Қоғам

Жаңа жыл қарсаңында шыршаларды күзету күшейтілді

Жаңа жыл қарсаңында бақылау артты. Қазір солтүстікқазақстандық қорықшылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде құрылған 98 мобильді топ пен 22 бекеттегі мамандар күн-түн демей кезекшілік атқарып, табиғат аясындағы шырша ағашының кесілмеуін қадағалауда. Іспен толық танысу үшін арна тілшісі Байболат Бектемірұлы Қызылжар орман шаруашылығында болып қайтты.

–  Жаңа жыл жақындап қалды. Енді бір-екі аптадан соң қызу дайындыққа кірісеміз. Яғни, мерекеге арнап азық-түлік аламыз, жақындарымызға деп сыйлықтарымызды әзірлейміз. Әрі мейрамның басты көркі жасыл желекті безендіреміз. Қазір адамдардың көбі мынадай жасанды шыршаны таңдайды. Бірақ, кейбір жандар дүкендегі дүниеге ақша құртып, шығындалғанша, орманға барып, қылқанжапырақты жас ағаштарды кесуді жөн санауы мүмкін. Ал бұған заң бойынша рұқсат етілмеген.

Қандай да бір тұлға табиғатқа залал келтірсе, заң алдында жауап береді. Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік іс қозғалып, оған айыппұл салынады. Мысалы, азамат 1 метрлік бір түп шыршаны кесті делік. Мұндай жағдайда ол 37 875 теңге төлеуге міндеттеледі. Ал жығылған қылқанжапырақты ағаш ерекше қорғалатын аумақта болса, онда өтелетін сома 50 мыңнан асып түседі.

–  Осы орайда мынаны ескеру қажет. Жаңа ғана айтылған айыппұлдар тек 1 метрлік шырша үшін салынады. Егер ағаштың биіктігі 100 сантиметрден асып түссе, онда тиісінше әкімшілік жазаның көлемі де ұлғаяды. Мәселен, қосымша әр метрге 1 айлық есептік көрсеткіш – 2525 теңгеден қосылады.

Аумақ түгел қаралды, көзге ешкім көрінбейді, ешқандай із жоқ. Қазір Қызылжар орман шаруашылығында бақылау күшейтілген. Мұндағы мамандар күн-түн демей еңбек етіп, 68 107 гектарды кірпік қақпай күзетуде. Олег Дорогаевтың қорықшы болып жұмыс істегеніне жылдан асыпты. Азамат осы уақыт ішінде бірде-бір заңбұзушылық фактісі орын алмады дейді.

Олег Дорогаев – «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ қорықшысы:

– Кезекшілікке таңғы 9-да түсеміз. Әр 2 сағат сайын өзімізге бекітілген аумақты аралап шығамыз. Кейін бірден орталыққа мән-жайды хабарлаймыз. Жұмысымыз аса қиын емес, бірақ өте жауапты. Өзіме ұнайды. Былтырдан бері шырша кесу фактілері тіркелмеді. Алдағы уақытта да солай боларына сенемін.

Қорықшы сенемін деп бекер айтпады. Ол табиғатты сүйемін, сол себепті ағаштың бей-берекет кесілгеніне қарсымын деп ағынан жарылды. Қазіргі күні Қызылжар орман шаруашылығында Олег сынды 40 маман бар. Атқаратын шаруалары – қаңтардың 1-іне дейін аумақты күзету, құқық бұзушылар анықталса, орталыққа хабарлау.

Қайрат Қалықов – «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ директоры:

– Петропавл қаласының маңында 3 орман күзету бекеті орналасқан. Оған қоса 11 рейдтік мобильдік топтар орналастырылған. Барлық қызметкерлер көлікпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Іске 41 адам тартылған.

Қазіргі күні жалғыз Қызылжар ауданында ғана емес, күллі өңіріміздегі орман шаруашылықтарында бақылау күшейтілген. Бүгінде әр жерде бекеттер бар, арнайы топтар жұмыс істеп жатыр.

Қайролла Байтеңізов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Облыс бойынша 98 мобильді топ және 22 бекет бар. Мобильді топтар кешке қарай тексеріске шығады. Олардың құрамында облыстық орман шаруашылығы инспекциясының өкілдері, полицейлер болады.

Мамандардың сөзінше Жаңа жыл қарсаңында өңірімізде шырша кесілмейді емес, кесіледі. Биыл арнайы тапсырыс бойынша мерекеге орай 220 ағаш ұйымдарға берілмек. Сөз соңында айта кетейік, орманды отау – бір сағаттық, тіпті бірер минуттық шаруа. Ал айналаға көрік беретін, оттегі бөлетін жасыл желек жылдап өсетіндігін ұғынған жөн. Сол себепті, ортақ міндетіміз – табиғатты аялайық.

Култанов Байболат