8 Наурыз

«Jas Otan» ЖҚ жастарының тартуы

Техникалық байқау операторы мен шен таққан нәзікжанды. Наурыздың 8-і – жүрегі мейірімге толы аналар мен қыз-келіншектердің мейрамы. Мереке қарсаңында «Jas Otan» жастары түрлі мамандық бойынша жұмыс істейтін әйелдерді құтықтап, гүл шоқтарын табыс етті.

Телефон қоңырауына жауап қату, темір тұлпар иелеріне дұрыс кеңес беру. Гүлсая Омарова автомектептердің бірінде техникалық байқау операторы болып қызмет етеді. Нәзікжандының негізгі міндеті – көлікке қатысты ақпаратты компьютерге енгізу.

Гүлсая Омарова – техникалық байқау операторы:

– Мен мұнда автомектептің құрылғанынан бастап жұмыс істеп келемін. Жүктелген міндетті орындау айтарлықтай қиын емес. Бастысы, өзіме ұнайды. Ұжыммен бір отбасындай болып кеттік.

Қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген нәзікжандыларды Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Jas Otan» жастары келіп құтықтап, гүл шоғын табыс етті.

Жауапты да абыройлы іс. Кейін, жасотандықтар әскери қызметкер Айман Абжанбарованы құтықтады. Шенді келіншек форма киіп, елге қызмет етуді бала кезінен армандаған екен. Қаталдық пен нәзіктікті бір өзінде үйлестіре білген азаматша жолдасымен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр.

Айман Абжанбарова – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметкері:

– Мен баспасөз қызметінде жұмыс істеймін. Оқушыларды әскерге шақыру жайлы үгіт жасаймын. Жұмысым жауапкершілікті талап етеді.

Айта кетейік, «Jas Otan» жастары бұл күні тағы 3 нәзікжандыны құтықтады.

Маржан Касымбек