МТРА жаңалықтары

“Мал ұрысы” жедел-алдын алу шарасының қорытындысы

Өңір полицейлері «Мал ұрысы» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. 5 күн ішінде тәртіп сақшылары 9 мал ұрлау фактісін тіркеп, заңсыз ет сатқандарды әшкерелеген. Заң бұзған тұлғалар ұрланған малдың иелеріне жоғының төлеуін қайтарыпты.

Тәртіп сақшылары Петропавлдағы базарлардың бірінен тиісті құжатсыз сатылып жатқан 5 шошқаның етін тәркіледі. Сатушы етті Ғабит Мүсірепов ауданынан әкелген екен. Тексеріс нәтижесінде тауардың иесінде ветеринарлық анықтама болмай шықты. Полицейлер етті дереу зертханалық тексеріске жіберіп, заңсыз тауар өткізген қала тұрғынын жауапкершілікке тартқан. Жаза айыппұлмен шектелді. Жалпы, бұған ұқсас жағдайлар аудандарда да тіркелген көрінеді.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

–  Жүргізілген жұмыстар барысында бұрын жасалған 6 қылмыс ашылды. Ветеринарлық қызметпен бірлесіп, облыс орталығының базарларында тексеріс жүргізілді. Онда 20 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

«Мал ұрысы» шарасы аясында жедел уәкілдер ет өнімдерін жеткізушілердің құжаттарын тексерген. Нәтижесінде 26 заңбұзушылық анықталыпты. Тиісті құжат олардың ешқайсысында болмаған. Мамандардың айтуынша ет өнімін заңсыз тасымалдап немесе оны заңсыз сатқандар 53 мыңнан 530 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді.

Әуезбек Әлімбаев – Петропавл қалалық ветеринария қызметінің бас маманы:

 – Қазақстан Республикасы аумағында ет өнімдерін сату үшін тірі малға №1 нысандағы ветеринарлық анықтама алу қажет. Сойылған мал тасымалданған жағдайда, оны сату орны бойынша №2 нысандағы анықтама алу қажет. Мұнда малдың иесі, малдың сәйкестендіру нөмірі мен жеткізу орны, тасымалдаған автокөлік нөмірі көрсетіледі.

Жалпы, 5 күн ішінде тәртіп сақшылары мал ұрлап, ізін суытып жүргендерге қатысты 9 фактіні анықтапты. Шара аясында малдарынан айырылған жандарға 1 млн 250 мың теңге көлеміндегі шығынның орны толтырылды.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан