Жыл басынан бері Шал ақын ауданынан 500-ге жуық адам көшіп кеткен. Сондай-ақ, мұндағы 18 мың тұрғынның шамамен 2 мыңға жуығының тұрмысы төмен. Бұл жайлы аудан басшысы Нұрлан Есімов журналистер алдында берген есебінде айтты. Әкім осы және өзге де проблемаларды қалай шешіп жатқанын баяндап, Сергеевка қаласының болашағын да тілге тиек етті.
Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:
– Мемлекеттің мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болып табылады.
Баяндамасын осылай әдемі бастаған Нұрлан Есімов 17 бетті 40 минут бойы бас көтермей оқыды. Тіпті, биыл мектеп бітірген аудан түлектерінің қаншасының оқуға түскені мен қаншасының әскерге кеткенін, қанша бала туылғанын айтып берді. Шал ақын ауданының әкімі Президент тапсырмаларын да шама-шарқымызша орындап жатырмыз дейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтің пайдаланылмай жатқан жерлерді шаруалардан тартып алу туралы пәрмені де назарда екен.
Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:
– Бүгінге дейін Шал ақын ауданы бойынша мемлекет меншігіне 4270 гектарды қайтардық. 1068 гектары – егістік, ал 2900-дейі – жайылымдық жерлер. Оларды енді жұмыс істеуге құлшынысы жоғары аграрийлерге береміз.
Есімов мырза журналистерден қордаланған проблемаларды да жасырмады. Тұрмысы төмен жандар артып жатыр Шал ақын ауданында – 2 мыңға жуықтайды. Ол-ол ма, жыл басынан 450 адам көшіп кетіпті. Себеп неде? Әкімнен сұрап едік, бұл қалыпты құбылыс деп қысқа қайырды.
Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:
– 11-12 жылдың ішінде біздің аудан халқының 1/3 көшіп кетті. Бұл жалғыз біздің ауданымызда ғана емес, дүниежүзілік тренд деп айтуға болады, өйткені урбанизация жүріп жатыр қазір, халықтың қалаларда тұрғысы келеді.
Халық ауылдарда қалар еді, егер тиісті жағдай жасалса. Жалақының аздығынан жұмыс іздеп қалаға кетеді ғой көбісі. Ал орташа айлық еңбекақы бойынша Шал ақын ауданында жағдай мәз емес. 1 теңгесіз 103 мың – бұл облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:
– 100 мың теңге аудан үшін аз да емес, көп те емес деп ойлаймын. Бірақ, жұмыс атқарып жатырмыз. Біздегі жалақының аздығы біздің аудан орталығының статусына байланысты.
Иә, бұл шынымен де жалақы мөлшеріне әсер ететін маңызды фактор. Қазір Сергеевка – қала. Бірақ, жуырда бұл статустан айырылып, селоға айналуы мүмкін. Ресми қаулы әлі жоқ, бірақ атқамінер мұны қалайтынын жасырмады. Өйткені, артықшылақтар көп.
Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:
– Қаладан селоға өзгерген кезде біз “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасына енгізілетін боламыз. Өйткені қала статусында бізді бұл бағдарламаға енгізген жоқ. Сосын, біздің мұғалімдер мен медициналық қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға өседі.
Жол мен су – көшіп жатқан халықты ұстап қалу үшін Нұрлан Есімов осы екі мәселені шешу керек деп санайды. Биыл Шал ақын ауданының билігі 86 млн теңге жұмсап, Кеңес, Балуан, Жаңажол ауылдарына апарар жолдарды жөндепті. Ал орталықтандырылған сумен қамтуда мұндай кеуде қағарлық нәтиже жоқ, өкінішке қарай. Құбырлар тек 4 ауылға ғана жеткен, қалған елді мекендегі ағайын әзірге тіршілік нәрін құдықтардан алып жүр. Құдық демекші, бұл проблема аудан орталығында өзекті. Қытымыр қыста Сергеевка қаласындағы колонкалар қатып қалады. Жағдай жылма-жыл қайталанады деп жыл басында журналистерге шағымданған еді тұрғындар.
Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:
– Жасыратын түгі де жоқ, қатады. Бізге мынадай көшеде колонка қатып қалды деп хабар береді. Сол кезде біздің қызметкерлер барып жылытады да, халыққа су береді. Қатты суық болған кезде біз ештеңе істей алмаймыз.
Аудандық денсаулық сақтау саласында да мәселелер жоқ емес. Шалақындық орталық ауруханаға 10 дәрігер жетіспейді. Десе де, 68 млн теңге жұмсап, биыл наркоз аппараты мен флюроограф алынған. 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. Одан қалды, Шал ақын ауданы – сабан арқылы жылытатын қазандықтарды орнату бойынша облыста көшбасшы. Қазір мемлекеттік мекемелер, мектептер мен тұрғын үйлер жаппай биоотынға көшіп жатыр. Осылайша, көмірге шығындалмай, бір жылда әкімдік бюджет қаржысының 37 пайызын үнемдепті. “Еңбек” бағдарламасы да жүзеге асып жатыр, жыл басынан бері мұнда 51 отбасы өзге жақтардан қоныс аударған. Оларға арналып 26 үй тұрғызылыпты.
Саят Ермек