Бүгін СҚО-тық мәслихатының 34-ші сессиясы өтті. Жиында депутаттар қауымы 2020-2022-ші жылдарға арналған облыстық бюджетті бекітті. Алдағы кезеңге бұрын-соңды тіркелмеген қомақты қаржы бөлініп отыр. Келер жылы өңір қазынасына мемлекеттен бағытталған қаражат көлемі биылғыдан 1,5 есеге көп болмақ.
Миллиондар, миллиардтар! Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың баяндамасы тек сандардан тұрады. Оның сөзінше 2020 жылы өңір бюджеті өте қомақты болмақ. Себебі, мемлекет өңір қазынасына бұрын-соңды тіркелмеген үлкен көлемдегі қаражат бағыттапты.
Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Мемлекеттен өңір қазынасына 2020 жылға деп 142 млрд 629 млн теңге бөлінді. Бұл үстіміздегі жылдағыдан 1 жарым есеге көп. Қазіргі күні 2021 және 2022 жылдарға арналған субвенция, яғни үкіметтен бағытталған ақша көлемі де белгілі. 2021-де көрсеткіш – 141 млрд 544 млн, ал 2022-де 141 млрд 829 млн теңгені құрап отыр.
Айта кетейік, бұл – тек мемлекеттен бөлінген сома. Қаржы саласында меншікті түсім деген де болады. Бұл – облыс және қала мен аудан қазыналарындағы қаражат. 2020 жылы оның көлемі 42 млрд 668 млн-ды құрап отыр. Осы және өзге де кірістерді қоса есептегенде өңіріміздің жалпы бюджеті 252 млрд теңгеге жетпек. Енді осы ақшаның басым көпшілігі қай салаға бағытталады? Мұны Наталья Дышкант түсіндіріп берді.
Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– 2020 жылы облыстың білім саласына 85 млрд 864 млн теңге бағытталады. Өзімізге жақсы мәлім, биыл өңіріміздегі 120-дан аса білім беру нысаны жөндеу көрді. Келесі жылы мұндай шаруа өз жалғасын табады. 2020-да 46 ғимарат қайта қалыпқа келтіріледі. Іске 3 млрд теңге жұмсалмақ. Тағы, оқулықтар сатып алуға 563 млн теңгеден астам ақша бөлінбек.
Білім беру нысандарын бейнебақылау құралдарымен қамтуға да қомақты қаржы бағытталмақ. Мемлекет басшысы ұстаздардың жалақысын өсіруді міндет етті. Енді алдағы 4 жылда мұғалімдердің табысы 2 есеге ұлғаяды. Бұл тапсырманы өңірімізде орындау үшін аққайыңдар өлкесіне 14 млрд 477 млн теңге бағытталыпты.
Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына бағытталған қаржы 4 млрд 705 млн теңгені құрады. Оның басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінді. 2020 жылы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасын табады. 13 аудандық аурухана мен қаладағы 3 емхананы күрделі жөндеуге, 18 бірлік көлік сатып алуға 2 млрд 622 млн-нан аса ақша бағытталды.
Ал мәдениет саласына 4 млрд 780 млн теңге бөлінеді. Қаржының бір бөлігі мамандардың табысын ұлғайтуға жұмсалмақ. Себебі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметкерлердің жалақысын 35 пайызға өсіруді жүктеген болатын. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шамамен 6 жарым млрд-тай қарастырылған. 2020-да Петропавлдың ажары одан бетер ашыла түспек. Қаланы абаттандыруға 2 млрд-тан аса ақша бөлінбек. Шаһарға автобустар алуға 750 млн теңге бағытталады. Оған қоса, ҰОС-ның 75 жылдығын тойлауға 9 жарым млн-ға жуық қаржы бөлінеді. Жиын соңында залға жиналған депутаттар бірауыздан қолдау білдіріп, алдағы 3 жылға арналған облыс бюджетін бекітті.
Байболат Бектемірұлы