Спорт

Солтүстік Қазақстан ел құсбегілерінің басын қосты

Қызылжар өңірі бүгін ел құсбегілерінің басын қосып отыр. Бескөлдегі “Құлагер” ипподромында бүркіт, қаршыға мен сұңқар баптап, аңға салушылар арасында Қазақстан чемпионаты бастау алды. Үшкүндік бәсекеге жан-жақтан жиылған 40-қа тарта саятшы қатысуда.

Мұнша аңшы құсты мұндай чемпионатта болмаса, қансонарда көрмейсің. Бүркіт, сұңқар, қаршығалар 11 облыс пен қос шаһардан келген. Құсбегілердің отандық бәсекесі осымен 14-ші рет жалау желбіретіп жатыр. Қызылжар өңірі оны алғаш қабылдауда.

Нарын есімді атыраулық бүркіт – қарсы алдарыңызда. Бүгінге дейін егесі Арман мырзаның қанжығасын майлатпай қайтқан емес – Қазақстанның бес дүркін чемпионы.

Арман Қошқаров – құсбегі, Атырау облысы:

– Аңға аптасына жоқ дегенде 2-3 күн шығамын. Бір маусымда 15-20 түлкіге дейін аламын. Бүркіттің тәжірибесі өсе келе келеді. Табиғи дарынды, аңға қияғы мықты, өте көргіш әрі алғыр құстар да болады.

Бір факті айтайын – қыранның көзі адамдікінен 7 есеге жақсырақ көреді екен. Аңшы құстар көкте қалықтап келе жатып, жердегі тырнақтай қоянды тез байқайды. Қырағы, алғыр қанатты мұнда көп, бәсекелестік таудай.

Саят Ермек – тілші:

– Сұңқар, қаршыға, бүркіт баптап, аңға салу, қансонарда саятшылық құру – ата дәстүр. Ұлттық өнеріміз қазір жанданып жатыр. Мәселен, мына бүркіт Ақмола облысынан келіпті бізге, жасы 4-те екен. Қоян, түлкі ала алады, ал мұндай құстардың ең мықты дегендері қасқырды да ұстайды екен.

Бүркітің қасқыр алсын десең, баптай біл. Сондықтан, бұл – тек құстардың ғана емес, иелерінің де сайысы. Алғашқы бәсеке – бүркіттің бабын сынау. Егелері қанаттыларын 300 метрлік қашықтықтан қолға шақырады. Егер құс иесіне қонбай жетсе, максималды 10 ұпайға ие болады. Жерге әр қонғаны үшін бір ұпай шегеріледі. Тек басты кедергі – солтүстіктің ақтүтек бораны. Ұйтқы желдің екпініне бүркіттердің тек бірнешеуі ғана қарсы тұра алды.

Күнтуған Серікбекұлы – құсбегі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Күйі жақсы, желге үйренген құстар барып жатыр, ал желге үйренбегендері қайтып кетіп жатыр. Менің құсым келді. Нұр-Сұлтанда күнде жел ғой, соған үйреніп қалған шығар деп отырмын.

Жұма күні – еркін ұшыру, ал сенбіде құстарды қоян мен кептерге салу сайыстары өтеді. Нағыз саяткерліктің көкесі сонда болады. Үшкүндік бәсекеде барлығы 40 шақты құсбегі бақ сынасуда. Алматы, Маңғыстау мен Атырау облыстары саятшыларының саны өзгелерінен басымырақ. Бұл өңірлерде құс баптап, аңға салушылар көп. Бізге жақын Қарағандыда да құсбегілік енді-енді қанат жайып жатса керек. 55 жастағы Төлеген Махамбетшин ағамыз бүркіттің бір емес, екеуін баптап отыр. Білгенін осындай біріншіліктерде ғана қолданбай, жеткіншектерге үйретеді.

Төлеген Махамбетшин – құсбегі, Қарағанды облысы:

– Балалар тарапынан қызығушылық көп болмаса да бар. Басқа спорт түрлеріне қарағанда көп емес. Ниеті мен қызығушылығы бар балалар болмаса, бәрі үйрене бермейді. Ал қанында бар, ата-бабасы бүркітші болған балалар тез үйренеді.

Ал солтүстік жұрты үшін басына томаға кигізілген қанаттыны жақыннан тамашалау – таңғажайып дүние. Бұл өнер біздің өлкеде аса дамымаған. Теріскейде тек 2 құсбегі бар бүгінде. Чемпионатты Қызылжар өлкесінде өткізудегі мақсат та сол – ұлттық өнердің мұндағы танымалдылығын арттыру.

Базарбек Күнтуғанұлы – ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитетінің құсбегіліктен мемлекеттік аға жаттықтырушысы:

– Осы жаққа да біздің ұлттық құндылығымызды дәріптеп, қазақстар біздің құсбегілікті көзбен көрсін, ұстап көрсін деп, халыққа насихаттау деген ниет, жоспар. Бүкіл облыстарда деп айтпасақ та, қазір құсбегілік өте жақсы деңгейде дамып келе жатыр. қазір Қазақстан бойынша 100-ге жуық құсбегілік бар. 2 қала мен 10 облыста ашылды.

Ел біріншілігінде қанжыға майлап, топ жарғандар ұлттық құрама сапына өтіп, ел намысын әлем біріншілігінде қорғайды. Төрткүл дүние құсбегілерінің басын біріктіретін бұл бәсекені алдағы қарашада Бурабай қабылдамақ.

Саят Ермек