МТРА жаңалықтары

Балабақшаларды кәсіпкерлерге беру түйткілі “Nur Otan”-да талқыланды

“Ивушка”, “Ақбота” мен “Балдәурен”. Петропавлдағы осы 3 балабақша бизнесмендерге 10 жылға сенімді басқаруға берілді. Бұл мәселе ата-аналар мен қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшырады. Олар айлық төлем өсіп, қазақ топтары жабылып қала ма деп алаңдаулы.

Әсем Рахметова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Әртүрлі пікірталас жүріп жатыр. Сондықтан да, осы мәселені “Nur Otan” партиясының СҚОФ қабырғасында арнайы қарастырып, талқылау үшін жиналып отырмыз.

Ал сауал деген жететін – журналистерде де, қоғам өкілдерінде де. Манағы “Ивушка” балабақшасының кей ата-аналары басқаруға алған бизнесмен бала саны жетіспегесін бір қазақ тобын жауып жатыр деп байбалам салмап па еді?! Сонда қаржылай тұрғыда тиімсіз болса, онсыз да аз қазақ тілді топтардың тағдыры не болмақ? Жаппай жабылып қалмай ма?

Сара Рамазанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Мемлекеттік тілді топтарды жабуға жол берілмейді. Басқаруға алған кәсіпкермен жасалған келісім шарт бойынша бұған қатаң тыйым салынған.

Шаһардың бас педагогы ата-аналар қауымы бізді дұрыс түсінбеді деп отыр.

Сара Рамазанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Айгөлек” пен “Ивушка” балабақшалары көрші орналасқан. Екеуінде де қазақ тобына баратын 5 пен 6 жастағы балалардың саны аз. Білім бөлімі ата-аналарға сол екі топты бір мекемеде біріктіруді ұсынды, ал босаған орынға жаңа орыс тобын ашуды көздеген едік. Бірақ, бізді дұрыс түсінбеді.

Дұрыс түсінбесе, енді дұрыс жеткізе алмаған шығар. Отырысқа қатысқан Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман бұл шу – білім басқармасының үнсіздігінің салдары деп отыр, бәрін тәптіштеп түсіндіріп алу керек еді. Ал негізі, мемлекеттік тілдегі топтардың жабылуына қайтсе де жол бермеу керек.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Балабақшалар ғана емес, мектептер де алдағы уақытта сенімді басқаруға беріледі. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің бастамасы. Соның бәрінде балабақшалар мен мектептердің бейіні, яғни профилі сақталуы тиіс. Оның бәрі келісім-шарттарда көрсетілуі керек.

Балабақшаларды кәсіпкерлерге беру айлық ақының қымбаттауына әкеп соқтырады деген де үрей бар. Бірақ, шенеуніктер бұған жол берілмейді деп сендірді. Қазір тамақтандыруға ата-аналар айына орта есеппен 14-16 мың төлейді, келісім шарт бойынша сома сол қалпы қалады. Қосымша ақшаны тек қосымша қызметтер мен үйірмелерге ғана шығару керек болады. Бірақ, бұл – ата-ананың өз еркі.

Сара Рамазанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Менің балам ән айтады, менің балам би билейді, ағылшын тілін үйренеді десе, мұның бәрі ата-ананың қалауымен көрсетілетін қосымша қызметтер.

Яғни, инвестор табысты тек қосымша үйірмелер есебінен ғана ала алады. Бағаны өсіруге қатаң тыйым салынған! Білім басқармасындағылар түймедейді түйедей етудің қажеті жоқ дейді. Сөздерінше, бизнес басшылыққа келгесін, балабақшалардың жағдайы біршама жақсармақ. Жаңа басшы жаңа секцияларды ашып қана қоймай, өз қаржысына ғимаратты жөндеп, камераларды орнатып беруге міндетті. Ал сол міндетті ол орындап жатыр ма, жоқ па – билік ұдайы тексеріп отыратын болады.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер балабақша басшылығы қандай да бір қаржылық немесе өзге де өзгерістер енгізгісі келсе, ол 2 ай бұрын білім басқармасын құлағдар етуі тиіс. Кейін арнайы комиссия бұл сұрақты талқылап, оң не теріс шешім шығарады. Сондай-ақ, белгілі бір уақыт аралығында біз мекеменің жұмысын бақылап отыратын боламыз. Егер бұзушылықтар анықталып, келісім шартта көрсетілген міндеттер орындалмай жатса, балабақшаны бизнесменнен тартып аламыз.

“Ақбота” балабақшасын – бір инвестор, ал “Ивушка” мен “Балдәурен”-ді екінші инвестор сенімді басқаруға алған. Кәсіпкерлер конкурс арқылы іріктелініпті. Алайда, халық арасында тендер әділетсіз жүргізілді деген сыбыс жүрсе керек.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі:

– Екі балабақшаны алған инвестор мамлюттік бизнесмен және оның қалтасында көк тиын жоқ деген әңгіме жүр. Егер бұл рас болса, ол тендерді қалайша жеңіп алды? Ақшасы болмаса жөндеу жұмыстарын ол қалай жүргізеді?

Білім басқармасындағылар бұл сыбысты жоққа шығарып отыр. Сөздерінше тендер талаптарға сай жүргізілді. Негізі, Петропавлда 28 мемлекеттік балабақша бар. 3-уі бизнестің қолына өтті. Өзгелерін сенімді басқаруға беру биылға жоспарланбаған, өйткені бұл – пилоттық жоба. Яғни, ол өз тиімділігін дәлелдемесе, бас тартуға мүмкіндік бар.

Саят Ермек