МТРА жаңалықтарыҚоғам

“iKomekтің” көмегіне 3 мыңға жуық адам жүгінген

Білім, медицина мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы. “iKomek” қызметіне күн сайын түрлі салаға қатысты сұрақтар бойынша 150-ге жуық қоңырау келіп түседі. Желтоқсанның соңында ашылған орталықтың мамандары бүгінге дейін 3 мыңдай адамның базынасын тыңдап, мәселелерін шешуге жәрдемдескен.

iKomek-тің жұмыс істеп жатқанына бір айдан асты. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн операторлар тұрғындардың өтінішін тыңдап, сауалына жауап беруге даяр. Азаматтардың бірі қар шығаруды сұраса, енді бірін ескі ағаштардың жағдайы мазалайды. Бастысы – 109 нөміріне хабарласқан халықтың базынасы аяқасты қалмайды.

Бұл – бірінші желінің мамандары. Қоңырауға жауап беріп, тұрғындардың мәселесін тыңдайтын жандар – осы. Проблеманы нақтылап, мекенжайды анықтап, сауалды екінші желіге тапсырады. Мұндағы қызметкерлер шаруаға жауапты бөлім не болмаса монополистермен байланысқа шығады. Яғни, ыстық су құбыры жарылса – «Жылу желілеріне», жер үй секторындағы колонка қатып қалса «Қызылжар суға» жеткізеді. Қос тараптың арасындағы көпір бір сөзбен айтқанда. Ал істі соңына дейін жеткізуді бақылау сарапшыларға жүктелген.

Ерлан Серікбай – “iKomek” ситуациялық орталығының сарапшысы:

– Мен өзім үшінші желі мамандарымен жұмыс істеймін. Компанияларға мерзімді тағайындап, жұмыстың атқарылуын қадағалаймын. Келісім шарт жасасу да маған жүктелген міндет.

Жүктелген міндет нәтижелі атқарылуда. Бір айдың ішінде мамандардың көмегіне 2900-дей адам жүгініпті. Базада тіркелген өтініш, сұрақ пен базынаның 99 пайызында «аяқталды» деген белгі бар. Қазір бар-жоғы 34 сауал қарастырылу үстінде.

Ғизат Тайжанов – “iKomek” ситуациялық орталығының басшысы:

– Қазір бізге мобильді телефондардан да хабарласуға мүмкіндік бар. Ватсап арқылы да өтініш жолдауға болады. Тағы халыққа ыңғайлы болсын деп Инстаграм мен Фейсбукте iKomek-тің парақшаларын аштық. Азаматтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелермен жиі жүгінеді. Күніне 150-ге жуық қоңырау қабылдаймыз.

Алдағы уақытта қоғамдық көліктердің қозғалысы да iKomek мамандарының қадағалауында болады. Бұл автобустардың кешігіп келуі сынды проблемаларды шешпек. Бағыттардың барлығы мына 3D форматындағы картада көрсетіледі. Әзірге, ақпараттық жүйеден жөндеу мен құрылысқа алынған ордерлерді көруге мүмкіндік бар. Мәселен, сары түсті белгі шаруаның аяқталғанын, ал қызыл – тиісті кәсіпорынның мәселені шешу мерзімін тым созып жібергенін білдіреді.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова