Өңірге Мәскеу, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбе қалаларынан білікті хирургтер ат басын бұрды. Ақ халаттылар екі күн бойы Уәлиханов ауданында болып, лапароскопИялық ота жасаудың жолдарын көрсетті. Бүгін меймандар дәл осы шеберлік сағатын облыстық ауруханада ұйымдастырды. Мамандар жергілікті әріптестерімен бірлесіп 8 бірдей операция өткізді.
Диафрагма өңеш тесігі жарығының лапароскопиясы. Облыстық аурухананың екі бірдей операция бөлмесінде қазір отаның осы түрі жасалып жатыр. Атауы бойда бір үрей тудыратын сияқты болса да қорқудың қажеті жоқ. Кинолардан көретін операциядан ол сәл өзгешелеу. Мұнда дәрігер отаға қажет басты дүние – скальпельді қолданбайды. 90-шы жылдары қазақстандық ақ халаттылар өңеш тесігінің жарығын жою үшін қандауыр пышақтың көмегіне жүгінетін. Бүгінде заманмен бірге бұл операцияның жасалуы да өзгерді.
Эдуард Галлямов – РФ еңбек сіңірген дәрігері, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Мәскеу, РФ:
– Науқастың денесінде бірнеше кішкентай тілік жасалады. Сол арқылы қажетті құралдар мен камераны өткіземіз. Іс-әрекеттің барлығын экраннан бақылап отырамыз. Біз Петропавлға дейін Уәлиханов ауданында болдық. Елді мекенде 2 күн бойы мамандарға шеберлік сағаттарын өткіздік.
Лапароскопияның тиімділігі сол – адам отадан кейін ұзақ уақыт бойы төсек тартып жатпайды. Себебі, кішкентай тіліктер тез арада жазылып, емін-еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Яғни, науқас бір-екі күннің ішінде-ақ аяққа тұрып кетеді. Тіпті, ауыр жұмыс жасайтын жандарға да көп ұзамай қызметіне оралуға болады. Бұрындары қалыпты өмірге қайта сіңісу үшін адамдарға бірнеше ай қажет еді дейді дәрігерлер. Жалпы, лапароскопиялық оталармен облыстық аурухананың мамандары жақсы таныс. Бірақ, кейбір түрлерін меңгергендеріне ұзақ уақыт болмапты.
Серік Тоқпанов – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Лапароскопиялық оталардың қиындары бар. Бүгін соны жасау бойынша тәжірибемен бөлісуге келдік. 8-9 операция жоспарланған.
Мәскеу, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеден келген дәрігерлердің бұл тандемі қазақстандық қана емес, шетелдік хирургтерге де жақсы таныс. Өз ісінің хас шеберлері жиі жер-жерге барып лапароскопиялық отаны жасау бойынша шеберлік сағаттарын өткізеді екен. Білікті мамандарға жұмыс барысында жергілікті дәрігерлер көмек көрсетеді. Ал операцияға қатыспағандары ақ халаттылардың жұмысын сырттай конференц-залда бақылап отыр.
Лапароскопиялық отаны әп-сәтте меңгеру мүмкін емес. Тәжірибелі мамандардың өзіне кемінде 3-4 рет ассистент рөлін атқару қажет екен. Шеберлік сағаттарынан кейін де облыстық аурухананың дәрігерлері білімдерін толықтыру үшін курстарға қатысатын болады.
Руслан Абетов – облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
– Аурухананың материалдық-техникалық базасы операцияның түр-түрін жасауға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл – бізде биылға ұйымдастырылып жатқан екінші шеберлік сағаты. Алғашқысы шілде айында өткен еді. Онда асқазанның шунттік отасы жасалды.
Шеберлік сағатына қала мен аудандардағы ауруханалардың дәрігерлері жиылыпты. Ота аяқталғаннан кейін дәрігерлер жергілікті әріптестеріне өткізілген операциялар бойынша дәріс оқыды.
Эльмира Садвокасова