МТРА жаңалықтары

Жерлесіміз республикалық форумда “Үздік халықаралық ерікті” атанды

Жергілікті белсенді жас Лилия Гизатуллина “Үздік халықаралық ерікті” атанды. Жуырда елордада “Birlik” республикалық еріктілер форумы өткен болатын.

Із-түссіз жоғалған адамдарды іздеу, науқас балалардың еміне ақша жинау, соғыс ардагерлері мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Мұндай жұмыстарды Лилия Гизатуллина есімді жерлесіміз жетекшілік ететін клуб өкілдері атқарады. Бойжеткен бала күнінен белсенді екен. Ол оқушы кезінде түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, қатысып жүріпті. Осы қасиетінің арқасында Лилия былтырдан бері еріктілер ұйымын басқарады.

Лилия Гизатуллина – СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

– Ерікті болу – маңызды іс. Біз көп шаруа атқарамыз. Мысалы, “ЕХРО – 2017” халықаралық көрмесінде болып, қызмет көрсеттік. Былтыр Петропавлда ұйымдастырылған Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына қатыстық. Ал биыл Омбыдағы жиынға ат салыстық. Ата-әжелерімізді де назардан тыс қалдырмаймыз. Үнемі көмектесеміз. Науқас балалардың еміне қаржы жинап қолғабыс етеміз.

Жоспар ауқымды. Алдағы уақытта Лилия Қазақстанның өзге өңірлеріндегі және көршілес елдердегі еріктілермен әріптестік орнатып, тығыз байланыста болғысы келеді. Мұндай шаруа бүгінен басталып кетіпті. Жақында клуб жетекшісі Ресейдің Сочи қаласынан оралған екен. Онда қатарластарымен танысып, тәжірибе алмасқан.

Елімізде күннен-күнге өз еркімен қоғамға пайдасын тигізгісі келетін волонтерлердің қатары жыл санап артып келеді. Мысалы, жуырда ғана еліміздің бас қаласында “Birlik” республикалық еріктілер форумы өтті. Шараға мыңнан артық белсенді жиылды. Мұнда қоғам өміріне жан-жақты араласып жүргендер марапатталды. Қошаметке бөленгендердің арасында 21 жастағы жерлесіміз Лилия Гизатуллина да болды. Бойжеткен ауқымды жиында “Үздік халықаралық ерікті” номинациясында 3-орынға лайық деп танылған. Ал осыдан бір ай бұрын Лилия өңірдің “Жыл еріктісі” атаныпты.

Лилия Гизатуллина – СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

– Бұл менің жұмысыма үлкен серпін береді деп ойлаймын. 2020 жылды мемлекет басшысы “Еріктілер жылы” деп жариялады. Алдағы уақытта үлкен іс тындырамыз деген үміттемін. Өңірдегі волонтерлердің барлығы белсенді. Қиындықтан қашпайды. Кез келген іске білек сыбана кірісіп кетеді.

Айта кетейік, облысымыздағы еріктілер клубтарында 700-ден астам белсенді бар.

Дана  Ешкенова