МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданының әкімі есеп берді

12 айда атқарылған шаруа жайында Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов та есеп берді. Туристік әлеуеті зор өлкеде, қарапайым проблемалар шешілмей жатыр. Айта-айта жауыр болған мәселелерді айыртаулық ағайын жиында көтерді. Тұрғындардың сөзінше, елді-мекендерде ұялы байланыс пен интернет жоқ, жолдар қардан тазаланбайды, ал таза ауыз су – қолжетімсіз.

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, бизнес пен туризм. 2019 жылы Айыртауды дамытуға қыруар қаржы бөлінді, біраз жұмыс тындырылды. 12 айда басы қайырылған істі аудан әкімі баяндамасында жіпке тізіп жатыр. Бірақ, тұрғындарды әдемі есеп аса қызықтырмайтын сияқты. Жиналған халықты жылдар бойы атқарылмай келген шаруа көбірек мазалайды. Сондықтан, Бейбіт Исмановтың баяндамасы аяқталғасын, жұртшылық микрофонға ұмтылды. Алғашқы айтылған мәселе – шығарылмайтын қардый жайы. Қыс келгенде тұрғындар тақымдарын қысады. Ауылдағы көше бір үлкен төбешікке айналып, оқушылар аунап-аунап сабақтарына жететін көрінеді. Елді мекеннің сыртындағы жағдай да мәз емес.

Ақ ұлпаның салдарынан тұрғындардың біразы әкімнің есептік кездесуіне де қатыспады. Бірнеше сағат бойы қарды тазалап, табиғи бөгетті еңсеруге тырысса да, ауылдан ұзай алмапты. Әкімге мұңдарын тікелей жеткізе алмаған халықтың базынасын Өміртай Жүсіпов баяндап берді. Ақсақалдың уәжі регламент деп берілген 3 минутқа сыймады. Қария саналы ғұмырын Айыртауда өткізген екен. Қазір Көкшетауға көшсе де, туған жері мен көршілес ауылдардың жағдайымен әкімнен де жақсы таныс.

Өміртай Жүсіпов – Қарақамыс ауылының тумасы:

– Қай қазақ ауылында фельдшер пункті, мәдениет үйі, кітапхана бар? Жолдың жоқтығынан қыста науқастарды ауруханаға да жеткізе алмаймыз. Өткен жылы Дәуқарада осылай бір әйел көз жұмды. Сондай жағдайлардан неге қорытынды жасамайсыздар.

Бума-бума қағазға проблемаларды тізбектеп жазған қарияның айтқанын атқамінер тыңдап қана отыр. Бейбіт Исманов мәселелерді біле ме, әлде есінде сақтап ала ма, әйтеуір біреуін де түртіп алмады.

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Бір жылдың ішінде барлығын шеше алмаймыз. Жыл басталып жатыр ғой. Сізбен бірге жоспарға енгізейік. Әрбір округта қандай шаруа атқару қажеттігін талқылайық.

Ауылдардағы жағдай бір-біріне ұқсас. Көпшілікті жол мәселесі алаңдатады. Бірлестік халқың тозығы жеткен жолмен бірге, күнделікті тұтынатын тіршілік көзінің сапасы да толғандырады. Бүгінде ағайын тұщы су ішіп отыр екен. Салдарынан түрлі ауру-сырқат көбейген. Ал, оларды емдейтін медициналық пункт мұнда жоқ. Сондықтан тұрғызу қажет. Тұрғындар жауапты аудандық аурухананың бас дәрігерінен алмақ болып еді, сөйтсе мекемені салу жоспарға да енбеген. Яғни, күткеннен басқа амал жоқ.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

 – ФАП салуды жоспарлап отырмыз. Сонда қарастырайық.

Бұл ауыл тұрғындары проблемаларының тек бір шеті ғана. Бірлестікте интернет те жоқ. Әлеуметтік желілерге шығу түгілі, жұртшылықты ұялы телефон да аса қызықтырмайды. Себебі, гаджетті қолданып, хабарласу үшін баяғыша төбеге шығу керек екен. Заман игілігі тек мектеп оқушылары үшін қолжетімді. Бірақ, білім ошағындағы жүзден аса баланың арманы – мүлдем басқа.

Ешмұқан Байдуленов – Бірлестік ауылының тұрғыны:

– Тап-тар мектеп. Мектепке дейінгі білім алатын балалар да сонда оқиды. Сол мектепте скважина да жоқ. Дәретхананы айтпай-ақ қояйын. Оқушылар далаға барады.

Бақыт Сейтахметова – Айыртау аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Қайта құрып, немесе жаңадан салу үшін ПСД жасау керек. Оған уақыт және қаражат керек. Мәселе жай қалмайды. Біз шешуге тырысамыз.

Ал, ұялы телефон байланысы болады деген уәдені Бейбіт Исмановтың өзі берді. Биыл Бірлестік ауылына “Kcell” операторы станция орнатпақ екен. Келесі мәселені аудан, тіпті СҚО ішінде ғана шешу мүмкін емес. Ол бірнеше елді мекенде орналасқан карьерлерге байланысты.

Сансызбай Тәшенов – «Лобаново» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Біз Лобаново мен Имантау, ал, «Исағали» серіктестігі Константин ауылдық округінде жұмыс істейді. Осы елді мекендерде орналасқан карьерлер Ақмола облысының Ұлттық паркіне қарайды. Біз мұндағы қиыршық тасты жөндеу жұмыстарына алғымыз келеді. Бірақ, рұқсат жоқ. Мәселені біржақты етуге бола ма?

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Аудан әкімдігі мен жер қатынастары басқармасымен бірлесіп бұл мәселені шешуге тырысудамыз. Мәселені министрлікке де жеткіздік. Оңай шаруа емес. Қазір карьерлер ерекше бақылаудағы аймаққа кіреді. Одан шығару үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек.

Қайыртай Құсайыновтың мәселесін шешуге де біраз уақыт қажет. Карасевка тұрғыны 160-тан аса адамның проблемасымен талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Алайда, бірде-бірі қанағаттанарлық жауап бермепті. Енді ауылдағы ағайын әкімнен көмек сұрап отыр.

Қайыртай Құсайынов – Карасевка ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– 1998 жылы «Карасевка» ЖШС құрылды. 2008 жылы жерімізді кепілге қойып, банктен несие алыпты. Кейін банкротқа ұшырап, біз жерімізден айырылып қалдық. 2013 жылдан бастап соттастық. Содан бері ешқандай қозғалыс жоқ.

Сағат үште бастау алған әкімнің есептік кездесуі тек алтыда аяқталды. Жиынның басым бөлігі халықтың арқалап келген базынасына арналды.

 

Эльмира Садвокасова