Аптадағы маңызды жаңалықтар

2019 жыл немен есте қалды

Ескі жылды шығарып салдық, Жаңа жылды қарсы алдық. “Кеткен 2019 немен есте қалды?” деген заңды сұрақ туындайды көкейде. Айтуға тұрарлық дүние көп: фабрикалар ашылды, ноутбуктер жиналып, шұлықтар тоқыла бастады, диқандарымыз әжептәуір өнім алды. Әріптесім Саят Ермек өткен 365 күннің бейнеқорын ақтарды.

Саят Ермек – тілші:

– Жаңа жыл кіргелі, міне 5-ші күн. Десе де кеткен жылды саралап, ой түйерге әлі кеш емес. Әр адам өткен 365 күнде не істедім деп анализ жасайды жыл басында. Алға жоспар құрып әлек болады. Ал біз болсақ, күллі Солтүстік Қазақстан облысының 2019-дағы жетістіктері мен айшықты оқиғаларды еске түсіруге тырыстық.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Менің ойымша, Солтүстік Қазақстан – ең алдымен, үлкен мүмкіндіктері бар өңір. Әсіресе, инвесторлар үшін. Петропавлда өнеркәсіп потенциалы өте жоғары.

Осы потенциалды жүзеге асыруға теріскей ден қойды. Облыс үшін ең айшықты деген оқиғалардың бірі сол – қазанда “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы ашылды. 3 мың жаңа жұмыс орны, 1,5 трлн теңгенің өнімі – бұл алдағы ширек ғасырға арналған меже.

Солтүстік Қазақстанда жиналған ноутбуктер. Мақтануға тұрарлық жәйт. Біздегі әйгілі Киров атындағы зауыт қолға алды мұны. Теріскейде жасалған заман игілігі жуырда нарыққа шығады. ПАМЖЗ болса азық-түлік пен астықты бүлдіртпей жеткізетін термос-вагондарды құрастыра бастады. Қысқасы, 2019-да өлке зауыттарын жаңғыртуды жолға қойды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 6,7 млрд екі зауытқа бөлінді. 4,5 млрд теңге – ПАМЖЗ-ға, 2,2 млрд -Киров зауытына. Бұл модернизацияны біз одан әрі жалғастыратын боламыз.

Атап өтпеске болмас, Тайыншада ет комбинаты ашылды, ал Новоишимкада қоспа жем өндіретін зауыт жұмысын бастады 2019-да.

Ал бұл – Айыртау ауданы, Сырымбет. Бірі білсе, бірі білмес – мұнда Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны жатыр. Сонау 80-ші жылдары табылған жерасты байлығын теріскей тек мамырда игере бастады. 2-3 жыл ішінде Сырымбетте жаңа тау-кен комбинаты салынады, жылына мұнда қалайының 10 мың тоннасы өндірілетін болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жобаның іске асырылуын біз 18 жылдай күттік. Бұл – біздің облысымыз үшін ең ірі инвестициялық жоба. Инвестицияның көлемі – 100 млрд теңге.

100 пайыз мақтадан жасалған петропавлдық шұлықтар – жоқ, ертегі емес, шындық. Наурызда фабрика ашылды шаһарда. Қазір “MATEX” брендінің өніміне дүкен сөрелері толып тұр.

Любовь Пелипенко, қала тұрғыны:

– Очень хорошая продукция. Качественная и тёплая. Для наших суровых зим очень актуально.

Бұл Солтүстік Қазақстанның үлкен мүмкіндіктер өлкесі екенін тағы бір дәлелдейді. Бірақ, облыстағы басты сала – аграрлық болып қала бермек. Диқандарымыз 5,1 млн тонна астық жинады. Көрші жатқан Ақмола гектарына – 11, ал Қостанай облысы 7 центнер алғанда, теріскейде гектар берекелігі 17-ге сәл жетпеді. 2019-да майлы дақылдар алқабын 1 млн гектарға жеткіздік. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. “Солтүстік соясы” бағдарламасын бастап, бұл дақылды 20 мың гектарға ектік, келер жылға меже енді – 150 мың. Тағы 3 бірдей сүт-тауарлы кешен ашылды 2019-да. Бұл – тағы бір жетістігіміз. Шетелден тұқымы асыл 1600 сиыр әкелінді. Келер жылы ақ өндіретін фермалардың тағы 10 шақтысы салынбақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сұраныс өте көп. Солтүстіктің өнімі сапалы әрі таза деген пікір көптен бері қалыптасып отыр. Бұл – дұрыс! Өйткені, химиялық заттарды пайдаланбаймыз. Бүкіл өнім табиғи әрі таза.

Өткен жылы Н.Назарбаев отставкаға кетті.

Осылайша, 2019 кезектен тыс Президент сайлауымен де есте қалды. Маусымның 9-ы Қазақстан жаңа Мемлекет басшысын таңдады, жерлестердің 80 пайызы дауыстарын берді. Саяси науқанда Қасым-Жомарт Тоқаев озды.

Кейін сайланған Президент ант қабылдайды, ел басқаруға кіріседі. Ал тура үш айдан соң қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына ат басын бұрады. Сапарында ол пісіп тұрған алтын дән алқаптарына соғады, Зенченконың фермасымен танысады, зауыттарды аралайды. Аграрлы өлкеде Президент аграрлық жиын өткізіп, ауыл шаруашылығының даму векторын айқындап береді. Ал қарашада теріскейге Премьер-Министрдің жолы түседі. Асқар Мамин қатты және сұйық сабын шығаратын Қазақстандағы бірегей фабриканы ашып берді. Қауқары оның күшті – жылына 1800 тонна. Үкімет басшысы шаһарда бой көтеретін 500 орындық көпсалалы аурухананың капсуласын да қалады. Оны түріктің «YDA Holding» компаниясы 2022-ге дейін тұрғызбақшы. Ал Новоникольское маңындағы мына көпірді 5 ауыл тұрғындары зарыға күтті. Оны аграрий Геннадий Зенченко өз қаржысына тұрғызды. Көктемде Есіл тасығанда қызыл су бұл елді мекендермен қатынасты үзуші еді. Енді проблема артта қалды.

Негізі, көктемгі тасқын жылда әбігерге салады. Өткен жылдың сәуірінде Сілетінің суы Қаратал мен Қуылкөл ауылдарын шайып кете жаздады. Абырой болғанда, апаттың алды алынып, тасқын үйлерге кірмеді. Иә, оқыс оқиғалар мен жаға ұстатарлық қылмыстар да болмады емес, болды өткен жылы. Мамлюткада анасы мен 3 жасар қызын ағашпен ұрып, пышақтап өлтірген қанішер Игорь Дементьев қарашада 21 жылға сотталды, ал бір апта бұрын шешім өзгеріп, қылмыскер өмір бойына түрмеге кетті. Ал өткен жылдың басында – ақпанда Петропавлдағы үйлердің бірінде газ жарылып, 4 пәтердің тас-талқаны шықты. Ажал құшқандар болмады, әйтеуір. Ал Жаңа жыл қарсаңында Алматы түбінде “Век Аіr” компаниясының ұшағы құлап, ел жаппай қара жамылды. Жә, көңілге қаяу түсіретін жәйттерді қойып, жақсыны сөз етейік. Тамызда Береке ықшам ауданында 600 орындық мектеп ашылды.

Өткен жылдың бір жағымды тұсы – өлке бойынша 142 мектеп күрделі жөндеу көрді. Бұл – күллі елде жөнделген оқу ошақтарының 40 пайызы. Жаман емес! 35 мың теріскейлік бала, осылайша, жаңартылған ғимараттарда білім алып жатыр қазір.

Жылқыбай Сүлейменов – Астраханка орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– Мектебіміз біздің өзгеріп, ата-аналар, ауыл тұрғындары келіп, қарап қуанып жатыр.

Сондай-ақ, 2019-да 20 мың үйге су тартылған, 2200-ден астам пәтер тапсырылған, 700 шақырымдай жол жөнделіпті, 4 млрд теңге бағытталып, медициналық қондырғылар алынды. Ауруханаларымызда сандық маммографтар, таммографтар мен ангиографтар жұмыс істеп тұр қазір. Ал аяқ басқан 2020-да бұл шаруа жалғасын табады деп сендірді бірнеше күн бұрын жылды қорытындылаған аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Видеобақылау камераларымен 294 объектіні қамту үшін 259 млн теңге бөлінді. Облыстың 100% мектептері бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі.

Археологиялық олжаларсыз да болмады 2019. Өткен жылдың басты мәдени жаңалығы – Уәлиханов ауданында Алтын орда дәуіріне тиесілі “Қызыл оба” қонысының табылуы. Мұндағы қазба жұмыстары былтыр басталып кетті, биыл жалғасын таппақ. Ал Тайынша ауданына қарасты Донецкое ауылының маңында қазан айында көне мәйіт табылды. Оны кішкентай балақай байқап қалған. Жергілікті ғалымдардың бірі бұл ортағасырлық әйел адамның сүйектері деп болжап отыр. Қазбалардың нәтижесінде моладан тағы күміс айна, ағаш тарақ, қайшының сабы мен өзге де заттар табылған. Бұл жәдігерлер де Алтын Орда кезеңінікі деген де пайым бар. Футболшыларымыз қуантты кеткен жылы. “Qyzyljar” клубы тарихта алғаш рет 1-ші лиганың маусымында топ жарды. 2020 жылы петропавлдық аяқ доп шеберлері Премьер-лигада өнер көрсетпек.

Саят Ермек – тілші:

– Міне, 2019 осымен есте қалмақ біз үшін. Айтар дүние әлі көп, алайда тізгін тартар уақыт жетті. 2020-дан жаңа жетістіктер мен толағай табыстар күтеміз. Кірген Тышқан жылы бізге не дайындады – оны енді уақыт көрсете жатар.

Саят Ермек