627 млрд теңге. Үстіміздегі жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы мамандары дәл осыншама соманың тауарын өндірген. Бұл соңғы 4 жылдың ішіндегі көрсеткіштен 1,5 есеге көп. Даму өзге салаларда да байқалады. Алайда, кейбірі республикалық деңгейден төмен.
11 айдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы жаман емес. Әрбір салада өсу бар. Егін жиналып, мал басы көбейіп, баспаналар салынып жатыр. Инвестиция тарту көрсеткішіне де оң баға беруге болады. Бұл – бір жылға жуық атқарғылған жұмыстың жемісі. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы өзгерістерді атап өтпеуге болмас. Желтоқсан айына дейін сала мамандары 627 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Жыл соңына дейін көрсеткіш тағы 9 млрд-қа артады деген болжам бар.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы 4 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы шығарылған тауар көлемі 1,5 есеге артты. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы бойынша біз 411 млрд теңгенің өнімін әзірледік. Мұндай өсім – жерді әртараптандыру сынды қолға алынып жатқан шаруалардың нәтижесі. Өңір көрсеткіші тіпті орташа республикалық деңгейден де жоғары.
Дегенмен, өңірді артқа тартып тұрғандар да бар. Аққайың, Жамбыл мен Тимирязев аудандары құрмет тақтасына тағы да енбеді. Мұндағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші ай сайын өсудің орнына, керісінше төмендеп барады. Аграрлы саланың әлеуетін тағы Ақжар, Уәлиханов, Қызылжар мен Мамлют аудандары жүзеге асыра алмауда. Бірі мал басын көбейте алмай, келесілері сүт, ет пен жұмыртқаның өндірісін көтере алмай әлек. Өнеркәсіпте де ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Даму болғанымен, республикалық деңгеймен салыстыруға келмес. Оған себеп – өңдеу мен машина жасау секторларының ақсауы. Киров зауыты мен Мұнаймашқа айтар мін жоқ. Ал ЗИКСТО мен Петропавл ауыр машина жасау зауыттарына артылған үміт биыл ақталмады. Соңғысы жаңа өндірісті қолға алып қуантқанымен, биыл 5,4 млрд теңгенің тапсырысынан қағылды. Осылайша, кәсіпорынның жылдық көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда екі есеге дейін аз болмақ.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Тапсырысқа байланысты келіссөздер наурыз айынан бері жүргізілді. Істі тездетуге өзім де бірнеше рет қатыстым. Нәтижесін қаңтар айынан ғана көрмекпіз. Жалпы, 2019 жыл Петропавл ауыр машина жасау зауыты үшін қиынға соқты.
Есесіне келесі жылы кәсіпорын екі тапсырысты бір-ақ алмақ. Осылайша, жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асатын өнімді әзірлейді. Оған әрі термовагондардан түсетін пайда қосылмақ. 2020 жылы ЗИКСТО-ның да жағдайы түзелмек. Айыппұл пен өсімпұлдар енді артта қалды.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Кәсіпорын 2018-дің тамыз айынан тұралап қалды. Биыл қараша айында ұжымды қайта жинадық. Мамандар жұмысқа енді кірісіп жатыр. 2020 жылы жағдай түбегейлі түрде өзгеруі тиіс.
Қазақстан темір жолы 2 мыңдай платформа жасауға тапсырыс беріпті. Осылайша өндіріс ошақтарының ісі өрге жүзіп, алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың қатарына қайта енбек. Отырыста құрылыс саласының да қарқыны жайлы айтылды. Былтыр форумның аясындағы жұмыстарға байланысты жақсы нәтиже көрсеткен едік. Биыл болса, межені сақтап қана қоймай, одан асып түстік. Көрсеткіш тіпті республикалық деңгейден де жоғары. Қарқынды бәсеңдетуге болмайды. Алайда, жоспардың уақытылы орындалуына кедергі келтіруі мүмкін факторлар бар. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін жер үйлерді сүру қажет. Ал олардың иелеріне пәтерді қайталама нарықтан емес, су жаңа баспаналардан беру керек. Бірақ, ол үшін дайын тұрған нысандар жоқ.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа қарастырылған қаржы бар. Алайда, соны алып, жұмыс істейтіндер жоқ. Учаскелерді құрылысқа дайындау үшін сүру жұмыстарын қыста жүргізу қажет қой. Шаруа сылбыр атқарылуда.
Өзге жұмыстарға бөлінген қаражат та бюджетте қалуы мүмкін. Әзірге, 2,5 млрд теңгеден астам қаржы игерілмеген. Жыл соңына дейін іске жаратылмаған ақша тиісті арнаға жұмсалуы тиіс. Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің жағдайы да баяндалды.
Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік пен туризм басқармасының басшысы:
– Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің ішінен тек екеуі бойынша ғана өсу байқалады. Республикалық көрсеткішке қарағанда өңірдегі тұз бен күріштің бағасы жоғары. Аудандардағы тауарлардың құнын өсірмеу бойынша қазір арнайы штаб жұмыс істеуде.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Барлық дүкендер мен базарларды бақылауда ұстау қажет. Аудандарды да назардан тыс қалдырмау керек. Әкімдердің есебіндегі сандарды тексеріңіздер. Қазір Жаңа жылдың алдында кейбір кәсіпкерлер бағаны шарықтатып жіберулері мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.
Жаңа жыл демекші, өңір бойынша шырша шамдарының жағылуы 20-сынан кейін жүргізілмек. Балаларға арналып мұз қалашықтары салынып жатыр. Қысқы демалыстарын оқушылар орталық алаңдарда өткізетін көрінеді.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 13 мектепте хоккей корттары бар. Алайда, бүгінде олардың тек жартысына ғана мұз құйылған. Көпқабатты үйлердің ауласындағы жағдай да осындай. 15-інің тек бірнешеуінде ғана коньки теуіп жүрген балаларды көруге болады. Орнатып берген хоккей қораптарын неге пайдаға жаратпайды? Біз сонда оларды кім үшін қойдық?
Сөйтсек, кейбір пәтер иелері кооперативтері хоккей қораптарына қолдарын бір сілтепті. Шаруаны ауырсынғандықтан емес, керек етпегендіктен екен. Баспана тұрғындары да балаларының қалауын ескермеген сияқты. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бұл олқылықты Жаңа жылға дейін түзеу қажеттігін қадап айтты.
Эльмира Садвокасова