Кешкі жаңалықтар

Арнайы репортаж 16.12.19

Заградовка – 300-ге тарта үйі бар Есіл ауданындағы болашағы зор ауыл. Елді мекенде мыңға жуық адам тұрады. 30-ы су жаңа сүт-тауарлы фермада тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған кешен Тәуелсіздік күніне орай ашылды.

Саят Ермек – тілші:

– Тура Австриядан симментал тайыншаларының алғашқы 100 басы әкелініпті, ал екінші партия кеше ғана жолға шыққан. Сиырлардың үшінші легі қаңтар айында келмек. Осылайша, фермада асыл тұқымды ірі қараның 400 басы бапталатын болады. Ал сүт өндірісін кешен тек 2020-ның мамырында бастамақ. Неге? Өйткені, Австриядан буаз келген тайыншалар дәл осы айда алғашқы төлдерін беруі тиіс.

Сондықтан, сауу қондырғысы да әлі орнатылмапты. Негізі, жылына ферма 2,5-3 мың тонна ақ өндіруді меже етіп отыр. Бұл – әзірге, Есіл ауданындағы мұндай жалғыз ірі кешен. Аргарий Иван Фисенко оның құрылысы мен тайыншаларды сатып алуға 1 млрд 200 млн теңге жұмсаған.

Иван Фисенко – “Заградовское” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– 450 млн теңгені Аграрлық несие корпорациясы кредитке берді, оған мал алдым. Құрылысқа жұмсалған қалған 800 млн – шаруашылықтың өз қаражаты. Мемлекеттен шамамен 600 млн теңге субсидия аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Облыста осы жылы жұмысын бастаған үшінші кешен бұл. Ал келер жылы тағы 10 шақтысын саламыз дейді Кұмар Ақсақалов. Сөзінше, мұндай сүт-тауарлы фермаларда ақтың сапасы жоғары болады. Ал бұл – аса маңызды фактор.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тек қана заманауи фермаларда ғана сапалы өнім шығаруға болады. Өйткені, жеке шаруашылықтарда технология көптен бері сақталмай келеді. Бұл жерде біраз проблемаларымыз бар. Тек қана осындай фермаларда сапа болады. Фермаға салынған қаражатты 2,5-3 жылдан кейін қайтаруға болады. Өйткені, мемлекет тарапынан біраз жеңілдіктер жасалынады.

Ия, жұмыс істеймін дегендерге жеңілдіктер жететін. Мәселен, шетелдік әр мал басы құнының 30 пайызын мемлекет өтейді шаруаға, ал келер жылы қолдауақы, тіпті 50 пайызға жетуі мүмкін. Одан қалды құрылыс пен қондырғыларға кеткен ақшаның 25 проценті төленіп, қорек үшін де қаржы беріледі.

Солтүстік Қазақстан облысы қазір өзін-өзі сүтпен артығымен қамтып отыр. Адам басына шаққанда бақандай 1 тонна ақ өндіріледі өңірде. Бұл қажеттіліктен 10 есеге көп, сондықтан, өнімнің басым бөлігі ішкі-сыртқы нарықтарға экспортталып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сұраныс өте көп. Солтүстіктің өнімі сапалы әрі таза деген пікір көптен бері қалыптасып отыр. Бұл – дұрыс! Өйткені, химиялық заттарды пайдаланбаймыз. Бүкіл өнім табиғи әрі таза.

Заградовкада 2 ірі аграрий еңбек етеді. Екеуінің де туған ауылының жағдайын жақсартып жатқан жайы бар. Шаруалардың бірі Юрий Шоль селоның ескі клубын жөндеп, мәдени-демалыс орталығын ашып отыр. Ауылдықтар тынығатын орынды баяғыдан сұрап жүрсе керек. Дәмхана, балаларға арналған ойын автоматтары, шағын қонақ үй, тіпті бильярд залы бар мұнда.

Жергілікті билік те елді мекендерге көңіл де, ақша да бөліп жатыр, Алайда ауылдағы кәсіпкерлер де қол қусырып отырмаулары тиіс деді облыс әкімі. Гүлдендіруге шама-шарқынша көмектесулері керек. Өйтпесе, жағдайы нашар ауылда кім қалады?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

​- Ауылдастарының жағдайын жасауға тырыспаса, шаруадан не пайда? Аграрий ақша табуды ғана ойламай, өзі еңбек ететін елді мекенде тұрып, мұндағы адамадармен бір құдықтан су ішіп, бір ауамен дем алуы тиіс. Әлеуметтік жауапкершілігі төмен кәсіпкерлер бар бізде. Олармен әкімдік бірлесе шаруа тындыруға тырысатын болады.

Бұдан бөлек, өңірді дамытудың кешенді жоспары да бар емес пе? Оның аясында келер жылы облысқа 32 жедел жәрдем көлігі алынбақ, дені ауылдарға беріледі. Одан қалды, 2020-да 50 елді мекенге су құбырлары тартылады. Әкімнің айтуынша, жол жөндеуге де қыруар қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, ауыл балаларын мектепке таситын 32 автобус алу жоспарда бар.

