МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер – үздіктер қатарында

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер – жеңімпаздар қатарында! Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің үздік шағын және орта бизнес өкілдері марапатталды.

Елордада өткен жиында бірнеше жергілікті кәсіпорын түрлі аталымда топ жарды. Мәселен, “Қазетөнімдері” серіктестігі “Қазақстанның үздік тауарлары” байқау-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында жүлде еншіледі. Аталған өндіріс ошағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Бүгінде мұнда 140 адам еңбек етеді. Олар 130-дан аса өнім түрін шығарады. Осы орайда айта кеткен жөн, дәл осы кәсіпорынның тауары үстіміздегі жылдың күзінде ұйымдастырылған халықаралық «WorldFood Moscow» көрмесінде 3 бірдей алтын алқа иеленген болатын. Салтанатты кеште тағы 2 солтүстікқазақстандық кәсіпорын басшысы құрметке бөленді. “Парыз” байқауында «Ильинское» серіктестігі – «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», ал «Изолит» серіктестігі «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында жеңіске жетті.

Култанов Байболат