Аптадағы маңызды жаңалықтар

6 мыңнан аса жұмысшы жалақыларын алған

Маңдай термен тапқан ақшаларын ала алмаған! Былтыр 6 мыңнан аса солтүстікқазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өкіліне жалақы төленбепті. Оларға жұмыс берушілері 734 млн теңге қарыз болған. Дегенмен, бүгінде мәселе реттелді. Жауапты мамандардың арқасында берешек толық көлемде өтелді. Мұндай жағдай кезінде  ұжымдық келісім шарттың берері мол.

Солтүстік Қазақстанның шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Сондықтан, өңіріміздегі кәсіпорындардың басым бөлігі егін егіп, мал өсірумен айналысады. Құс шаруашылығына ден қойғандар бар. Осы өндіріс ошақтарының кейбірі өте жауапты. Яғни, жұмысшыларына уақытылы жалақы төлейді, сыйақы береді. Елді мекендерді гүлдендіреді. Бір сөзбен айтсақ, халық үшін тиісті жағдай жасайды. Ал екінші бөлігі мамандардың сенімін әрқашан ақтай бермейді. Мұндай агроқұрылымдар – облыстық мемлекеттік еңбек инспециясы басқармасының жіті бақылауында. Былтыр аталған ведомство өкілдері жоспардан тыс 40-тан аса тексеріс жұмысын жүргізіп, бірқатар заңбұзушылық фактісін анықтапты. Нәтижесінде кәсіпорын басшыларына айыппұл салынған.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2019 жылы өңірдегі 6300 адамға жалақы төленбегендігі анықталды. Оларға жұмыс берушілері 734 млн теңге қарыз болған. Ережені елемеген басшылардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде берешек толығымен өтелді.

Әңгіме барысында бөлім басшысы өткен жылы өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешенінде орын алған оқыс оқиғаларға да тоқталды. Былтыр облыс аумағындағы агроқұрылымдарда өндірістік жарақат алудың 11 фактісі тіркеліпті.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Осындай жағдайдың бірі Мамлют ауданындағы “Асхат Агро” ЖШС орын алды. Мұнда кәсіпорын механизаторы тракторды көктемгі дала жұмыстарына дайындап жатыпты. Іс кезінде балғамен көліктің бір бөлшегін ұрған. Нәтижесінде металл ұшқыны азаматтың көзіне түскен.

Жалпы, былтыр облыстағы кәсіпорындарда 30-дан аса оқыс оқиға орын алыпты. Нәтижесінде 37 адам зардап шеккен. Көбінесе мұндай жағдай жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және өндірістің дұрыс ұйымдастырылмауынан туындаған екен.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

–  18-ші жылға қарағанда 2019-да өндіріс кезінде жарақат алу фактілері азайды. Мәселен, былтыр жалпы көрсеткіш 60 пайызға қысқарды. Ал ауыл шаруашылығындағы оқыс оқиғалардың деңгейі 57 процентке кеміді. Мұның себебін түсіндірейін. Жыл артқан сайын жұмыс берушілердің жауапкершілігі ұлғайып келеді. Қазір басшылар кәсіпорындарда қауіпсіздік шараларын күшейткен. Барлығын бақылап отырады.

Жалақы беріліп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы үшін өндіріс ошақтарында кәсіподақтар құрылуы қажет. Мұндай жағдайда 100 пайыз ұжымдық келісім шарт жасалады. Яғни, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында арнайы құжат бекітіледі. Бұл куәлік арқылы азаматтар өздерінің құқықтарын қорғай алады.

Людмила Голенкова – СҚО кәсіподақ орталығының бас маманы:

–  Ұжымдық келісім шартты кәсіподақсыз да жасауға болады. Ол үшін басшылардың немесе қызметкерлердің тарапынан ұсыныс түсуі қажет. Сонда құжат бекітіледі. Бұл куәлік арқылы адамдар құқықтарын қорғайды. Мысалы, жалақының, демалыс күндерінің берілуін талап ете алады. Тағы, келісім шарт аясында мамандар санаторлық демалысқа жіберіледі. Бір сөзбен айтсақ, құжат беретін игіліктер көп.

Айта кетейік, ұжымдық келісімшарт жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақалов та жиі айтады. Сондықтан, жұмыс берушілер де, қызметкерлер де арнайы құжат жөнінде ойланғандары абзал. Жалпы, бүгінде өңіріміздегі кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық келісім шарт бекітіліпті. Қалғандарында аталған құжат әлі рәсімделмеген.

Байболат Бектемірұлы