Саят Ермек

***************
Олар отқа да, суға да түседі. Қыстың қытымыр аязы мен жаздағы аптап ыстықта да адамдарды құтқару үшін өз өмірлерін қатерге тігуге дайын. Қауіпті де жауапкершілігі мол қызмет иелері жылына жүздеген адамның өмірін өлім аузынан арашалап қалады.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Жыл басынан бері өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 2 мыңнан аса апаттық-құтқару жұмысына шықты. Олар 200 адамды құтқарып, қауіпті аймақтан 1800 тұрғынды эвакуациялады. Сіздердің адал да, абыройлы қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын.

Бүгінгі жиында сол қайсар жандар ерекше қошеметке бөленді. Оларға Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің атынан арнайы атақ-дәреже мен мадальдар табыс етілді. Ал Ұлттық ұлан Әскери институты 1-ші оқу взводының командирі Мағжан Қалықовқа екінші дәрежелі “Ұлттық Ұлан қызметінің үздігі” атты төсбелгі мен төтенше жағдайлар департаменті бастығының атынан алғыс хат табысталды. Азамат қараша айының 15-сі күні Есіл ауданында отқа оранған үйдің ішінен 5 бірдей газ баллонын жалғыз өзі алып шыққан.

Мағжан Қалықов – ҚР ҰҰ Әскери институты 1-ші оқу взводының командирі:

– Есіл ауданы Ақтас ауылында бір тұрғын үйден өрт шықты. Мен ол кезде ауылға демалысқа барған едім. Өрт сөндіру кезінде ең қауіптісі газ баллоны болды. Үйдің ішіндегі 5 баллонды сыртқа алып шығып, жарылыстың алдын алдым.

Батылдық, қиындықтан қорықпау. Бұл – Владимир Воробьёвтің өмірлік ұраны. Мамлют ауданының тұрғыны осыдан бір ай бұрын қос адамның өмірін өлімнен аман алып қалды. Бүгін оған және жарына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің атынан «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды.

Владимир Воробьёв – Мамлют ауданының тұрғыны:

 – Көшеде кетіп бара жатып көмекке шақырып жатқан дауыс естідім. Анықтап қарасам, екі мектеп оқушысы суға батып бара жатыр екен. Жүгіріп бардым. Жағаларынан ұстап алып жағаға қарай сүйреп шығардым. Артымнан әйелім келе жатыр екен. Балалар қатты тоңып қалыпты. Оларды жылдам үйге алып кеттік.

Жалпы, жиында 30-дан аса адам марапатталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Бердимурат Баймухан

 *****************

Желтоқсанның 16-ы – Еуразияның жүрегінде талай ұлтты тал бесігінде тербетіп отырған Қазақстанның Тәуелсіздігі күні. Мерекені елімізді мекен еткен барша жан дүркірете атап өтеді. Егемендіктің 28 жылдығына орай жергілікті жұртшылық City Mall сауда-ойын-сауық орталығына жиылды.

Сахнада облыстық филармонияның өнерпаздары дүйім жұртқа әуелеген әннен шашу шашты. Кейін ортаға мың бұралған бишілер шығып би биледі.

Сосор Киймашева 4 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Бір жыл бұрын Петропавлға Жамбыл облысынан көшіп келіпті. Келіншек перзенттерімен бірге Тәуелсіздік мерекесін дәл Қызылжар өңірінде алғаш рет тойлап отыр.

Сосор Киймашева – қала тұрғыны:

– Өңір жұртшылығы – өте мейірімді жандар. Аз уақыттың көпшілігімен туыстай болып кеттік. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құтықтаймын!

Ел Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған шараға жиылған қауымның қатары қалың болды.

Айта кетейік, мерекелік концерт 4 сағатқа созылды.

Маржан Касымбек

 *****************

Қызылжар аудандық мәдениет үйінің акт залы адамға лық толы. Мұнда ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Алдымен жиында жеткен жетістіктер айтылды. Мінберден сөз алған аудан әкімі Жанат Сәдуақасов жоспармен де бөлісті. Кейін, кезек марапаттау рәсіміне келді. Мерекелік кеште түрлі деңгейдегі жарыстарда көк туымызды желбіретіп жүрген палуан Аманғали Бекболатовқа су жаңа үйдің кілті табысталды. Баспана Бәйтерек ауылында орналасқан. Қызылжарлық спортшы қонысына жақында көшпекші.

Аманғали Бекболатов – грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қызылжар ауданы:

– Бұйырса, алдағы уақытта өзімнің жан жарым, кішкентай қызыммен сол үйге көшемін. Әрі қарай күресіп, үлкен жетістіктерге жетуге тырысамын. Тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл толып отыр. Мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Мұны біз ұмытпауымыз керекпіз.

Ал Елена Мещеркина аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ол ұзақ жылдардан бері қаламыздағы Өнер колледжінде студенттерге сабақ береді әрі нәзікжанды Бескөлдегі музыка мектебінде еңбек етеді. Сонымен қатар, жерлесіміз жергілікті мектептегі кітапхана қорының толығуына үлес қосып жүр.

