Әр түрлі

Өңірдегі көлдерді ауаландыру жұмыстары

Өңіріміздегі көлдерде аэрация жұмыстары жүргізілуде. Қыс уақытында мұз астындағы балықтардың жаппай қырылып қалмауы үшін су қоймалары оттегімен байытылады. Оған 150-ден аса адам мен 50 шақты техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін мамандар 30-дан аса көлде ауаландыру жұмыстарын жүргізіп үлгеріпті.

Облысымызда көлдерді ауаландыру жұмыстары жалғасуда. Бұл іске 150-ден аса адам мен 50 шақты техника жұмылдырылған. Көктемге дейін мынадай қондырғылар өзінен мыңдаған тонна суды өткізіп, оны оттекпен байытады. Мұндай процедура өңірлік су қоймаларында жыл сайын жасалып тұрады. Себебі, қыста көлдің бетіне қалың мұз қатып, судағы оттегі пен көмірқышқыл газы алмаспай қалады. Бұл балықтардың қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Сол себепті, дер кезінде аэрация жасаудың маңызы зор.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Қазір мұздың қалыңдығы 60 см-ден асады. Біз алдымен суға оксиметр деп аталатын құрылғыны батырып, судың ішіндегі оттегі мөлшерін тексереміз. Егер көрсеткіш аз болса, ол жерге аэрация жұмысын жүргіземіз.

Судағы оттегінің құрамы ең аз дегенде литріне 2 миллиграмм болуы тиіс. Мамандар тест өткізгеннен кейін мұзды бірнеше жерден теседі. Кейін оның бетіне осындай мотопомпа деген құрылғыны орналастырып, су сорғыза бастайды.

Машина суды бүрку әдісімен оның құрамын тіршілік үшін ең қажетті зат – оттегімен байытады.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Суда оттегінің жетіспеуін арнайы құрылғысыз-ақ білуге болады. Мәселен, мұзды тескен кезде одан өзгеше иіс шығуы мүмкін. Өйткені, қыста суда өмір сүретін планктондар мен түрлі микроағзалар ауа жетіспегендіктен жоғары қарай көтеріледі.

Тіршілік көзін маңызды элементпен байытудың басқа да түрі бар. Мұзды ойып оған қамыс түтікшелері орнатылады. Бұл – ескі әдіс. Бірақ, сонда да тиімді дейді мамандар.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Облысымызда 491 көл мен су қоймалары бар. Олардың 332-сі балық шаруашылығы субъектілеріне тіркелген. Ал қалғандары – резервте. Тереңдігі 2 метрден аспайтын көлдерге аэрация жасамаймыз. Ол жердегі балықтар ауланып, тұрғындарға сатылады.

Солтүстікқазақстандық көлдерді оттегімен байыту наурыз айының соңына дейін, мұздың көбесі сөгілгенге дейін жүргізілетін болады.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан