Анасы мен оның 3 жасар қызын аяусыздықпен өлтірген Игорь Дементьев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, қанды оқиға тамыздың 7-сі күні Мамлютка қаласында орын алды. Сол күні 25 жастағы Дементьев Айнагүл Дүйсекина мен оның 3 жасар қызын пышақтап өлтірген. Осы іске байланысты 15 қараша күні сот үкімі шыққан болатын. Онда қатыгез қылмыскер 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ, шешімге марқұмның ағасының көңілі толмады. Ол бұл жаза қылмыскер үшін тым жеңіл деп есептеп, істі апелляцияға берген. Жәбірленуші тараптың қарсылығын ескеріп, сот бүгін жаңа шешім шығарды.
Владимир Кириленко – облыстық соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы:
– СҚО мамандандырылған ауданаралық сотының Игорь Дементьевке қатысты 15-ші қарашадағы үкімі өзгертілсін. Оған тағайындалған 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылсын. Жазасын ол қауіпсіздік деңгейі жоғары түзету мекемесінде өтейді. Жәбірленушілерге төленуі тиіс материалдық өтемақы әрқайсысына 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін артсын.
Ешкенова Дана