Құқық қорғау органдары

Жаңажылдық түнде Петропавлда ауыр қылмыстар орын алмады

Жаңажылдық түн сабырлы өтті дейді қала полицейлері. Мерекеде әрбір үшінші тәртіп сақшысы кезекшілікке шығып, Петропавл көшелерін кірпік қақпай бақылаған. Әйтеуір, ауыр қылмыстар мен заңбұзушылықтар тіркелмепті. Десе де, 102 нөміріне түскен қоңыраулардың саны біршама артқан.

Ақмарал Балахметова – Петропавл қалалық ПБ жедел басқару орталығы бейнебақылау қызметінің инспекторы:

– Біздің міндет – құқықбұзушылықтарды анықтап, автопатрульдерге, модульдерге хабарлау.

Осылай 24 сағат. Жұмыс әрине ауыр, жауапты, бірақ Ақмарал Балахметованың еті бұған үйренгелі қашан.

Ақмарал Балахметова – Петропавл қалалық ПБ жедел басқару орталығы бейнебақылау қызметінің инспекторы:

– Күніне 35-40-тай құқықбұзушылық анықтаймыз.

Алайда, жаңажылдық түнде олардың саны әдеттегідей артады. Сондықтан, мейрамда шаһардағы жедел басқару орталығы қалтқысыз жұмыс істеді. Кезекші сақшылар мерекені туысқан, жанұя не дос-жаранның ортасында емес, көшеде және экран алдында қарсы алды. Бұл енді – қызметтік талап. 2020-ның алғашқы түнінде 102 телефонына 150-ден астам қоңырау түскен.

Нұрлан Мұхамеджанов, Петропавл қалалық ПБ жедел басқару орталығының бастығы:

– Ауыр құқықбұзушылықтар мен қылмыстар тіркелмеді.

Десе де, шағымдар болмады емес, болды. Олардың көбі тентек суға тойып алып, отбасы мен туғандарына жекігендерге қатысты түсіпті. Тағы, “көршілерім ұйқы бермей жатыр” деп базына айтқандар да аз болмаған. Удай мас күйінде көшеге шығып, жұрттың тынышын алғандар да баршылық. Ал жұдырықтасу, зорлау сынды фактілер, қуанышқа орай, тіркелмепті. Негізі, Петропавл көшелеріндегі тәртіпті бұл түнде 140 полицей қадағалаған. Бұл -шаһардың әрбір 3-ші сақшысы. Олар үш аумаққа бөлініп, кезекшілік құрыпты.

Қуандық Ысқақов – Петропавл қалалық ПБ жедел басқару орталығының бастығының орынбасары:

– Орталық аумаққа Черемушки, Заречный және әкімдік алаңдары жатады. 1-ші полиция бөліміне 19-шы және 20-шы ықшам аудандар кіреді, ал 2-ші полиция бөліміне жұмысшы кенті жатады.

Осы үш аумақтың әрбір метрін мамандар кірпік қақпай бақылапты. Әсіресе, дәмхана-мейрамхана, түнгі клубтар басты назарда болған. Өйткені, төбелестер осы орындарда жиі тіркеледі. Қысқасы, бұқара көңіл көтеріп жатқанда полицейлер сол көңіл көтерудің арты қайғылы аяқталмауын қамтамасыз етті. Қаңтардың 1-і мен 5-і аралығындағы күшейтілген режим артта, сақшылар қалыпты тәртіпке көшті.

Саят Ермек