Ауыл шаруашылығы

Неміс компаниясы тыңайтқыштың жаңа түрімен таныстырды

Неміс компаниясы солтүстікқазақстандық диқандарды фунгицидтің жаңа түрімен таныстырды. Шетелдік мамандар препарат  дақылдарды өсімдік ауруларынан қорғап, өнімділікті арттырады деп сендіріп отыр. Өсімдіктің тұқымына немесе жапырақтарына себілетін дәрі әлемнің көптеген елдерінде танымал көрінеді.

Петропавлдағы мейрамханалардың бірі. Сенбілік таңда мұнда солтүстікқазақстандық аграрийлер жиналуда. Жоқ, бұл диқандардың кезекті форумы емес. Шаһарға немістің “ВАSF” компаниясының өкілдері келді. “ВАSF” – агрохимия саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Жергілікті шаруаларға концерн “Ксемиум” атты препаратты таныстыруда.

Пол Кавелл – “BASF” компаниясының техникалық менеджері, ГФР:

– “Ксемиум”-ды бидайға да, майлы және бұршақ дақылдарына да қолдануға болады. Препаратты тұқымға немесе алқаптағы өсімдіктің жапырақтарына себу керек.

Пол Кавелл – компанияның техникалық менеджері. Сөзінше, бұл фунгицид – агрохимиялық өнеркәсіптегі революция! “Ксемиум” алқаптардағы дақылдарды түрлі өсімдік ауруларынан қорғайды дейді ол. Ең бастысы, өнімділік орта есеппен 10 пайызға дейін артуы тиіс.

Пол Кавелл – “BASF” компаниясының техникалық менеджері, ГФР:

– Бұл жай ғана фунгицид емес. Ол – өсімдіктің тамыр жүйесін де өсіретін препарат. Нәтижесінде дақыл аурулардан сәтті қорғанып қана қоймай, мол өнім де береді. Дәрінің ешқандай жанама әсері жоқ.

Көптеген агрохимиялық сынақтардың нәтижесі бұған дәлел. Басты артықшылығы сол – препарат дақылға әп-сәтте әсер етеді екен. Қарапайым тәжірибе: мына ақ қағазды өсімдік жапырағы не тұқымы деп елестетейік. Оған тамызылған манағы “Ксемиумның” бір тамшысы лезде сіңіп кетті. Мұны қарапайым ультракүлгін шамның көмегімен тексеруге болады.

Немістің препаратына солтүстікқазақстандық диқандар келесі жылдан бастап тапсырыс бере алады. Компания дестрибьюторлар арқылы жұмыс істейді. Бағасы, компания өкілдерінің сөзінше, ірі агроқұрылымдар үшін де, шағын шарушылықтар үшін де қолжетімді. Өнім осымен үшінші жыл Ресейде саудаланып келеді екен. Қазір “Ксемиум” көрші елде аса танымал көрінеді. Ал Қазақстанға препарат жаңа келіп жатыр. Концерн өкілдері оны еліміздің астықты өңірлерін аралап, таныстыруда. Әзірге, олар Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстарында болған. Кезекте – Ақмола мен Қостанай өлкелері.

 

 

 

 

Саят Ермек