Биыл қаладағы 8 бағдаршамға қызыл түсті қосу белгісі орнатылады. Тәртіп сақшыларының айтуынша арнайы құралдың көмегімен жолдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге болады екен. Жаңашылдық қазіргі уақытта Жамбыл Жабаев пен Брусиловский көшелерінде жұмыс істеп тұр.
Жамбыл Жабаев көшесімен жүріп келе жатқан жүргізуші Сәбит Мұқанов көшесі жағына бұрылу үшін алдымен қарсы бағыттағы көлік ағынын, кейін 2 жақтан шыққан жаяу жүргіншілерді өткізіп алуы қажет. Егер бағдаршамның жасыл түсі жанған сәтте солға бұрылудың әрекетін жасап үлгерсе, әрине. Алдында 2-3 машина болса, сол орында қалып, келесі мүмкіндікті күтеді. Оған да біраз уақыт қажет. Қазіргі күйбің тірлікте сан-саққа асыққан жұртшылық үшін уақыт аса маңызды. Осы орайда аталған бағытта қозғалған темір тұлпар иелері үшін бір мүмкіндік жасалғандай. Ол – былайша айтқанда, «қызыл плюс» белгісі. Негізгі бағдаршамның жасыл түсі жанғаннан кейін бір сәтке осы белгі қосылады екен. Сонда қарсы бағыттағы толқын тоқтап, бергі жағындағысы маневрді аяқтай алады.
Маржан Қасымбек – тілші:
Бағдаршамда “қызыл плюс” жанса, қарсы бағыттағы көліктердің қозғалуы тоқтатылады. Ал, солға бұрылып жатқан жүргізушілер қарсы бағыттағы көліктің өтуін күтпейді. Яғни, қозғалысын жалғастыра береді.
Мұндай қондырғылар қаладағы тек екі бағдаршамға орнатылған. Оның бірі Жамбыл Жабаев көшесінде болса, екіншісі Егемен Қазақстан мен Брусиловский көшелерінің қиылысында тұр. Алдағы уақытта мамандар тағы 8-ін қоюды жоспарлап отыр.
Сергей Брыксин – Петропавл қалалық ПБ бөлімінің аға инспекторы:
– Қалада 8 қиылыстағы көлік қозғалысы күрделі деп саналады. Машиналардың ағынын реттеуде мұндай қосымша қондырғылардың тиімділігі зор. Әзірге, тек 2-уі жұмыс істеп тұр. Тағы бірнешеуін орнатуды көздеп отырмыз.
Айта кеткен жөн, Петропавлда бүгінде негізгі бағдаршамдардың саны жүзге жақындайды.
Маржан Қасымбек