сақтаулы тұр. Дәл осы нысандардан азық-түлік сауда орындарына жөнелтіледі. Енді көкөністер мен жарманың көлеміне тоқталар болсақ.

Роза Тастанбекова – «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ департаментінің басшысы:

– Қазір бағаны тұрақтандыру қорында қанттың – 189, картоптың – 360, пияздың 115 тоннасы бар. Тағы 85 тонна сәбіз, 15 тонна қырыққабат сақтаулы.

Үрейге бой алдырған жұртшылық әуелде жармаларға бас салған көрінеді. Қазір қоймада күріштің тек 34 тоннасы қалған. Сондықтан, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарақұмық пен күріштің 1 вагонына, яғни 68 тоннасына тапсырыс беріпті. Тағы алдағы уақытта 100 тонна қырыққабат та жеткізіледі. Өнімдердің бұл көлемі келесі орақ науқанына дейін жеткілікті болмақ. Азық-түліктердің барлығы қолайлы бағамен саудалануда. Картоптың келісі – 65, пияз – 70, ал сәбіз 80 теңге тұрады. Жармалардың да құны ойға қонымды. Қарақұмықты – 170, ал күрішті 300-ге алуға болады. 1-ші санаттағы жұмыртқаның ондығы үшін де 240 теңгеге шығындаласыз. Келесі сұрақ – төмен бағамен сапалы өнімді қайдан алуға болады?

Роза Тастанбекова – «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ департаментінің басшысы:

– Азық-түліктерді біз “Семейный”, “Северный” супермаркеттеріне, “Достық Молл”, “Айсберг”, “Сокол” дүкендеріне жеткіземіз. Сонымен қатар, өнімдерді тұрақтандыру қорының 5 нүктесінде сатамыз. Аталған орындар “Тайга”, “Океан”, “Корона”, “Дария” мен коммуналдық базарда орналасқан.

Айта кету қажет, тұрғындардың бір бөлігі баға өсті деп шағымдануда. Бұл ретте тұрақтандыру қоры тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын шарықтатпауға септесетінін ескеру керек.

Эльмира Сәдуақасовада