Көктайғақтың салдары. Соңғы 4 күнде 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөліміне 100-ге жуық жерлесіміз жүгінген. Басым бөлігі көшеде тайып құлап, аяқ-қолын қатты зақымдап алған. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігерлер сақтанып жүруге кеңес береді.
Ольга Измайлова он күн бұрын үйінің алдында тайғанап құлап түскен. Сөйтіп, оң аяғы ауыра бастаған. Зейнеткер тез арада 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөліміне жүгініпті. Мұндағы травматологтар оның аяғын рентгенге түсіріп, тобық сүйегінің сынғандығын анықтаған. Мамандар 77 жастағы Ольга Николаевнаға тез арада тиісті көмек көрсетіп, бір айға гипс салып берген.
Ольга Измайлова – Петерфельд селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мен ақпанның 18-і күні көктайғақта шалқамнан құлап түстім. Енді, міне, аяғым гипстеулі. Бүгін дәрігердің қабылдауына келдім.
Мария Жукенова – Аққайың ауданындағы Тоқышы ауылының тұрғыны. Ол жарақат бөліміне өзінің туған апасын алып келген. Осыдан 2-3 күн бұрын 65 жастағы Әмина Каримова үйге отын кіргіземін дегенде аяғы тайып кетіпті. Иығы зақымдалған екен. Басында ауырсынуға шыдап жүре берген көрінеді, жағдайы ушыққаннан кейін дәрігерлерге жүгінген. Иық буыны шығып кеткен нәзікжандыға ақ халаттылар ота жасамақшы.
Мария Жукенова – Тоқышы ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Әпкем басында ауырсынуды қатты сезінген жоқ. Кейін иығы, қолы сыздай бастады. Сөйтсе, иық буыны шығып кетіпті. Бүкіл денесі көгерген. Дәрігерлер оны ауруханаға жатқызды. Қазір ота жасаймыз дейді.
Биылғы қыс облысымызда құбылмалы болды. Бірде күн суытты, бірде жылып, қар еріді. Ал кеше, тіпті, қар аралас жаңбыр жауды. Кешке таман барлығы қатып, көктайғаққа айналды. Салдарынан көлік жүргізушілермен бірге жаяу жүргіншілер де әуре-сарсаңға түсті. Десе де, жарақат бөліміне жүгінгендер аса көп емес екен.
Валерий Грибашов – 3-ші қалалық ауруханың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:
– Жалпы, биыл өңірімізде қыс бойы көктайғақ болды. Дегенмен, бізге жүгінгендердің саны былтырғымен салыстырғанда көп емес. Жарақат алу жағдайларының жиілеуі ақпанның 21-і мен 24-і аралығына келді. Осы күндері біз көшеде құлап, зақым алған 65 адамға медициналық көмек көрсеттік. Ал кешегі көктайғақтан кейін жарақат бөліміне 15 адам келді. Бұл, негізі, норма болып саналады.
Травматолог мамандар тұрғындарға көктайғақта көшеде, әсіресе, аялдаманың автобусқа мінер тұсында аса абай болу қажеттігін ескертеді.
– Кешеден бері қалада көктайғақ. Жүру өте қиын. Құлап қалмас үшін бір-бірімізді ұстап келеміз.
– Соңғы күндері ауа райының қолайсыздығынан жаяу жүру қиынға соғуда. Әсіресе, егде жастағы адамдарға. Көбі, тіпті, үйлерінен шықпайды.
Айта кетейік, соңғы 4 күнде 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөліміне 100-ге жуық адам жүгінген екен.
Дана Ешкенова