Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала әкімінің 2-ші есептік кездесуі

Аулаға асфальт төсеу, балалар алаңқайын орнату, кәсіпкерлерді қар тазалауға құлшындыру мен вандалдарды жазалау. Осы және өзге де мәселелер шаһар басшысы Болат Жұмабековтың халық алдындағы 2-ші есептік кездесуінде көтерілді. Жиынға Береке ықшам ауданы, Жұмысшы кенті мен вокзал жақтың тұрғындары қатысты. Жалпы, дәстүрлі шарада қала әкіміне 40-тан аса сұрақ түсті.

Бұл – қала әкімі Болат Жұмабековтың 2-ші есептік кездесуі. Шаһар басшысы әдеттегідей әңгіменің әлқиссасын атқарылған істен бастады. Қағазға қарамады, қосымша мәлімет сұратпады, барлығын рет-ретімен жіпке тізді. Былтыр Петропавлда құрылыс қызды. Мұны көріп те жүрміз.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Былтыр құрылыс жұмыстары 4,5 пайызға көбірек болды. Көрсеткіштің жоғарылауына жеке кәсіпкерлер ат салысты. Биыл да жұмыс жалғасады. 25 шақты үй тұрғызуды жоспарлап отырмыз.

Баяндама тыңдалды, кезек сұрақ-жауапқа келді. Микрофон алдында -қаумалаған халық. Алимпиада Крылова өткен жылдың қаңтарында қала әкімінің есептік кездесуіне келіп, Тоқсан би көшесі бойындағы 102-ші үйдің ауласын абаттандыруды сұрапты. Бүгін де осы мәселені көтерді. Азаматшаның айтуынша баспана маңы қараңғы, жарық шамдары жоқ. Асфальт та әбден тозған. Аулаға арамшөп өсіп кетіпті.

Алимпиада Крылова – қала тұрғыны:

–  Біздің үй 57-ші жылы салынған. Сол кезде баспана маңына асфальт төселген екен. Одан кейін бірде-бір рет ауыстырылмапты. Қазір маңайды арамшөп басты. Бұл үйде Қарттар күні мен 9-шы мамырда ғана еске алатын еңбек ардагерлері тұрады.

Сіздің аулаңыз кезекте тұр, биыл абаттандыруға қаржы жоқ, келесі жылды күтіңіз. Алимпиада Крылова мұндай жауапты жаттап алғанмын дейді. Әлбетте, бұл сөздерді 2017-ден бері естіп жүрген көрінеді. Қала әкімі Болат Жұмабеков баспана маңын тексеруге арнайы комиссия жіберемін деп уәде етті.
Есептік кездесуде Александр Цымбал да сөз алды. Ол Батыр Баян көшесінде орналасқан 9-ші үйдің алдына балалардың ойын алаңқайы орнатылса дейді. Тұрғындар бұл мәселені шешу үшін кезекке тұрған екен. Бірақ, 3 күннен кейін тізімнен шығып қалыпты. Бір қызығы, оның себебін қалалық әкімдіктегілер түсіндері алмаған көрінеді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Сіздерді тізімнен алып тастағанда міндетті түрде маманның фамилиясын сұрау қажет. Биыл аулаларды абаттандыру бойынша тың жүйені іске қосамыз. Онда кезек басқаша болады әрі қызметкер өз ісін жөнді атқара алмаса, оны жұмыстан босатамыз.

Өткен жылы Петропавлда тәртіпсіздік фактілері де орын алды. Бұзақылар смарт-орындықтарды, шағын сәулет формаларын бүлдірді. Әйнек аялдамаларды да сындырып кеткен. Былтыр осындай 180 нысанды қиратқан қулардың тек 5-еуі ғана жазаланыпты. Көшеде камералар бар, ал жауапкершілікке тартылғандардың саны неге аз? Болат Жұмабеков полицейлердің жұмысын сынға алды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Караван көшесінің бойында дөңгелек ауыстыратын контейнер тұр. Маңайы қардан тазаланбаған. Кәсіпкер ақ ұлпаны шығару үшін әкімдік өкілдерін күтіп отыр. Мұндай жандар неге жазаланбайды? Өйткені, бұған учаскелік инспекторлар мән бермейді. Өткен жылы қар тазаламайтын кәсіпкерлерге қатысты 30-ақ қана хаттама толтырылыпты. Ал шаһарда 16 мың бизнесмен бар. Бұл бағытта полиция басқармасы нашар жұмыс істеді.

Петропавлдағы аялдамаларда автобустар жайлы және олардың келіп-кетуі туралы мәлімет жоқ. Нақтырақ айтсақ, қозғалыс электронды түрде көрсетілмейді. Бұл мәселені шаһар басшысы шешуге уәде берді. Кездесуде тұрғындар қаланы абаттандыру жұмыстарына да шағымданды. Мәселен, Ухабов көшесі жөнді кеңейтілмепті. Іс өте нашар жүргізілген екен.

Вера Левакова – қала тұрғыны: 

–  Тротуар салынды, гүлзар пайда болды. Бірақ, жаяу жүргіншілер белгісі орнатылмады. Ол кейіннен қойылды. Белгіні орнату үшін көлік газонның үстімен өтті. Салдарынан көгалда машинаның ізі қалды. 2 шаршы метр тротуар да салынбады, жиектас та орнатылмады. Барлығын бүлдіріп кетті.

Қала әкімінің орынбасары Қайрола Ғалеев техникалық қадағалаушылар тарапынан олқылық кетті дейді. Олар қателіктерді уақытылы анықтаулары керек екен. Бірақ, бұнымен Болат Жұмабеков келіспеді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Біз жұмыс жүргізілген жерге келіп, актілерге қол қойған кезде істің сапасын көреміз ғой. Бұл жерде техникалық қадағалаушылардың қажеті қанша? Оның үстіне сіздер уақытылы барып, шаруамен таныспайсыздар. Мен ТҮКШ бөлімі мен осы салаға жауапты орынбасарымның бақылау бойынша жұмысына көңілім толмайды. Оны мойындаймын. Дұрыс қадағалау жүргізілмегендіктен осындай жағдайлар орын алып жатыр.

Кездесуге Елена Карпова ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың атынан келіпті. Нәзікжанды ұл-қыздардың спортпен айналысқанын қалайды. Физикалық белсенділік кішкентай қала тұрғындарын оңалту үшін аса қажет.

Елена Карпова – қала тұрғыны:

– “Дельфин” бассейні мүгедек балаларды қабылдамайды. Жауапкершілік жоғары болғандықтан қорқады. Мен баламды «Нептун»-ға апарып жүрдім. Айына 15 мың теңге төледім. Төлем құны жоғары болғандықтан жаттығуды 3 айдан кейін тоқтаттық.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Іске жауапты мамандар мәселені біржақты етіңіздер. 2020-шы жылдың жоспарына міндетті түрде енгізу қажет. Мәселе аяқасты қалмасын.

Есептік кездесуде шаһар басшысы Болат Жұмабеков “iKOMEK” атты бірыңғай байланыс орталығы жайлы да айтып кетті. Бұл орталық өткен жылдың соңында пайда болды. Тұрғындар “109” нөмірін теру арқылы, ұсыныс-тілектерін жеткізе алады. Желі іске қосылғалы 1300-ден астам қоңырау түсіпті.

Байболат Бектемірұлы