ТЖ

Петропавлда өрттен 84 жастағы әйел адам қаза тапты

Петропавлда өрттен 84 жастағы әйел адам қаза тапты. Қайғылы оқиға жексенбі күні таңертең орын алды.

От Кошуков көшесіндегі 7-ші үйдің 3-ші қабатынан шыққан. Төтенше жағдай туралы хабар өрт сөндірушілерге таңғы 10-нан 33 минут кеткенде түсіпті. Мамандар шақыртылған жерге қас қағым уақыт ішінде жетіп, алдын алу шараларына кіріскен. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында олар 36-шы жылы туылған пәтер иесінің жансыз денесін табады. Ол ыстан уланып қалған көрінеді. Құтқарушылардың сөзінше қызыл жалын 18 шаршы метр жерді шарпыпты. От жарты сағаттың ішінде толық сөндірілген.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

– Қызыл жалынды ауыздықтау барысында нысаннан 8 адам эвакуацияланды. Олардың ішінде 2 бала бар. Алдын ала болжам бойынша өрт отқа немқұрайлы қараудың салдарынан шыққан. Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде 61 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 8 тұрғын қаза тапты. Оның 2-уі – бала.

Ешкенова Дана