“Qulager” командасы ел біріншілігі аясындағы 31-ші ойынын өткізді. Кеше олар өз айдынында “Астана” құрамасын қабылдады. Кездесу барысында петропавлдық хоккейшілер Нұр-Сұлтаннан келген қонақтарды 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнирлік кестенің 7-ші сатысына көтерілді.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ құлагерліктер шабуылға басты. Осы қарқынмен жерлестеріміз ойынның 11-ші минутында есеп ашты. Родион Жарких берген пастан кейін Филип Святына шайбаны қарсыластардың қақпасына дәл бағыттады. Есеп 1:0.
Кейін дәл осы айналымда жерлестеріміз қонақтарға тағы 2 гол соғып, алғашқы периодты 3-0 есебімен жапты.
Құлагерліктер бүгін өте ширақ көрінеді. Жерлестеріміз Нұр-Сұлтаннан келген қарсыластардың таяғына шайбаны іліктірмей қойды десек те болады. Осылайша ойынның 2-ші айналымы да петропавлдық құраманың пайдасына шешілді. Михаил Попов пен Алексей Грищенко соққан голмен есеп 5:0 болды.
– “Qulager” командасы жарады. Жақсы ойын көрсетіп жатыр. Әр ойынды өткізбей келіп тамашалап отырамын. Құлагерліктердің осындай ойын көрсетпегеніне біраз уақыт болды. Бүгін хоккейшілер пасты жақсы беріп жатыр. Алдағы уақытта да осы алған беттерінен таймаулары керек.
Міне, кезесудің соңғы айналымы басталды. Петропавлдықтар айқын басымдықпен алда келе жатыр. Бірақ ойыншылар мұнымен тоқтап қалғылары келмейтін көрінеді. Жерлес хоккейшілер бірінен соң бірі қарқынды шабуыл жасап, есепті еселей түсті. Ақырғы айналымда құлагерліктер қонақтардың қақпасына тағы 3 шайбаны дәл дарытып, команданы айқын басымдықпен алға шығарды. Есеп 8:0.
Александр Троицкий, “Qulager” ХК бас жаттықтырушысының міндетін атқарушы:
– Біздің команданың ойыншылары шабуылда айқын басымдық танытты. Шайбаны қарсыластардың қақпасының маңында ұстауға тырысты. Бұл кездесудегі тактикамыз осы еді. Жанкүйерлерге рахмет. Ұтсақ та, ұтылып жатсақ та барынша қолдап отырады.
Жерлес құрама ойын нәтижесі бойынша турнирлік кестеде 7-ші орынға көтерілді. Алда әлі қарымта кездесу бар.
Бердимурат Баймухан