МТРА жаңалықтарыҚоғам

Картамен төлем жасау көрсеткіші артып келеді

Өңірде соңғы 3 айда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу деңгейі 30 пайызға дейін жетті. Бұл – Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары жүргізген тексерістің нәтижесі. Тағы 9 мың кәсіпкер пайдасын жасырмай, салық төлеп, POS-терминалдарды орнатуға міндеттелген.

Қолма-қол ақша жоқ, барлығы – картада. Бүгінде бұл – жастар үшін үйреншікті дүние. Ал аға буын өкілдерімен жағдай басқаша. Сауда жасаймын десе, олар проблемаға кезікпес. Бірақ, қолма-қол ақшасыз шыққандар үйлеріне жиі құр қол қайтып жатады. Себебі, Петропавлдың өзінде дүкендердің барлығында бірдей терминал орнатылмаған. Кәсіпкерлер бұл шаруаны атқарып, тұтынушылар үшін жағдай жасауға да асықпайтын көрінеді.

–  Төлем жасау картамен оңайырақ. Астанада жиі осылайша сауда жасаймыз. Ал мұнда қолма-қол ақшамен жүру керек.

– Картамен супермаркет пен дүкендерде төлеген ыңғайлы. Ал базарға баратын болсақ, қолма-қол ақшамен барамыз. Негізі, картамен жеңілірек қой.

–  Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу біз үшін тиімді. Алайда, картаға сеніп дүкенге барсақ, бетімізді қайтарып жібереді. Осындай жағдайларға жиі тап боламын.

Бұндай жағдайға Анита Нетесова да кезіккен. Қолма-қол ақшасыз сауда жасауға барғанда, ол таңдап қойған дүниесінен бас тартуға мәжбүр болған көрінеді. Бұдан талай жыл ер адамдарға арналған киім-кешек сатумен айналысатын кәсіпкерге өзінің де дүкенінде терминал орнату туралы ой келіпті. Тұтынушыларының да дені картамен төлем жасамақ болып ниеттенген екен. Сондықтан, келушілерді банкоматқа жібермес үшін Анита 3 ай бұрын терминал орнатты.

Анита Нетесова – кәсіпкер:

–  Екінші деңгейлі банктердің бірі арқылы терминалды тегін орнатуға мүмкіндік барын естідім. Басты талап – ай сайын қолма-қол ақшаны есепке алмағанда 200 мың теңгенің саудасын жасау қажет. Бұл – біздің қолымыздан келетін меже. Тұтынушыларымыз да риза. Әрі саудаларын жасап, әрі ол үшін өздеріне бонус жинайды.

Бүгінде өңіріміздегі 9 мыңға жуық кәсіпкер POS-терминалдарды орнатуға міндеттелген. Алайда, оны орындауға іскер жандардың барлығы бірдей ниетті емес. Бұның да өз себебі бар. Бизнесмендердің кейбірі сауданы жасырын түрде жүргізетін көрінеді. Яғни, тапқан табысының сомасын әшкерелемейді. Керісінше, оны азайтып көрсетеді. Осылайша, салықты аз төлеп, өзі заңсыз пайдаға кенелуі мүмкін. Енді айласын асырып отырған кәсіпкерлердің қитұрқы әрекеттеріне балта шабылмақ. Әрине, егер әрбірі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға мүмкіндік жасамайтын болса.

Әлия Оспанова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы:

– ҚР Үкіметінің жарлығына сәйкес, терминалдарды орнату шаралары 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Құрылғы болмаған жағдайда кәсіпкерлерге алдымен ескерту жасалады. Егер іскер азамат құлақ аспаса, айыппұл салынады. Оның көлемі шағын, орта және ірі бизнес өкілдері үшін әр түрлі. Әкімшілік жауапкершілік 101 мыңнан басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді.

Пайдасын жасырмай, салық төлеп, оған қоса тұтынушылары үшін жағдай жасайтын бизнесмендердің саны өңірде соңғы 3 айда 30 пайызға дейін жетті. Көрсеткіштің өсуіне жыл басынан жүргізілген тексерістер де септескен екен. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мұндай 270-тен аса шара өткізіпті. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны да осынша. Біріне ескерту жасалса, енді біріне айыппұл салынған.

Эльмира Садвокасова