Елена Мещеркина – Өнер колледжінің оқытушысы:

 – Мен мектеп кітапханасына “Простите нас, журавушки” атты кітаптың 10 данасын алып келдім. Оны әкем жазған. Туындыда туған жер жайлы баяндалады. Жастар осы еңбекті оқып, елін, жерін сүйетін патриот болып өссін деймін. Мереке құтты болсын!

Марапаттау рәсімінен соң ортаға облыстық филармонияның өкілдері мен аудандық өнер ұжымдары шықты. Олар ән-жырдан шашу шашып, билеп, кештің сәнін келтірді.

Култанов Байболат

*****************

Міне, осы жерде қазақтың қаршадай қызы мамандардың көзіне түседі. Ол атақты Нәдия Шәрипова сынды ұстаздардан тәлім алып, әбден ысылады, өзінің кең диапазонды дауысын қалыптастырады. Осылайша киелі сахнаға қадам жасап, біраз жылдар опера жанрында ән шырқайды. Ал бертін келе жерлесіміз шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Бұл еңбегі үнемі еленіп жүр. Бүгін де бағаланды. Мерейтой иесіне облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасын табыс етті.

Роза Кашенованың мерейтойлық кешінде ән-жырдан шашу шашылды. Дарынды жерлесіміздің кешегі және бүгінгі шәкірттері түрлі жанрдағы туындыларды құлақтың құрышын қандыра орындады. Мың бұралған ұл-қыздар би де биледі. Бұл шарада солтүстікқазақстандық көрермендер шеттен келген таланттардың да өнерін тамашалады.

Азамат Жылтыркөзов – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Астана Опера» театрының шақыртылған солисі. Елордалық өнерпаз Роза Кашенованың шәкірттері білімді де білікті екенін атап өтті.

Азамат Жылтыркөзов – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Роза Әбутәліпқызы басқарып отырған колледжді бітіріп, бізде Астанаға келіп, оқуын жалғастырып, қазір «Астана Опера» театрында еңбек істеп жатыр. Мемлекеттік филармонияда жұмыс істеп жатыр. Роза Әбутәліпқызы – өте сабырлы, салмақты, қарапайым, өнерлі, өнегелі кісі деп айтуға болады.

Кеш барысында мерейтой иесінің шәкірттерімен тілдестік. Олардың барлығы бірауыздан ұстаздарын ерекше сыйлайтындықтарын айты.

Иса Әлимұсаев – әнші:

– Мен 2011-ден 2015 жылға дейін Роза Әбутәліпқызының шәкірті болдым. Ұстазымнан көп білім алдым. Осы кісіде оқығаныма өте қуаныштымын. Ол жайлы үнемі айтып жүремін. Өз басым анамдай қатты сыйлаймын.

Роза Әбутәліпқызы Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған концертіне зал толы көрерменнің, достары мен артынан ерген ізбасарларының келгеніне ырза болды.

Роза Кашенова – Өнер колледжі – музыкалық – эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп – интернатының директоры, ҚР мәдениет қайраткері:

 – Бір кездері бүгінгі кеште өнер көрсетіп жатқан балаларды оқуға қабылдадым. Олардың дауыстарын қоюға ат салыстым. Қазір сол жандар менімен бір сахнада жүр. Бұған өте қуаныштымын. Барлық тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

Мерейтой иесі кеш соңында бірнеше туынды орындап, зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Култанов Байболат

*****************

Әуесқой командалар арасындағы хоккей жыл сайын ұйымдастырылады. Жеткіншектер қала әкімінің кубогін сарапқа салады. Жарысқа қатысуға 8 команда ниет білдіріпті. Олар – қаладан және көрші аудандардан келген құрамалар.

Виктор Бондаренко – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Жарысқа қатысушыларды лиганың ашылуымен құттықтаймын. Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған сайыста ең мықты команда жеңіске жетсін. Мұндай жарыстар өңір жастары арасында спорттың дамуына үлкен сеп болады.

Жарыстың тартысты кездесулері де басталды. Алғаш болып айдынға «Қызылжар» мен «Тұлпар» құрамалары шықты. Қызылжар ауданынан келген хоккейшілер бірден басымдық танытты. Осылайша ойынның 5-ші минутында гол соғып, есепті ашты.

Дәл осы қарқынмен “Қызылжар” құрамасы қалған 2 периодта да жақсы ойын көрсетті. Жеткіншектер петропавлдық «Тұлпар» құрамасына қарсы өткізген кездесуді 3:1 есебімен тәмамдап, жеңіске жетті.

Ернар Нұрланов – “Қызылжар” командасының ойыншысы, Қызылжар ауданы:

– Қарсыластарымыз жақсы дайындалып келген екен. Бұл команда былтыр 1-ші орынды иеленген болатын. Осы жолғы турнирде біз де жеңіске жетуге тырысамыз.

Қала әкімінің кубогі үшін өтіп жатқан лига аясындағы ойындар наурыз айына дейін жалғасатын болады.

Бердимурат Баймухан