Қоғам

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды

Ашуға мінсе, жақындарына жұдырық ала жүгіретін ер азаматтар бар. Құдай қосқан қосағы мен туған балаларын таяқтың астына алатындарға қатысты жаза қатаңдатылды жуырда. Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 73-ші бабына өзгертулер енгізілді. Енді әйелін балағаттап, кемсіткендер 3 емес, 5 тәулікке қамалуы мүмкін. Ал қол жұмсағаны үшін айыппұлдар алынып тасталып, ескертумен алмастырылды.

Кей жағдайда кино – шынайы өмірдің айнасы, ал кейде сол шынайы өмір экрандағыдан әлдеқайда қатал.

Бұл – өзіміздің Петропавл. Үйдің ауласында жас жігіт қызды балағат сөздің астына алып, шашынан жұлып жатыр. Бұл озбыр кім – бойжеткеннің күйеуі ме әлде сүйіктісі ме? Мән-жай бізге беймәлім. Зәбір көрген қызды жүргізуші құтқармаққа, көлігіне отырғызған еді, бірақ алысқа бармады. Әлгі жігіт қуып жетті.

Ресми емес мәліметтер бойынша, әрбір 5-ші қазақстандық нәзікжанды жұбайынан зәбір көреді. 4 ай бұрынғы Жолдауында Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Қаңтардың 11-і Әкімшілік кодекстегі өзгертулер күшіне енді.

Саят Ермек – тілші:

– Жанұяда жанжал шығарып, қосағын қорлап, кемсіткендер бұрынғыдай 3 емес, енді 5 тәулікке қамауға алынуы не ескерту алуы мүмкін. Ал жарына жұдырық ала жүгіргендер мен денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіргендер сәйкесінше 10 және 15 тәулікке темір торға кетеді. Алайда, бұл баптарда бұрын қарастырылған айыппұлдар алынып тасталып, қарапайым ескертулермен алмастырылды.

Неге? ІІМ логика қарапайым дейді. Зайыбын сабаған адам айыппұлды отбасылық бюджеттен төлеп, жанұялық қазынаға салмақ түсіреді емес пе? Яғни, күйеуінен таяқ жеген әйел физикалық қана емес, материалдық зардап та шегеді. Сондықтан, ақшалай жазаны билік тиімсіз деп тапқан. Ал қызуқанды күйеу қамаққа алына ма әлде ескертумен құтыла ма – оны енді сот шешеді.

Александр Розбах, СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары:

– Әйел адам арыз түсірсе, іс міндетті түрде сотқа жіберіледі. Оған дейін арызды қайтып алуға болмайды. Сот жанжалқойдың жасаған іс-әрекеттері мен оның жеке тұлғасын ескере отырып, оны қамауға алады немесе ескерту жариялайды. Сондай-ақ, қос тарап тек сот процесі барысында ғана татуласа алады.

Саят Ермек – тілші:

– Ал егер озбыр бір жыл ішінде қайта жұдырық жүгіртсе, ескертусіз-ақ көп дегенде 20 күнге темір торға тоғытылады. Бұл – максималды жаза. Бірақ, жанжалқой жұбайды жазалау үшін полицияға арыз беру керек. Десе де, әйел азаматтардың көбі бұл туралы жар салмай, шыдағанды құп көреді. Неге?

Гүлжан Сексенбаева – психолог:

– Күйеуі ұрып жатса да, әйел адам оны сыртқа шығармайды. Себебі, балаларым әкесіз өспесін, жұрттан ұят болады деген себептермен зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді.

Бірақ, шыдамның да шегі бар. Гызбас есімді бұл бойжеткен жылдар бойы күйеуінен емес, туған әкесінен зәбір көрген.

Гызбас:

– 15 жасымнан бастап ол мені күштеп зорлай бастады. Үйден шығармайтын, қит етсе жұдырық ала жүгіретін. Тек мені ғана емес, анамды да, сіңлілерімді де жиі таяқтың астына алатын.

Шыдаудан басқа амал болмады дейді ол. Күндердің күнінде шыдам да таусылған.

Гызбас:

– Жұмыстан сәл кешігіп келген едім. Әкем мені қыдырып жүрсің, “жезөкшесің” деп айыптады, қатты дауыс көтеріп, өлтіремін деді. Қорыққанымнан қолыма аңшылық қаруды алдым. Оны қорқытып, қашып кетпекші болған едім. Шүріппені қалай басқанымды өзім де байқамай қалдым.

Осылай, Гызбас абайсызда әкесін өлтіріп алады. Талай жыл одан зәбір көріп келгенін сотқа дәлелдей алмай, 9 жылға темір торға тоғытылады. Әзірге, 3,5 жылын өтеген.
Қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деген пікір жүр. Алайда, тәжірибелі адвокат Александр Никитенко қылмыстық жаза түйткілді шешпейді деп санайды. Сөзінше, жанұядағы озбырлықтың салдарымен емес, себебімен күресу керек.

Александр Никитенко – адвокат:

– Жарына қол жұмсайтындардың саны жыл санап өсіп жатыр. Қызғаныш, алкоголь мен есірткіге әуестік сынды себептермен бірге, ақшаның жетіспеушілігі және экономикалық проблемалардың салдарынан да жанжал жиі туындап жатады. Сондықтан, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға ден қою керек деп ойлаймын.

Саят Ермек – тілші:

– Билік бұл мәселені шешуге тырысып жатыр. Қабылданған өзгертулер жанжалқойларды тәубеге келтіруге бағытталған. Ал егер азамат отбасы мүшелеріне жиі қол көтеріп, денсаулыққа орта және ауыр зақым келтірсе, мұны сотта дәлелдеу керек. Сонда оған қатысты қылмыстық жаза қолданылады.

Саят Ермек