Қоғам

Петропавлда қар тазалау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр

Петропавлда қар тазалау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бүгінде мамандар қаланың орталығында ғана емес, шеткі аудандарында да бел жазбай еңбек етуде. Тұрғындардың басым бөлігі тындырылған іске дән риза. Ал, кейбірі керісінше өздерінің шағымдарын білдіруде.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

–  Бұл – Жұмысшы кентіндегі Панфилов көшесі. Қазір мұндағы қарды «КоммунСтройСервис» серіктестігі тазалауда. Учаскіде 5 техника жұмыс істеп жатыр. Яғни, 3 трактор, 1 автогрейдер мен ЗИЛ көлігі. Коммуналдық мекеме күніне 1000 текше метр қар шығарады. Және 50-ден аса рейс жасайды.

Жұмыстың басым бөлігі кешкі сағат түнгі 10-нан таңғы 5-6-ға дейін жүргізіледі екен. Себебі, күндіз автокөліктердің қозғалысына кедергі болады. Сонымен қатар, түнде жауған қарды таңға дейін тазалап бітіру керек. Барлығы тұрғындардың жеңіл жүріп-тұрулары үшін дейді серіктестік жұмысшысы Сергей Когушкин.

Сергей Когушкин – “КоммунСтройСервис” ЖШС жұмысшысы:

– Біз көшелерді механикалық тазалаумен айналысамыз. Қозғалыс бағытымыздың жалпы ұзындығы 60 шақырымға жуық. Күніне 8-10 сағат уақыт жұмсаймыз. Жолдағы қозғалысқа кедергі келтірмес үшін түнгі 10-нан бастап таңға дейін жүреміз. Бүгін қар көп түскендіктен жұмысқа күндізгі 12-ден кірістік. Негізі, 4 көшені тазалаймыз. Жоспарлы істің жартысы тындырылды.

Қызу шаруаға қала тұрғындары қандай баға береді? Оны өздерінен сұрап білдік.

– Қарды тазалап жатқандары оңды. Былтырдан қарағанда бәрі жақсы. Түнде келіп жинап кетеді. Өзім қарап, бақылап отырамын.

– Қарды күреген кезде жолдың жиегіне жиналып қалады. Ал, аялдамалардың алды тіпті көктайғақ.

– Негізі, бұл – өте қиын жұмыс. Өзім түнде қар тазалап зулап жүрген тракторларды күнде көремін. Ал таңертең барлығы мұнтаздай тап-таза боп тұрады.

– Қар басты көшелерде тазаланса тазаланар. Анда санда бір өтеді. Ал қиғаш тұрған көшелер мүлдем тазаланбайды. Аялдаманың алды көктайғақ.

Қаладағы көшелерді ақ ұлпадан тазартуға 13 мердігер ұйым жауапты. Әр мекеме күн сайын облыс орталығынан 13 мың текше метр қар тазалап, сыртқа шығарады екен.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Күніне 75-ке жуық техника қар тазалауға шығады. Ал тротуарларды тазалауға «КоммунХоз-Петропавл» серіктестігі шығады. Онда 15 техника болса, 200-ге жуық адам жұмыс атқарады. Олар тротуар, скверлер мен жаяу жүргіншілердің жолын тазалайды.

Жалпы, биыл қала көшелерін ақ ұлпадан тазарту мен оны сыртқа шығару үшін 200 млн теңге бөлінген екен. Бұл сома жыл соңына дейін жетпейтін болса, қосымша қаражат бөлінеді дейді мамандар.

Бердімұрат Баймұқан