МәдениетҚоғам

Қылқалам шеберлерінің картиналары көрмеге қойылды

Әсем табиғат, ауыл көрінісі, жеміс-жидек! Солтүстікқазақстандық қылқалам шеберлерінің картиналары жұртшылық назарына ұсынылды. Бүгін тұрғындар жергілікті суретшілердің 50-қа жуық еңбегін тамашалады. Бейнелеу өнері музейінде қанат жайған көрме 2 айға созылмақ.

Қыс пен жаз және күз бен көктем. Мына жерде ілулі тұрған табиғат мезгілдерінің көрінісін Валерий Савельев қағаз бетіне биыл түсіріпті. Бір қызығы суретші картиналарды далада салады екен. Сонда шабыттанатын көрінеді. Бүгінгі күні жерлесіміздің жүздеген туындысы бар

Валерий Савельев – ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Кез-келген суретші өзінің көргенін ғана емес, жұрт білуі тиіс дүниелерді қағаз бетіне түсіреді. Әр суретте жасырылған бір жұмбақ болады. Оны табу үшін картинаға ұзақ уақыт қарап, оны зерттей алу қажет. Сонда ғана туындының астарын түсінуге болады. Мен өзім өңіріміздің табиғатын бейнелегенді ұнатамын. Аймағымыздың барлық әсем жерлерін сурет арқылы көрсеткім келеді.

Көрмеге қойылған суреттер әртүрлі жанрда салынған. Біреуінде адам, ал екіншісінде ауыл тұрмысы, үшіншісінде қыс пен жаз мезгіліндегі әсем табиғат бейнеленген. Қарап тұрсаңыз тура бір балалық шақ көзге елестейді. Туындылардан көз алмау мүмкін емес. Әр картинадан өз жаныңызға жақын бір нәрсені табуға болады. Тіпті, салқын мен жылы бояулардың өзі ерекше үйлесім тапқан. Көрмеге келген жұрт қылқалам шеберлерінің осы бір әсем еңбектерін зейін қойып, мұқият тамашалауда.

Өңірімізде суретшілердің бар болғаны қандай жақсы. Көрмеден керемет әсер алдым. Маған барлығы ұнады.

– Мен дизайнер мамандығында оқимыз. Біздің саламыз суретшілермен ұқсас. Сол үшін бүгінгі көрмеге келіп, мамандардың жұмыстарымен таныстым.

Қазақстан Республикасының суретшілер одағына 14 теріскейлік мүшелік етеді. Олар жыл сайын қаламыздағы Бейнелеу өнері музейінде көрме ұйымдастырып, төл туындыларын көпшілік алдына шығарады.

Марат Қожахметов – ҚР Суретшілер одағы СҚОФ төрағасы:

– Бүгін ҚР Суретшілер одағының мүшелері бұл көрмені ашып отыр. 2015 жылдан бастап жыл сайын осы көрмені ашамыз. Мұнда 9-суретшінің жұмысы қойылған.

Жалпы, көрмеге қылқалам шеберлерінің 50-ге жуық картинасы қойылды. Суреттерді тұрғындар 2 ай көлемінде тамашалай алады.

Бердімұрат Баймұқан